"Қазақстанның құрметті азаматы" ордені сатылатыны рас па?
«Сіз марапатқа лайық тұлғасыз!»
Ақын Жүмекен Нәжімеденов «Атақ-даңқ дегеніміз — ит сияқты. Оны біреулер күшігінен асырап, тер төгіп өсіреді, енді біреулер жол ортадан сатып ала салады. Осы ит-атаққа жақсылап тамақ беріп, сылап-сыйпасаң, ол керек кезінде ырылдап сені қорғайды» депті. Неткен көреген ақын еді! Бұл мірдің оғындай сөздерден асырып бірдеңе дей қою қиын-ау.
Негізі адамның тілі ащынғанда шығатыны рас қой. Қоғамда жиі кездесетін тамыр-таныстықпен өсу, жүлде бөлісу, атақ ауысу, орынтаққа жабысу кеселі дендеп тұр. Оған енді ақшаңды төлеп марапатқа жету қосылған сыңайлы. Бұл жайлы халық арасында «еліміздегі жоғары деңгейдегі әр атақтың өз ставкасы бар. Қалтаң көтерсе, шамаңды байқа» деген кекесінге толы жел сөз бар. Негізі «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» ғой… Ал мен сөз еткелі отырған әңгіме мүлдем бөлек.
Сонымен бір емес, екі емес эл.почтама әр тараптан «Сіз марапатқа лайық тұлғасыз!» деген сарындағы хаттар легі толастамай келеді де тұрады. Басында елемейтінмін. Кейіннен көз үйреніп, ашып қарайтын жағдайға жеттім. (Сіздерге де солай шығар). «Бұл не деген батпан құйрақ, айдалада жатқан құйрық» деп ақырындап зерттей бастадым. Эл.почтама келген хаттың біреуі мынау. «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» қоғамдық мойындаудың жоғары орденіне ұсынуға арналған НАГРАДТАУ ПАРАҒЫ — НАГРАДНОЙ ЛИСТ на представление к высшему ордену общественного признания «ПОЧЕТНЫЙ ГРАЖДАНИН КАЗАХСТАНА».
Анкета парағын толтырасыз да мына ұялы телефондарға хабарласасыз. Сөйтіп түсінбеген сұрақтарыңызға нақты жауап аласыз. +7(707)855-02-42 +7(7172)50-24-08 , +7(7172)466-228
Одан кейін, «Заполненный наградной лист направляется по e-mail: kazkomitet@inbox.ru». Болды. Ол жақта арнайы комиссия құжатыңызды қарап мақұлдамақ. «Сіз қалай сенімді сөйлеп отырсыз? Сіздің құжатыңыз комиссиядан бәлкім өтпей қалар? Сосын Сіздің қоғамға қандай еңбегіңіз сіңді? Әлде тамыр-танысыңыз бар ма ол жақта?» дегелі отырғаныңызды да ішім сезеді. Сондықтан тәптіштеп жауап берейін. Менің сенімді түрде сөйлеуіме жоғарыдағы анкетамен ілесе келген мына хат дәлел. (Хат екі тілде жіберілген. Мен қазақша нұсқасын ұсынып отырмын. Айтпақшы мені қайдан танитыны жұмбақ күйінде қалып отыр. Бәлкім лауазымды тұлғаларды зерттейтін, қаржысы мол байларды реттейтін агенттіктері бар шығар).
«Қоғамдық наградалар және атақтар жөніндегі комитеті» жіберген хатта ( Исх. №0719 От 24.01.2019г.) Руководителю ТОО «Qazaqstan dauiri» Мешитбаевой С.
Құрметті (Уважаемая Сауле! Қоғамдық наградалар мен атақтар жөніндегі комитеті Сіздің басқарып отырған кәсіпорын-ның қызметін және Сіздің Қазақстан Республикасының экономикалық қуатын, гүлденуі мен игілігін нығайтуға қосқан жеке үлесіңізді жоғары бағалап отыр. Елді дамытуға қосқан Сіздің еңбегіңізді іс жүзінде елемей, бағаламау мүмкін емес. (Соншалықты не тындырып тастағаныма өзім аң-таңмын). Сіз кәсіпорынды басқарып отырсыз, (Кешіріңіз, мен газетті басқарып отырмын). Сіздің басшылығыңызбен мемлекетіміздің дамуына өз үлестерін қоса отырып, кәсіпқой мамандардың ынтымақты еңбек ұжымы еңбектеніп келеді.