Қазір қоғамның бар ауыртпалығы мұғалімнің мойнында

Қазір қоғамның бар ауыртпалығы мұғалімнің мойнында

«Мұғалім оқушыға қол көтерді», «оқушы оқытушыны келеке етті». Осы сарындас ақпараттар жиі қылаң беріп жүр. Сабақ үстінде мұғалімін жабыла мазақ еткен оқушылардың «әуесқой» бейнеролигі де әлеуметтік желідегі жұрттың жағасын ұстатқан. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» дегенді естен шығарып алдық-ау, шамасы. Ұстазға деген құрмет неге төмендеді? Оқытушы неге өзін сыйлата алмай жүр? Ұстаз бен шәкірттің ортақ тіл табысуына қандай кедергілер бар?

СІҢЛІНІҢ НАЗЫ
Сөздің әлқиссасын осы тақырыпты жазуға түрткі болған кездесуден бастасақ.
Жұмыстан шығып, күнделікті дағды бойынша №35-автобусқа міндім. Соңғы қатардан бір таныс жүз көзіме оттай басылды. Ол да мені таныған сияқты, бейғам отырған қыздың жүзі құбылып сала берді. Таңданысқа ұқсас сұраулы кескін. Мектепте бір сынып төмен оқыған Жанат есімді сіңлім екен. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқып жүр дегенді естігенім болмаса, Алматыға келгелі алғаш рет көруім. Алып шаһар Алматыдан ауылдастарыңды кезіктірсең, туғаныңды көргендей мәз-мейрам боласың ғой. Екеуміз кішкентай автобусты басымызға көтеріп, қауқылдасып кеттік. Жанат биыл ҚызПУ-дың филология факультетін тәмамдайды екен. Әуезов ауданына қарасты орта мектепте өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенін айтты. «Бес минутсыз мұғалім» мектептен қайтып келе жатса керек, жүзі шаршаңқы. Сөзіне қарап, жүрген ортасына көңілі толмайтынын аңғардым.
«Мектеп ұжымына қатты қарным ашты. Бір жолы тәртіпсіздік жасаған оқушының ата-анасын шақыртқанымыз үшін қатаң сөгіс алдық. Сөйтсек, бұл дұрыс емес екен. «Практиканттар тыныш жүрсін» депті басшылық. Есіктен кірмей жатып, төр менікі дейтін ойымыз жоқ. Бәлкім біздікі қателік болған шығар. Бірақ оқушыларды бетімен жіберуге болмайды ғой. Бала басына шығып, әңгіртаяқ ойнатып жатса да мұғалім үндемеуі керек екен. Оқушыға дауыс көтерсе, ата-анасына шағымданса, бірінші өзінің, екінші мектептің имиджіне нұқсан келетін көрінеді. Тәртіп болмаған жерде білім қайдан болсын? Осындайды көріп, мұғалім болғың келмей қалады екен», – деп кейіді. Тәжірибеден өтуге келген студенттерге жетекшілік ететін мұғалімге де өкпесі қара қазандай: «Ата-анасына айтып бәле қылады, ұру былай тұрсын, ұрыспаңдар, қатты сөйлемеңдер», – деп бізге қайта-қайта ескертті. Мұғалім солай деп қалт-құлт етіп тұрса, оқушы оны қайтіп сыйласын? Оларды да түсінуге болады, жеп отырған нанынан айрылып қаламыз деп ойлайды-ау шамасы», – деп аялдамаға жеткенше назын айтты. Уақыт тауып, тағы әңгімелесуге уағдаластық та, қоштастық.

ҰСТАМСЫЗ ҰСТАЗДАР КӨБЕЙДІ
Ертеңіне ақпараттық сайттар Алматыдағы Автомеханика колледжі мен Ақтөбедегі орта мектептің бірінде орын алған келеңсіз оқиғаны жарыса жариялап жатты. Кездейсоқтық шығар бәлкім. Бірақ Жанаттың «журналиссің ғой, осы тақырыпты неге жазбайсың?» деген сөзі ойыма еріксіз оралды.
Автомеханика колледжінің студенті оқытушы мен шәкірт арасындағы кикілжіңді ұялы телефонға жасырын түрде түсіріп алып, әлеуметтік желіге салып жіберген. Ақпарат құралдарын шулатқан видеода мұғалімнің боқтыққа толы айқайы мен студентке қол көтерген сәті анық көрінеді. «31-арна» тілшілері түсірілімге барғанда, колледж басшылығы болған жайды мойындап, дөрекілік көрсеткен мұғалімнің жұмыстан босатылғанын айтқан. Журналистер келеді дегенді естіп, Алматы қалалық білім басқармасының маманы Ләззәт Жылқыбаева да Автомеханика колледжінен табылыпты. Сырт көзден жаманын жасырып, жақсысын асыруға тырысқан оқу орнының директоры «біліктілігі төмен» деген желеумен тағы төрт мұғалімді жұмыстан шығарып жіберген. Сонда оларды жұмысқа қабылдар кезде қайда қараған? Біліксіз, оның үстіне кәсіби этикадан мақұрым маманды жұмысқа алғаны үшін директор неге жауапқа тартылмайды? Объективке түсіп қалған жалғыз оқытушыға жабылып шүйліккен де, ешкім мәселенің байыбына баруға тырыспаған сыңайлы. Шындығында, тәртіпке шақырам деп дауыс көтеретін, дауысы жетпеген жерге қол көтеретін мұғалімдердің саны көп болуы бек мүмкін. Өйткені көлік жөндеу шеберлері мен темір ұсталарын даярлап шығаратын колледжде оқитын 700-ден астам студенттің барлығы дерлік ұл балалар екен. Тәртіп мәселесінің күн тәртібінен түспейтінін директордың өзі мойындаған.
Осы мазмұндас екінші оқиға Ақтөбе облысындағы №51 мектеп-гимназиясында орын алды. Алтыншы сынып оқушысы Темірлан Ізбасаров география пәнінің мұғалімімен ерегісіп қалған. Ашуға булыққан оқытушы шәкіртін жұдырықпен түйіп жіберіпті. Соның салдарынан 12 жасар баланың миы шайқалып, бас жарақатымен ауруханаға түседі. Кикілжіңге себеп болған – парта. Ия, кәдімгі оқушылар партасы. «28 желтоқсанда екінші сабақтан соң үзіліс кезінде апай партаны алып кетпек болды. Біз онсыз да үш адам бір партада отырамыз. Мен қарсы болдым. Ол маған ұрысып: «Өзім білемін, шаруаң болмасын»,– деді. Мен қарсыласқан соң жұдырықпен бірнеше рет ұрып жіберді», – деп Темірлан «КТК» тілшілеріне болған жайды баяндап берген. География пәнінің мұғалімі Гүлдәурен Нағымет оқушысына қол көтергенін жасырмапты. Бірақ оқушының ауруханаға түсетіндей жарақат алмағанын айтып ақталған: «Сол күні акт залында жиналыс өтетін болды. Хатшы отыратын үстел керек болғандықтан, мен сол сыныптағы бос тұрған соңғы партаны алмақ болған едім. Темірлан маған қарсы шығып, дөрекі сөйледі. Мен оны нұқып қалдым. Бірақ миы шайқалатындай соққы алған жоқ»,– дейді ұстаз. Мектеп директоры оқушыны да, оқытушыны да жазалапты. «Темірлан Ізбасаровтың тәртібі өте нашар. Оқушы өзіне қарсы шығып тұрған соң мұғалім шыдамай кеткен болар. Бірақ екеуін де жазаладым. Темірланды жиналысқа салып, мұғалімге қатаң сөгіс бердім» – дейді директор Әлия Бегімова. Бірақ Темірланның ата-анасын бұл жаза қанағаттандырмаған сыңайлы. Бұл іс ақыр соңында қалалық ішкі істер бөлімі тергеушілерінің қолына өткен.
Тамыз айында «Youtube» видеожелісінде еліміздегі мектептердің бірінде түсірілген көргенсіз видео жарияланған еді. Сапасы нашар болса да, видеодан жоғары сыныпта оқитын зіңгіттей үш жігіттің мұғалімді жабыла мазақ еткенін анық көресіз. Бірі қолын, бірі аяғын ербеңдетіп, енді бірі қылқындыруға әрекеттенген адамша мұғалімнің мойнына жармасқан. Рингте жүргендей жұдырықтарын оқытушыға кезек-кезек сілтеген оқушылар бұл әрекеттеріне қысылып-қымсынбайды. Керісінше, сабақ үстіндегі қалыпты құбылыс санайтын сияқты. Қимылдары тым еркін. Мұғалімді «қарсы шабуылға» шақыратынын қайтесің? Күлкі ошағына айналған әйел қолындағы жалғыз дәптермен қорғанып әлек. Партада отырып, тақта алдындағы «тамашаны» қызықтаған оқушылар да бұзақы сыныптастарына «қой» демейді. Қызы да, ұлы да қосыла қуаттап отыр. Сабақ өтпес үшін «спектакльдің» ұзаққа созылғанын қалайтын секілді.
«Youtube»-та көрілім саны бойынша жарысқа түсетін бейнероликтер арасынан бұл видео оқ бойы озып шықты. Бұқаралық ақпарат құралдары шулап қоя берді. Бірі есі кеткен оқушыларды, бірі өзін сыйлата алмаған мұғалімді кінәлады. Бірін ақтап, екіншісін даттау арқылы мәселенің шешімін таппайтынымыз анық. Оқиғаның салдарын сараптағандар көп болды, бірақ себебіне үңілгендер некен-саяқ. Нәтижесі – көз алдыңызда: ұстаз бен шәкірт арасында күнде бір кикілжің.

«ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІ»
Мұғалім деген мәртебелі мамандықтың қадірі неге қашты? Білім ошақтары темірдей тәртіптен, шәкірт ұяттан неге ажырады? Бұл сауалдарды мамандық иелерінің өзіне қойып көрген едік. Көпшілігі әлеуметтік һәм құқықтық тұрғыдан жеткілікті қорғалмағандықтарын алға тартты. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалмау деген ресми тіркестің нені меңзейтіні айтпаса да түсінікті. Жалақының аздығына, атқаратын жұмыс көлеміне сай еместігіне наразы. Ал құқықтық тұрғыдан қорғалмадық дегені – оқушының қабағына, ата-ананың пікіріне тәуелділігі. Баласы жетістікке жетсе, ата-аналар «өзім берген тәрбиенің арқасы» деп кеуде соғып, бұзақылық жасап жерге қаратса, кінәнің бәрін мектеп пен мұғалімге ысырып қоятыны жасырын емес. Тентек пен бұзыққа дауыс көтерсе, үстімнен шағым түсе ме деп қорқады. Басшылықтың бір-екі ескертуінен кейін жылы орнымен қоштасуына тура келетінін де біледі.
Дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің мұғалімі Аятжан Ахметжанның айтуынша, мұғалімнің орындайтын жұмысы алатын айлығынан бірнеше есе көп: 45 минутқа созылатын 5 немесе 6 сабақтан кейін оқушылар дәптерін тексеру, келесі күннің сабақ жоспарын жазу, сынып журналын толтыру, оған министрлік, білім басқармасы, жергілікті әкімдік сұрататын бума-бума қағаздарды қосыңыз. Аятжан Ахметжан есеп-қисабы түзу мұғалімнің ғана білікті деп мойындалатынын біледі. Сондықтан атқарған һәм атқаратын жұмыстарын, өзінің және шәкірттерінің аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып, қағазға түсіріп отырады екен. Әйтпесе, еткен еңбегі еш болуы мүмкін.
Шәкірттің жеткен жетістігі үшін мұғалімің еңбегі елеп-ескерілмейтіні тағы бар. Аятжан ұстаздың 7 шәкірті облыстық, екеуі республикалық, бірі халықаралық олимпиадада жүлдегер болған екен. Бірақ мақтау естіп, марапат алып көрмепті. «Дайындаған атлеті биіктен көрінсе, спорт бапкерлеріне долларды 10 мыңдап, 20 мыңдап ұстатып жатады. Ал біздің оқушыларымыз халықаралық, республикалық олимпиадаларда жетістікке жетсе, ары кетсе мектеп директорын құттықтайды. Болды. Мұғалім адыра қалады. Алып жүрген жалақымыз онсыз да мардымсыз, істейтін жұмысымыз шаш-етектен. Мұғалімде қандай ынта болуы мүмкін?», – дейді Аятжан Ахметжан.

ТЕҢГЕСІН САНАП, ТИЫНЫН ТҮГЕНДЕСЕК…
Жалақы жырын бірнеше мұғалімнің аузынан естідік. Бірақ нақты қанша алатындарын ешқайсысы ашып айтпайды. Білім басқармаларында қызмет атқаратын экономистерге сұрау алып, кімнің қанша алатынын анықтап көрдік. Мұғалімдердің жалақысы өткізетін сағатының санына, еңбек өтіліне, білім деңгейі мен кәсіби санатына қарай есептеледі екен. Оқытушы жұмысқа кем дегенде 9 (0,5 ставка)сағатпен қабылданады. Ал бір мұғалімге берілетін сағаттардың шекті саны – 27 (1,5 ставка). Арнаулы орта білімі бар мұғалімнің кесімді айлығы – 35740 теңге. Егер еңбек өтілі 20 жылға жуық немесе одан артық болса, 42827 теңге алады. Ал жоғары білімді ұстаздың кесімді жалақысы – 42445 теңге. Бұл – жоғарғы оқу орнын бітіріп, еңбек жолын енді ғана бастаған маманның алатын ақшасы. Ал ұзақ уақыттан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан жоғары білімді мұғалімдер 46720 теңгені қанағат тұтады. Екеуінің айырмасы – 4-ақ мың теңге. Кәсіби санаты жоғары ұстаздар ғана өзге әріптестерінен 17690 теңге артық алады екен. 1 санаттағылардың жалақысына 8845 теңге қосылса, 2 санаттағылардың айлығына бар болғаны 7076 теңге үстеме беріледі. Айтпақшы, ауылдық жерде сабақ беретін мұғалімдердің айлығы қаладағы әріптестерінен әлдеқайда жоғары екен. Мәселен, жоғары білімді маман оқуды бітіре салып, ауыл мектебіне жұмысқа орналасса, 53000 теңге жалақы алады. Яғни қаладағы мұғалімнің еңбек ақысынан 25 пайызға артық. Бірақ 53 000 теңге қай жыртығына жамау болады? Оның үстіне, ауылдық жерде жұмыс тапшылығына байланысты бір орынға 2 немесе 3 маманды бір-ақ қабылдайтын жағдайлар жиі кездеседі. Тәжірибелі, еңбек өтілі көп ұстаздар болмаса, жас мұғалімдерге 18 сағатты санап бере қоюы екіталай. Ұстаздардың шырылдайтын жөні бар екен. Теңгесін санап, тиынын түгендеген соң, бұған көзіміз анық жетті.

«АЙФОН» МЕН «НОКИА»: ҚАЙСЫСЫНЫҢ БӘСІ БАСЫМ?
Белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан ұстазға деген құрметтің кемуіне себеп болған бірнеше факторды атады:
– Ең алдымен, басшылық кінәлі. Мектеп директорынан бастап тым биікке дейін. Ұстазды олар елемейді, ел қайтсін? Директор ата-ана жағында. Оны балалар да жақсы біледі. Екінші мәселе – әлеуметтік фактор. Байдың баласында – «Айфон». Мұғалімде – кірпіш «Нокиа». Киім-кешектегі айырма да тап сондай. Осы екеуі дұрысталмай, мұғалім бедел жинай алмайды. Үшінші себеп – қазіргі бала білімді қажет етпейді. Оған жоғарыда аталған екі фактор себепкер, – дейді.
«Мұғалімнің мәртебесі неге төмендеді?» деген сауалды бүгінгі студент, ертеңгі педагогтарға да қойып көрген едік.

Манас Қайыртайұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің 4-курс студенті:
– Кемшілік ұстазда емес, еліміздің білім жүйесінде деп ойлаймын. Расында да, ұстазына ұрда жық мінез көрсеткен оқушылардың бейнеролигін көрсек немесе сондай сипаттағы жаңалық естісек, таңғалмайтын жағдайға жеттік. Мұның барлығы ұстаз деген мамандықтың құрметтен ада қалғаны. Пікір білдірудің артында үлкен жауапкершілік бар. Мәселен, мұғалімдерде білім жоқ деп кесіп айтсақ, кей ұстазға қатысты дұрыс болғанымен, кейбіріне жазықсыз күйе жағылуы мүмкін. Бізде мықты мұғалімдер аз емес. Ұстаз деген ұлағатты есімге кір келтіріп жүргендер де бар. Меніңше, қызметіне олпы-солпы қарау аз жалақыны менсінбеуден туады. Себеп пен салдарды тізіп келгенде, барлығы әлеуметтік жағдайға келіп тірелетініне көзіңіз жетеді.
Респонденттерден естіген алуан түрлі пікірдің ішінде оқытушы мен оқушы арасындағы байланыстың байыпты болмай отырғанына ата-ананы айыптағандар да бар. Қит етсе, мектеп пен мұғалімді кінәлай жөнелетін, баланың көзінше ұстаздарды жерден алып, жерге салатын ата-ана мұғалім мен оқушы арасына дәнекер бола алады дегенге сену қиын.

«Айқын» газетінің тілшісі, белгілі журналист Есей Жеңісұлы да әке мен шеше тәрбиесі оңалмай, баланың ұстазға деген көзқарасы түзелмейді деп есептейді:
– Дәл қазіргі уақытта мұғалімді Құдайдай сыйлау керек. Мен ойлап тапқан тіркес емес, қазақта бұрыннан бар сөз. Өйткені қазір қоғамның бар ауыртпалығы мұғалімнің мойнында. Сайлауға елді үгіттеу, тізімдеу, қонақ күту, аудан, қала көлеміндегі ірілі-ұсақты шараларды ұйымдастыру, балаларды оқыту, МАБ, ҰБТ сияқты сынақтарға дайындау, отбасын асырау – бәрі мұғалімдердің мойнында. Ата-анаға рахат: бала тәрбиесіне тек мектеп жауапты деп қарайды, құрсақтан шыққан перзенттері санасыз болса да мұғалімнен көреді. Өзі үйінде кітапты отқа жаққан соң, қала берді әжетханаға апарып қойған соң, баласына да ілім-білімнің, мәдениеттің құны бес тиын болмақ. Осы күйге бас-аяғы 20 жылдың ішінде түсе қалғанымыз өте өкінішті. Біз мектепті аласапыран 1990 жылдардың ортасына таяу бітірдік. Қытайдың екі күндік киімін киіп жүрсек те, қазіргі аста-төк ас пен байлық түсімізге кірмесе де, ұстазға құрметіміз еш төмендеген емес, – дейді журналист.

«Тым құрығанда сабақ берерсің»
Мұғалім деген мамандықтың қадірін қашырған келесі бір фактор – қолжетімділік. Педагогикалық мамандықтарға оқуға түсу басқа салаларға қарағанда әлдеқайда жеңіл екенін талапкерлердің бәрі біледі. Сондықтан мемлекеттік грант байқауына қатысар кезде өтініш қағазының алғашқы үш жолына техникалық, экономикалық, заңгерлік мамандықтарды таңдайды да, ең соңғы жолаққа таңдау пәніне сай келетін педагогикалық мамандықты жаза салады. «Алғашқы үшеуіне ұпайым жетпесе, мұғалім бола салармын» деген немкеттілікпен басталған жол ұстазды ұшпаққа шығармасы анық. ҰБТ-дан төмен балл жинағандар, жолы болмай қалғандар мұғалімдікке барады деген сыңаржақ көзқарастан арылмай, мамандықтың көсегесі көгермейтін сияқты.
Осы тақырып жуырда «Қазақстан» телеарнасының «Апта.kz» бағдарламасында да көтерілген болатын. Сонда Астана қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы №40 мектеп директоры Ербол Іргебайдың: «Мұғалімдікке кімдер барады? Әйтеуір жоғары білім алуым керек дейтіндер, 60-70 төңірегінде балл алған, сол деңгейде оқыған адам барады. Ертең ол орта студент болады. Орта студенттен орта маман шығады. Осылайша бір шеңберден шыға алмай жүрміз», – дегені есте.
Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 2-курс студенті Аққайыр Жадыра осыдан екі жыл бұрын оқуға құжат тапсырар кезде журналистикаға ұпайы жетпей қалса, филология факультетіне тапсырып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу «қаупі» жоғары болғанын жасырмайды. «Біздің ата-аналарымыз оқыған кезеңмен салыстырсақ, (әкем мен анамның айтып беруі бойынша), бүгінде оқытушы мен оқушының арасындағы қарым-қатынас еркін форматқа көшкен. Шекара мен шеңбер атаулының бәрі бұзылған. «Ұстаздың айтқаны – заң, оған қарсы шығуға болмайды» деген қағида адыра қалды. Екеуінің құқықтарын теңестіріп қойдық. Ұстаздың биіктік пен тереңдіктің өлшемі болмай қалғаны сондықтан. Мұғалім болғысы келетіндерге қойылатын талаптың жеңілдеуі де мәртебелі мамандықтың қадірін төмендетті деп ойлаймын. Баласына: «Тым құрығанда сабақ берерсің» деп айтқан талай ата-ананы көрдім. Ұстаздың жақсы атын қайтару қаншалықты мүмкін екенін білмеймін», – дейді Жадыра.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин шәкіртінің бұл пікірімен келіспейді. Оның айтуынша, кінәні білім жүйесінен, ата-анадан немесе оқушыдан емес, ұстаздың өзінен іздеу керек. «Ең алдымен мұғалім білімді, мәдениетті, қай жағынан алсаң да таза болуы керек. Сонан соң кез келген оқытушы мықты психолог болса деймін. Мәселен, журналистика факультетіндегі жағдайды алайық. Өзі білімсіз, өзі бір күн де баспасөзде істемеген оқытушыны студент қайдан сыйласын? Құр айғай-ұйғаймен ұстаз «ролін» ойнап жүрген адамды шәкірт көш жерден таниды», – дейді ұлағатты ұстаз.
Ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынасқа психологиялық факторлардың әсерін де жоққа шығаруға болмайды. «Ұстаз қайтсе шәкіртіне сыйлы бола алады?» деген сұрақты белгілі психолог Анна Құдияроваға қойдық.
– Ұстаз, ең алдымен, өзін-өзі құрметтеуі керек. Өзін сыйламаса, оны ешкім сыйламайды. Оқытушы сыйлы болуы үшін оның тұлғасы шәкірттерге қызықты болуы шарт. Оның білім-білігі, психологиялық келбеті, дағдылары заманға сай болуы керек. Бұрынғыдай аузынан суы ағып, мұғалімнің айтқанын ұйып тыңдап отыратын оқушылар жоқ қазір. Жаңа заман балаларының көзқарасы, таным-түйсігі басқа, өресі бұрынғыдан биік. Оған ақпараттық технологиялардың әсер етіп отырғаны айдан анық. Кейбір оқушылар оқытушылардан әлдеқайда көп біледі. Зейнет жасындағы мұғалімдердің ескі сүрлеуден шықпағанын мойындау керек. Бағдарламасы да, методикасы да бәз баяғыдай, оқушы мұндайдан жалығады. Интернеттің не екенін білмейтін мұғалімдер бар. Ал шәкірттер оның сағаттап айтып отырғанын компьютердің немесе планшеттің бір түймесін басып-ақ біліп алады. Мұғалім жаңа ілім-білім, тың ақпарат бермеген соң, оқушы жалыға бастайды. Уақытын босқа өлтіріп жатқан адамға құрметі де азая бермек. Ютубтан неше түрлі видеоларды көзің шалады. «Әй, сен аузыңды жап!» деп айғайлаған мұғалімді де көрдім. Ондайларды жазғырғаннан бұрын аяйды екенсің. Өзінің психологиялық әлсіздігін көрсетіп тұр емес пе? «Оқушылармен жұмыс істеу оңай емес, олар көп, оқытушы жалғыз» деп ақтаудың қажеті жоқ. Ол осы мамандықты саналы түрде таңдады, қиындығын білді. Оқушымен жақсы қарым-қатынас орнату үшін мықты психолог болу керек. Өзінің эмоцияларына ие бола алмайтын мұғалім оқушының алдында қадір-қасиеті мен беделінен жұрдай болады. Көңіл-күйіне өзі емес, шәкірттері қожайын болғанын байқамай қалады. Нәтижесінде сабақ процесін де уысынан шығарып алады, – дейді Анна ханым.
P.S: Жанатпен демалыс күні жолығуға келістік. Газеттің осы нөмірін ала бармақпын. Өзімен пікірлес адамдардың, бұл мәселеге бейжай қарамайтын жандардың қатары көп екеніне көзі жетіп, қуанып қалар, бәлкім. Жазылуына өзі себепкер болған тақырып көптің назарына ілінсе, болашақ ұстаздың өз мамандығына мақтанышы қайтып оянар деген сенім мол. Қожаның замандастары құдайындай сыйлайтын Оспановтай ұстаздар кітап бетінде, экран төрінде қалып қоймаса игі.

kazbilim.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста