ҚР Үкіметінің 2017 жылы 31 қазандағы «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі туралы» № 689 қаулысына сәйкес қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні болып бекітілді. Отбасы күні ел көлемінде кеңінен аталып өтетін айтулы дата.
Биыл Отбасы күні қыркүйектің 13-ші жұлдызына сәйкес келіп отыр. ҚазАқпарат strategy2050.kz сайтына сілтеме жасап, Қазақстандағы отбасы институтына қатысты мақала ұсынады. Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген жақсы тәмсіл бар. Елдің тұтастығы, азаматтардың бақытты болуы, мемлекеттің келешегі ең әуелі әрбір отбасының жағдайымен, елдегі отбасы институына қатысты хал-ахуалмен тығыз байланысты. Осы орайда, бүгінгі мақаламызды Отбасы күні қарсаңында еліміздегі отбасы институтының жағдайы, кейбір күрмеулі мәселелер және оларды шешу жолдарына арнамақпыз. Қазақстанда тәуелсіздік жылдары отбасы институтын жақсарту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балалар құқықтарын қорғау, баршаға бірдей тең құқықты қамтамасыз ету сияқты бағыттар бойынша біраз жұмыстар атқарылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 1 ақпандағы N 56 Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия құрылды. Бұл комиссияның статусы консультативтік-кеңесші сипатта болғанымен, комиссияның құрамындағы азаматтардың саяси және қоғамдық салмағы мен олардың ұсынымдары міндетті орындалуға жатуымен ерекшеленеді. Комиссияның жергілікті атқарушы органдардағы өңірлік хатшылықтары да құзырлы мекеме басшыларының басын топтастырған. Республикалық және жергілікті деңгейде түрлі байқаулар, әлеуметтік бағдарламалар және іс-шаралар жоспары бекітіліп, іске асырылуда. Отбасылық қатынастарды жақсартуға, гендерлік саясатқа қатысты әлемдегі маңызды конвенцияларды немесе 12 халықаралық құжатты Қазақстан Парламенті тәуелсіздік жылдары ратификациялады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 Жарлығымен «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бекітілді.
Тұжырымдамаса Қазақстандағы отбасылардың келесідей өзекті мәселелеріне тоқталып, мемлекеттік саясат оны шешуге бағытталатыны жазылған. Ажырасу және некесіз бала туу үрдісінің өсуі, толық емес отбасылар санының артуы, алимент төлеудегі проблемалар, «азаматтық» және кейбір этникалық топтар өкілдері арасында туысқандық некелер, діни мекемелер арқылы неке қию, қыз алып қашу және оларды күштеп тұрмысқа беру оқиғалары, ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығы мәселесі, қаламаған жүктілікті үзу жағдайлары, ерте жастан некеге тұру, кәмелет жасына толмағандардың жүкті болуы, ерте жастан аборт жасату проблемалары, отбасындағы зорлық-зомбылық және қатыгездік жағдайлары т.б. мемлекет және қоғам болып жұмылуды қажет ететін түйіткілді мәселелер бар. Демографиялық жағдайды жақсарту территориясы үлкен, халқы аз Қазақстан үшін маңызды мәселе. Ал демографиялық өсімді қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау саласы, әлеуметтік қамсыздандыру, ана мен бала капиталын дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болуы тиіс. Осы орайда, аталған салада шешімін күткен мәселе жетерлік.
Елімізде ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілері көбейіп келеді. Статистика деректері әрбір үшінші отбасының ажырасатынын дәлелдейді. Мысалы 2011 жылы 160,5 мың некенің 44,9 мыңы ажырасса (28%), 2015 жылы 148,7 мың некенің 53,3 мыңы ажырасқан (35%). Ал бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 40 пайызға дейін жетіп отыр. Айта кетерлік мәселе, кәмелет жасына толмаған балалары бар отбасылардың шаңырағы жиі шайқалады. Яғни, әкесіз немесе анасыз өсіп жатқан балалардың саны көбейіп келеді. Бұл жекелеген отбасының емес тұтас ұлттың басты проблемаларының бірі. Толық емес отбасында тәрбиеленген бала көбінесе психологиялық, материалдық, моральдық тұрғыдан кедергілерге тап болады. «Ұрпақтар және гендер» зерттеуінің 2019 жылғы деректеріне сәйкес, 18-29 жастағы адамдардың жартысынан азында (42,4%) серігі бар, бұл жалпы халыққа қарағанда төмен. Сонымен қатар, елордалық өңірлерде (Нұр-Сұлтан және Алматы) серіксіз жастардың үлесі айтарлықтай жоғары, бұл елордалық және алматылық жастардың үйлі болуды кейінге қалдыра отырып, білім алуға және мансап қууға көбірек көңіл бөлетініне байланысты болса керек. Қазақстанда отбасылардың ажырасу фактілерінің себебі бірнеше. Осы салада жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұмыстарын шолу арқылы отбасының бұзылуына жеткізетін бірнеше ішкі және сыртқы себептерге тоқтала кетуді жөн көрдік. Бірінші себеп – ата-ана, жақын айналаның отбасы ісіне араласуы немесе сыртқы пікірлердің отбасындағы эмоционалдық көңіл-күйге кері әсері. Бұл әсіресе жас отбасылардың некеге тұрғаннан кейін көп уақыт өтпей ажырасуларына ықпал ететін фактор. Қазақта бұған қарсы «Ерлі зайыптының арасына есі кеткен түседі» деген тәмсіл бар.
Екінші себеп – әлеуметтік жағдайдың ықпалы, яғни баспананың қолжетімсіздігі, жалақының аздығы, тұрақты жұмыстың болмауы сияқты жағдайлар. Тапқан қаражаты баспанадан, азық-түлік пен киім-кешек алу сияқты тұрмыстық қажеттіліктен аспайтын отбасылар өмірді одан әрі бірге жалғастырудың мотивациясын жоғалтып жатады.
Үшінші себеп – сезімге адалдықтың, құрметтің болмауы. Жастық жалынмен үйленіп, кейіннен жауапсыздықпен жұбайының көзіне шөп салатын жағдайлар да отбасының шырқын бұзатын факторлардың ең бастыларына жатады.
Төртінші себеп – денсаулық мәселесіне қатысты. Көп отбасы шаңырақ құрғаннан кейін баланың өмірге келуіне асығады. Алайда денсаулық жағдайына байланысты (белсіздік) бала көтере алмау проблемасы көп отбасының ажырасуына себеп болуда. Қазіргі таңда жастар арасында белсіздік проблемасы кең етек жайып келеді. Бұл да ұлттың деңгейдегі дабыл қағатын мәселе. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді» деген болатын. Сандарға сүйенсек, елдегі әрбір 100 отбасының 20-сы перзентке зар. Жылына мыңдаған отбасының ошағы осы себепті сөніп жатады. Ал дәрігерлер дерттің тең жартысы еркектерден деп дабыл қағады. Мәселен, бедеулік көрсеткіші елімізде – 16 пайыз. Дүниежүзінде 15 пайыздың өзі шектен шыққан деп есептеледі. Енді біздегі бұл жағдайды бағалай беріңіз. Елде орда бұзар отыздан асқан ерлеріміздің 57 пайызы белсіз. Себеп неде? Сондықтан мемлекеттік деңгейде тиісті шаралар қабылданып, әрбір ата-ана өз баласының дені сау, физикалық, интеллектуалдық тұрғыдан мықты болуына күш салуы қажет. Денсаулықтың басты байлық екенін тек қанатты сөз ретінде білумен қатар, оны іс жүзінде берік ұстаным етіп алғанымыз жөн.
Бесінші себеп – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Оның ішінде елімізде әйелдерге, балаларға қатысты зорлық фактілері жиі ұшырасады. Әсіресе 2020 жылдың басынан коронавирус пандемиясына байланысты шектеу шаралары қабылданғаннан бері, отбасындағы тұрмыстық жанжалдардың саны екі есеге артқан. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейін әлемдегі ең өзекті мәселелер тізбегінде саналатын – Тұрақты даму мақсаттарының ішіне гендерлік теңдік және барлық әйелдер мен қыздардың құқықтарын кеңейту ісі енген. Барлығы 17 бағыттан тұратын мақсатты даму бағдарының бесіншісі осы мәселеге арналған. Сондықтан гендерлік теңдік, әйелдер мен қыздардың зорлық-зомбылыққа ұшырамауын қадағалау мемлекеттік саясаттың да басты бағыты болып қала беруі тиіс.
Алтыншы себеп – отбасылық құндылықтардың сақталмауы, отбасы мүшелеріндегі эгоизмнің басым болуы және азаматтардың ата-ана, ер-әйел ретіндегі рөліне жауапкершілікпен қарамауы. Бұл белгілі бір дәрежеде балаларды болашақ ата-ана ретінде тәрбиелеу ісінің кемшілігіне де қатысты. Отбасылық өмірге саналы түрде дайындықпен қадам баспаған жастардың көпшілігі кездескен қиындықты еңсере алмай, ажырасып жатады. Бұл ретте ата-әжелер, әкелер және аналар институтын жаңғыртқан жөн.
Жетінші себеп – мемлекет тарапынан толық отбасыларға қарағанда толық емес отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектердің көп болуы. Жартылай және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсеткен жақсы. Алайда адамдарды ажыраспауға итермелейтін, отбасын толық күйінде сақтап қалуға мотивация сыйлайтын бағдарламалардың көп болғаны ажырасу фактілерінің де азаюына ықпал етері анық. Мысалы қарапайым азаматтар мемлекеттен алған баспананы қолданыстағы заң бойынша он жыл еңбек өтілі толғанда ғана жекешелендіруге рұқсат алады. Ал толық емес отбасы иесі аталған мерзімнен бұрын жекешелендіре алады. Осы мақсатта мәжбүрлі түрде қағаз жүзінде ажырасушы азаматтар саны аз емес. Бұл мемлекеттен берілетін өзге де көптеген әлеуметтік жеңілдік пакеттеріне қатысты екенін айта кеткен жөн. Отбасылардың бұзылуына ықпал ететін осы және өзге де бірнеше себеп бар. Сондықтан мемлекеттік саясат та аталған проблемалардың оң шешілуіне қарай бағытталғаны жөн. Айта кетерлігі, әлемде отбасы проблемаларынан ада ешқандай ел жоқ. Дегенмен адамдардың өзін бақытты сезінуі, отбасылық зорлық-зомбылық фактілерінің аз болуы, отбасыларға мемлекеттік деңгейдегі қолдау шараларының көлеміне қатысты әлем елдерінің рейтингі жасалып, талданып отырады. Осындай рейтигтің бірі гендерлік тепе-теңдік мәселесіне де қатысты жасалады. Әлемде көптеген салалар бойынша озық көрсеткіште әдетте Скандинавия елдері көш бастайды. Бұл салада да Исландия, Норвегия, Швеция және Финляндияның көрсеткіштері рейтингтің ең жоғары сатысында. Бүкіләлемдік экономикалық форумның мәліметінше Қазақстан гендерлік теңдік саласында 2013 жылдан 2018 жылға дейін әлемдік индексте 28 сатыға кері кетіп, 60 орынға тұрақтаған.
Гендерлік алшақтық индексі
Қорыта келгенде айтарымыз отбасы институтын нығайту, елімізде қалыптасқан өзекті мәселелерді шешу мемлекетіміздің күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Жаһандану үдерісі әрі жаңа коммуникациялық технологиялардың пайда болуымен қатар келген сын-қатерлер мемлекеттік органдардар, қоғамдық ұйымдар мен жекелеген азаматтан сергектік пен нақты әрекетті талап етеді. Отбасын бұзуға әкелетін әрбір себептің түп-тамырына үңіліп, оны шешудің нақты тетіктерін қабылдаған жөн. Мемлекеттік саясат азаматтарды бүтін отбасы болуға итермелейтін нәтижелі бағдарламалар қабылдап, заңнамада толық отбасыға, ана мен бала капиталына көрсетілетін қолдау көлемін арттыруға бағытталуы тиіс. Мектеп бағдарламасына жоғары сынып оқушылары үшін отбасы құруға, әке мен ана рөліне қатысты дәрістер енгізілсе жас отбасылардың ажырасуы азайып, жұбайлық өмірге саналы түрде баратындар саны көбейер еді. Бұл ретте, отбасы құндылықтарына қатысты оң мысалдарды халқымыздың тарихы мен дәстүрінен де көптеп кездестіруге болады.