Жуырда әлеуметтік желіде қажылықтан келген қарияны ақ киізге көтеріп, аяғын сүйіп жатқандардың видеосы желіні шулатқан болатын. Айтарлықтай құрмет көрсетілген ақсақал кім болды деген сұрақ көп адамды мазалағаны анық. NUR.KZ порталы өзін сопылардың пірі санайтын Құрбанәлі Ахмет туралы ақпаратты оқырман назарына ұсынады.
Құрбанәлі Ахмет қажы дінтанушылар тарапынан Қасиеттті құранның сөздерін бұрмалағаны үшін сынға ұшыраған. Өзінің шәкірттері оны Нақшбандия тариқатының 36-шы пірі деп санайды.
Ахмет қажы Ташкентте дүниеге келген, ұлты - өзбек.
Қария туралы YouTube желісінде таралған видеода елімізге белгілі уағызшы Арман Қуанышбаев өз пікірін білдіреді.
"Біздің Қазақстанда пірмін деп жүрген екі-ақ адам бар. Олардың біреуін мен сыйлаймын. Өйткені ол - сондай тақуа кісі. Ол қатты уағыз жасап, «сенікі бұрыс, менікі дұрыс» деп, елдің дүрбелеңін шығармайды.
Ал екінші кісі ғаламторда көп тарқап жүр. Өзінің уағыздарын айтады. Бұл кісі кезінде көп жерлерде сабақ берді, білімін тарқатты. Кейін ол бөлек кетіп, осындай бір бөлек нәрселер ұстанды.
Кейбір әжептәуір елеулі адамдар сол кісінің соңынан еріп, етегін ұстап, тіпті Аллаға айтылатын зікірді соған айтып жатыр. «Әнтал ғали әнтәл хақ» деген зікірді, яғни «сен хидаят берушісің, сен хақиқатсың» деген зікір тек Аллаға айтылады. Бірақ осы сөзді «я, хазіретім», яғни «сен сондайсың» деп, оған құлап тұрып жылағандарын көріп жатырмыз. «Сен хақсың» дейді. Хақтың кім екенін білесіздер, ол Алла.
Оны (адамға табынуды – ред.) сопылықта да қолданбаған. Нақшбанди тарихатының түбі – Ғыждуани. Бірақ сол кісінің алып келген жолы бұрмаланып келе жатыр...
Сол кісінің өзі (Құрбанәлі Ахметті айтып тұр – ред.) 2012 жылы 12 желтоқсанда қиямет болады деп, өзінің жанындағы адамдарға қатқан нан мен отын жинатқан болатын. Электрдің бәрі өшіп қалады, сондықтан отынмен от жағып, қатқан нанмен күн көреміз, қалғанының бәрі өліп қалады деген сияқты нәрселер болды",- дейді Арман Қуанышбаев.
Бір кездері Құрбанәлімен жете араластым деген Әбдікәрім Әбдімомынов "Абай.кз" порталында жариялаған материалында сопылардың пірін адасқан деп сөгеді.
"Бір кезде мен Құрбәнәлі Ахметов деген кісімен жақын араласып, дос-жаран болдым. Мен оның үйіне баратынмын, ол маған үйге, жұмысқа келіп тұратын. Шындығына келгенде мен Құрбанәлі Қуаныш бауырымыздың сөзіне сеніп, «ата дінімізді жалғастырып келе жатқан ишан» деп ойладым. Сұңқылдап сөйлегенде сөзінде кемшін жоқ көрінді. Өзбекілігі мен ауа жайылушылығы байқалып қалатын.
Мен бұл кісіні еш уақытта, тіпті Қуаныш бауырымыз одан шошынып, оның алаяқтармен араласын айтып келгенде де Құрбанәлі «қу нәпсісінің құлы болып, ақылын жегізіп қояды» деп ойламаппын.
Бұл орайда мен Қуанышқа емес, «Қуаныш өзін «Қазақстанға халифа етпедің» деп қапа болып, маған қасақана бәле жауып жүр» деген Құрбанәліге сендім. Қазір ойласам, адам адасам десе тал түсте де адаса береді екен. Сол кезде мен қанша жыл дос болып, жеке амбициясын дінінен еш зор қоймаған Қуанышқа емес, енді көрген Құрбанәлі сенген екенмін",- деп жазады ол.
Еске салсақ, кеше порталымызда сопылық бағытты ұстап, өзін диуана шахпын деп жазған Дидар Аяпов есімді желі қолданушысының қарияның аяғын сүйгендерді ақтап шыққанын жазған болатынбыз.