Қазақстанда жасалған 72-тепловоз жолға шығуға әзір

Кеше Астанадағы «Локомотив құрастыру зауыты» өзінің 72-өнімін аяқтап шықты. Соған орай Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынған зауыттың ТЭЗ33А-0072 нөмірлі отандық «Evolution» тепловозына Қазақстанның Елтаңбасын бекітудің салтанатты рәсімі жүзеге асты.
«Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-ның фирмалық логотипін жазып жапсыру және Қазақстан Республикасының Елтаң­ба­сын бекіту теміржолдың жылжымалы құ­рамын дайындаудағы күрделі жұ­мы­с­тар­дың соңғы нүктесі болып табылады. Яғни отандық зауытта «Evolution» серия­сын­дағы бесінші буынды 72-тепловозы дүниеге келді деген сөз. Зауыт цехында отан­дық локомотивтердің қаусырма қаң­қа­лары құрастырылып, оған кабинасы мен тепловоз корпусы орнатылған соң, Локо­мо­тив логотипін жапсырып, өнімді Елтаң­ба­мен мөрлеуді зауыттың озат слесары Нұр­лан Әшімов жүзеге асырды. Естеріңізге сала кетейік, Астанадағы «Локомотив құ­рас­­тыру зауыты» АҚ «Қазақстан темір­жо­лы» ұлттық компаниясының еншілес кә­сіп­орны болып табылады. Заманауи зауыт 2009 жылғы шілденің 3-інде Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаты­суы­мен ашылған болатын. Сол жылы жел­тоқ­сан айында елімізде шығарылған тұң­ғыш қазақстандық тепловоз пай­да­ла­нуға берілген еді. Алғашқы тәжірибелік сынақ тепловозы «General Electric» ком­па­ния­сы­ның жинақ бөлшектерінен құрастырылды. Сынақ тепловозын шығару, оны техно­ло­гиялық жинақтау, құрастыру барысында пер­соналды оқыту жұмыстары да жүр­гі­зіл­ді. Зауыттың жобалық қуатымен жылына 150 тепловоз құрастырылады. Ло­ко­мо­тив­тің бұл түрінің техникалық сипаты қол­да­ныс­тағы басқа машиналарға қарағанда бірнеше есе жоғары. Жалпы алсақ, зама­науи зауыт салу бұл – Қазақстанның локо­мо­тив паркін жаңғыртудың бастапқы қа­дамы болмақ. Сонымен қатар біздің еліміз Кеңес Одағы кеңістігіндегі локомотив құрастыру саласында алғашқылардың бірі болып жаңа үлгідегі технологияны мең­ге­руге бел шеше кірісіп кетті. Ал отандық жаңа тепловоз – қоршаған ортаға лас ­қал­дық­тарды неғұрлым аз шығару жөнінен де үздік үлгілік нұсқа. Аталмыш зауытты іске қосу арқылы 700 жаңа жұмыс орны ашыл­ған. Былтырғы жылы зауыт қабырғасында осындай отандық 30 тепловоз құрас­ты­ры­лып, өңірлерге жол тартты. Биылғы жылы 79 тепловоз шығару көзделіп отыр.

Отандық «Эволюшнге» сыртқы сұраныс та зор
Зауыт тепловоздары негізінен 2014 жылға дейін Қазақстанның ішкі сұранысын толық қамтамасыз етуді жүзеге асырмақшы. Дегенмен озық үлгідегі отандық өнімге іштен ғана емес, сырттан да сұраныстар қазір­ден көптеп түсіп жатқан сыңай бай­қалады. Алдымен ішкі нарыққа келсек, бұған дейін «Локомотив құрастыру зауы­тын­да» дүниеге келген қазақстандық теп­ловоздар елдің шығысындағы шойын жол­дарда жөңкіп, жұртшылық үшін «алыс­ты жақындату» қызметін атқарып жатыр. Мәселен, Алматы-Сарыөзек, Алма­ты-Ақ­тоғай, Ақтоғай-Достық, Ақтоғай-Мойынты бағыттарының барлығында қазақ­стандық теп­ловоз жүйткіп жүр. Биыл 79 тепловоз шығару жоспарда болса, бұлардың басым бөлігі Ақтоғай-Аягөз, Аягөз-Семей, Се­мей-Өскемен теміржолдарына жіберіледі. Сөйтіп, елдің шығысындағы шойынжол теп­ловозына сұраныс қамтылысымен, кейінгі локомотивтер Қызылордадан бас­тап, біртіндеп батыс жолдарындағы қоз­ға­лысты жаңғыртуға ойысады. Сөйтіп, отан­дық өнім елдің ішкі тасымалының сапасын арттыратын бірден-бір құрал болмақ.
Ал сыртқы нарыққа келсек, 1520 мм жол­табанды теміржолды пайдаланатын бұрынғы Кеңес Одағы аумағында һәм Моң­­ғолия секілді жақын көршілес мем­лекет­тердің көпшілігі қазақстандық «Evolution» тепловозына зор сұраныс туды­рып отыр. «Алайда біздің тепловоздарды сату үшін өнім сертификатталуы шарт. Сон­дықтан да қазіргі таңда қазақстандық тепловоздар Ресейде сертификаттаудан өтуде. Монғолия тарапы қазақстандық тепловозды сатып алу үшін де сол сер­ти­фикатты күтіп отыр. Бұдан бөлек, Тәжікстан да бізден ағымдағы жылы үш тепловозды сатып алғысы келеді», – дейді «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті Марат Тілеубаев. Оның айтуынша, былтырғы жылы қазақстандық «ТЭ33А-0020» теп­ло­возы Якутияда сынақтан сүрінбей өтіп, 50 градустық аязда шыдамдылығын көрсете білген. Сондықтан да осы елден де сұ­ра­ныстар түсіп, сертификатты күтіп отырған жайы бар. Бұдан бөлек, ресейлік сер­ти­фи­катты талап етпейтін Балтық жағалауы мемлекеттері де қазақстандық тепловозға өзара қызығушылық танытқан. Өздері сы­нап көріп барып алмаққа бекінген ел де бар. Мәселен, Эстония мемлекетінің сұ­ра­нысы бойынша «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-ның 45-нөмірлі тепловозы алдағы аптада сол елге сынақтан өткізуге жолданбақшы. 3-4 айлық сынақтан соң эстон тарапы бұған өз сертификаттарын беретін болады. Сосын Балтық жағалауы мемлекеттеріне де қазақстандық өнімді шығару мәселесі күн тәртібіне қойылады. «Бұдан бөлек, Ресейдің ішкі нарығындағы 20-ға тарта жекеменшік компаниялар «Эволюшнге» қызығушылық танытуда. Әсі­ресе өзінің жекеменшік жылжымалы құ­рамдары бар алпауыт, ресейлік ком­па­ния­лар зор ықылас білдірді һәм бұлар да сол тепловоздың сертификатын тосып отыр. Жалпылама алғанда, біз биыл 69 локомотивті – «Қазақстан теміржолына», ал 9 локомотивті шетелдерге сатуға шы­ға­ру­ды жоспарлаудамыз», – деді зауыт бас­шысы Марат Болатұлы. Елдің ішкі нарығына са­тылатын тепловоздардың бағасы 3 млн 900 мың долларды құраса, шетелге са­ты­латын баға 4 млн 800 мың доллардың ша­ма­сында белгіленіпті.
Осы тұста отандық «Эволюшнның» бәсекеге қабілеттілігі туралы мәселе көлденеңдейтіні рас. Өйткені Қазақстанда шығарылатын көпшілік дүние бағасы жа­ғынан Қытайға есе жіберсе, сапасы жа­ғынан Ресейге бой алдыратыны бар. «Ло­ко­мотив құрастыру зауыты» АҚ-мен шыға­ры­латын отандық «Эволюшн» тепло­воз­дарының бәсекеге қабілеттілігі жоғары. «Темір тұлпар» тепловоз сапасы жағынан да, бағасы жағынан да көршілестермен бәсекеге түсе алады. Жалпылама алсақ, дүниежүзінде жоғары деңгейде сапалы тепловоздар жасайтын зауыт көп емес. Дегенмен әлемдік жетекші компания «General Еlectric» болса, біздің өнім солар­дың жобасынан туған дүние болып табы­ла­ды. Оның үстіне, біздің зауытқа Ресейдің білікті мамандары келіп, тамсанып кетті. Сонымен қатар, бесінші буын тепло­во­зының қазіргі ТМД аумағында шы­ға­ры­латын тепловоздардан сапалық айыр­ма­шы­лығы айрықша», – дейді тағы да Марат Тілеубаев. Сөйтсек, заманауи техно­ло­гия­лармен, компьютерлендірумен жаб­дық­тал­ған қазақстандық тепловоздың сапасы Қытай өніміне қарағанда аса жоғары екен. Сондықтан да қазақстандық тепловозға Қытай да, Ресей де бәсекелес бола ал­майды. «Ағымдағы жылы Мәскеуде теп­ло­воздардың тартым-қозғалыс құрамы бойынша көрме өткен еді. Мұнда да көп­шілік маркетингтік компаниялар қазақ­стан­дық тепловоздың қуаттылық сапасын жоғары бағалады. «Эволюшн» серия­сын­дағы тепловоздар Ресейде шығарылатын тепловоздарға қарағанда, техникалық сипаты жағынан біршама артық баға­ла­на­ды әрі бағасы онымен салыстырғанда 30 пайызға дейін төмен. Сонымен қоса, теп­ловоздың бесінші буыны саналатын қазақ­стандық сапа Кеңес Одағынан бері қол­данылып келген екі тепловозды бірдей алмастыра алады. Яғни отандық тепловоз отын үнемдеу, экологиялық залалдың төмендігі, климаттық бейімділігі жағынан озып тұр. Сондықтан да Ресейдің көптеген жекеменшік компаниялары қазақстандық тепловозға қызығушылық танытып отыр», – дейді «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті. Заманауи зауыттың қазақ­стан­дық қамтудағы рөлі де жыл сайын артып келе жатыр. Биылғы жыл басында отандық тепловоздарды құрастырудағы қазақ­стан­дық үлес 18 пайызды құраған. Қазіргі күні мұндай қамту 23 пайыздан асады. Ал жыл соңына дейін зауыт осы үлесті 50 пайызға арттыруды, 2014 жылға қарай 70 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр.
«ҚТЖ» отандық теміржол машина құрылысының локомотивіне айналды
«Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ-ның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде өндірісі сәтті жүзеге асырылған «Локомотив құрас­ты­ру зауыты» болса, компания алдағы уа­қытта да бірқатар ауқымды жобаларды іске қосатын болады. Оның ішінде ел ау­ма­ғындағы төрт ірі жобаның экономикалық дамуға үлесі ерекше болатыны болжанып отыр. «Бұлардың біріншісі – 146 шақы­рым­ды құрайтын «Өзен-Түрікменстанмен мемлекеттік шекара» теміржолы. Жоба Қазақстан, Түрікменстан, Иран бағда­рын­дағы «Өзен-Горган» халықаралық жоба­сы­ның бөлшегі. Нысанның арқасында Қазақ­станға Иран мен Парсы шығанағы елдеріне өтетін рынок ашылады. Жаңа теміржол бағыты – Тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғына орай пайдалануға берілетіні жос­пар­ланған. Бұдан бөлек 293 шақырымды құрайтын Қорғас-Жетіген жаңа жобасы жүргізілуде», – дейді Ұлттық компанияның «Жаңа және импорт алмастыратын жоба­лар орталығы» филиалының директоры Мақсұт Исақов. Оның айтуынша, бағ­дар­ла­ма шеңберінде жүзеге асып жатқан Қытай­мен шекарадағы «Алтынкөл стансы­сы­ның» да болашағы зор. Қытайдың халық­аралық сауда-саттық әлеуеті белгілі. Ендеше осы әлеуетті өз пайдамызға жара­туд­ың да экономикаға қосары салмақты болмақ. Нақтылап айтсақ, шекарадағы шағын ғана Достық стансысы «ҚТЖ» табысының 20 пайызын құрайды екен. Ал жаңадан салынып жатқан «Алтынкөл стансысының» қуаты сол Достықтан екі есеге дейін артады деп жоспарлануда. Сон­дықтан да бұл аса тартымды жоба болып табылады. Оның іске қосылуы да ағым­дағы жылдың соңына белгіленіп отыр.
Индустрияландыру шеңберіндегі тағы бір ауқымды жоба бойынша Қазақстан-Ресей-Француз бірлескен кәсіпорны арқы­лы электровоз шығаратын зауыт салу көз­деледі. Ресейдің «Трансмашхолдинг» ком­паниясы мен француздың «Alstom» ком­па­ниясының басын қосатын зауыттың құрылысы алдағы қыркүйекте бастау алмақ. Сосын 2012 жылдың алғашқы жар­тыжылдығында құрылыс аяқталып, 2013 жылы зауыт қабырғасында қазақ­стан­дық тұңғыш электровоздар шыға бас­тайды. Бағдарлама аясында іске қосылатын бұл зауыттың жылдық қуаты 50 электровоз шығаруды жүзеге асыра алатын болады. Өнімнің экспортқа бағдарланатыны қазір­ден болжанады.
Айтпақшы, «Қазақстан теміржолы» ҰК әлемдегі қозғалыстың жүрдектігі мен жай­лылық талаптарын ескере келе, заманауи сұраныстарды қанағаттандыру үшін испандық «Тальго» компаниясымен бір­ле­сіп жолаушылар вагонын шығару зауы­ты­ның құрылысын да қолға алған еді. Ағым­дағы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін осы зауыт Астанадағы Локомотив құрастыру зауытының іргесінен орын теп­кен. Жалпы, «Тальго» вагондары 2004 жыл­дан бері Қазақстанда пайдаланылып келе­ді. Сондықтан да әлеуетті әріптес ретін­де жолаушылар вагондарын шығару нысанына испандық «Тальго» компаниясы таңдалынған болатын. Зауыт жыл соңына дейін пайдалануға беріліп, соның өзінде 17 жолаушылар вагонын да шығарып үл­ге­ретіні болжанады. Жүрдек әрі жайлы «Тальгоның» толық қуаттылығы жылына 150 жолаушылар вагонын құрайды. Зауыт­тың вагонына Орталық Азия елдерінің сұра­нысы қазірден түсіп жатыр. «Осы­лай­ша, «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ елі­міз­дегі теміржол машина құрылысының тұ­тас­тай саласын қалыптастырмақ. Біз қазір­дің өзінде Қазақстандағы машина құ­ры­лысының локомотивіне айналып отырмыз. Сонымен қатар индуст­рия­лан­дыру бағ­дар­ламасы шеңберінде әлеуметтік бағ­дар­ды да қамтып келеміз. Өңірлерде ден­саулық сақтау, кедендік, шекаралық ин­фра­құрылымдар құрылысын да жандан­ды­руға өз үлесімізді қосқанымыз – соның айғағы», – дейді Мақсұт Исақов. Ком­па­нияның қазақстандық қамту үлесі де жыл сайын артып келеді. 2010 жылдың қо­ры­тындысы бойынша «Қазақстан темір­жолы» ҰК» АҚ-тың қазақстандық қамту үлесі жалпы сатып алулар бойынша 79 пайызды құраған. Бұл еліміздегі Ұлттық компаниялар мен мемлекеттік органдар арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады. «Ағым­дағы жылы біз бұл көрсеткішті 83 пайызға дейін арттырмақпыз. Бұл ненің есебінен жүзеге асады дегенге келсек, 2008 жылы компания сатып алулардағы қазақстандық құрамдастардың үлесін арттыру туралы бағдарлама қабылдаған болатын. Мұнда қазақстандық қамтуға басымдық беретін тетіктер жеткілікті», – дейді Мақсұт Пернебекұлы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста