Қазақстанда тұрмыс құрмаған жалғызбасты әйелдердің саны күн санап өсіп келеді. Қызылордада әрбір бесінші қыз тұрмыс құруды армандайды. Тұрмыс құрмаған нәзік жандылар жалғыздықтан арылу үшін танысу агенттіктеріне, халық емшілеріне де жүгінуге әзір, - деп хабарлады 31 арна.
“Қоғамда әйел жалғыз болса, ешкімге керегі жоқ деген пікір қалыптасқан. Күйеуі жоқтығына қымсынатындардың қатарында жас қыздар да бар”, – дейді танысу агенттігінің басшысы Раушан Базарбаева.
Раушанға жүгінетіндер – көбіне 30-дан асқан ер кісілер мен әйел алуға асықпайтындардың аналары. Олардың болашақ әйелге қоятын талаптары бірдей: менмендігі жоқ, тым ақылды емес, сабырлы және ең бастысы жасы 27-ден аспаған әйел болуы шарт.
Кейбіреулер халық емшілері өздерін жалғыздықтан құтылуға көмектесетініне кәдімгідей сеніп жатады.
“Қыздар ер кісінің басын айналдырып беруді сұрап келіп жатады. Басты қалаулары – күйеуге шығу. Ондай әйлдердің көбі 30 жаста”, – дейді емші Виктор Дубовой.
Тұрмыс құрмағандардың қамын ойлаған депутаттар біресе баласы жоқтарға салық салдуы, енді бірде көпәйелділікті заңдастыруды мәселенің шешімі ретінде ұсынған болатын.
Қызылорда облысында 18-60 жас аралығындағы 380 мың әйелдің әрбір бесіншісі отбасын құруды армандаумен жүр.
Естеріңізге салсақ, жақында интернетке қазақстандықтардың қалыңдық гүліне таласып, төбелескен видеосы жүктелген болатын. Сенім бойынша қалыңдықтың гүлін қағып үлгерген әйел жақын арада тұрмысқа шығады.