Қазақстанда скринингтен өту үшін медициналық сақтандыру қажет пе?
Қазақстандықтар арасында емханалардан медициналық диагностика – скринингтен өтуге қатысты түсініспеушіліктер бар. Төлемдер жасалса да, кейбір азаматтар тексерістен тегін өте алмай жүр. Қазақстанда скринингтен өту үшін медициналық сақтандыру қажет пе және төлемдерді жасауға қатысты қандай ережелер бар? Stan.kz материалынан оқыңыз.
Жақында желі қолданушысы Абдикеримова Сәуле емханаға скринингтен өтуге шақырылған соң барғанын, алайда сақтандыруы бола тұра тексерістен өте алмағанын айтады.
“Емханада скринингті тегін өте ме, жоқ па? Хабарласып шақырды, дәрігерлерге бардым, сөйтсем менің сақтандыруым жоқ болып шықты. Қайтарып жіберді. Төлемдер сәуір айынан бастап жүріп тұр”, – дейді әйел.
Кей азаматшалар скринингтен тегін өткендерін айтса, енді бірі бұл мүмкіндік тек сақтандыру аясында берілетінін айтып дал болуда.
“Жақында скринингтен өттім. Сақтандыруды өз қалтамнан онлайн төледім. Ақысыз еңбек демалысында жүргеніме 6 ай болды. Төлемсіз қабылдамайды”, – дейді тағы бір желі қолданушысы.
Қолданушылардың бірқатары скринингті міндетті әрі тегін ету қажет деген тілектерін білдірді.
“Скринингтің мақсаты – обыр ауруларын анықтау мен алдын ала білу, ескерту. Демек бұл медицина саласындағы болашақта болуы мүмкін шығындарды алдын алу арқылы “үнемдеу”. Осы ретте неге скрининг міндетті яғни тегін бола алмайтынын түсінбеймін”, – дейді желі қолданушыларының бірі.
Әлеуметтік сақтандыру қоры бұл мәселеге қатысты былай дейді:
“Азаматтар скринингтен өту үшін олар соңғы 12 айда тұрақты түрде төлем жасаған болуы тиіс. Егер бірнеше ай төленбей қалған болса бұл қарыз деп есептеледі”, – дейді қор өкілдері.
Медициналық сақтандыру төлемдері зейнетақы, әлеуметтік басқа да төлемдер сияқты міндетті болып саналады. 3000 теңгеге жуық төлемді жасау арқылы азамат өзіне қажетті медициналық қызметті, оның ішінде қымбат қызметті ала алады.
Скринингтен кім өте алады?
30-39 жас аралығындағы әйелдер. Осыған дейін қауіп-қатер белгілері анықталған жағдайда.
40-70 жас аралығындағы әйелдер мен ерлер. Қан айналымы жүйесі ауруларын: артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома, өмір салтына байланысты қауіп-қатер жағдайында.
Кардиолог, эндокринолог, офтальмолог мамандарына тек медициналық сақтандыру пакеті аясында қаралуға болады. Ол үшін азамат сақтандырылған болуы тиіс. Аталған пакет аясында скринингтік текстерістен өте алатындар:
30-70 жас аралығындағы әйелдер. Қатерлі ісік аурулары мен жатыр мойны обырын ертерек анықтау үшін тексерістен өту мақсатында;
40-70 жас аралығында әйелдер. Сүт безі қатерлі ісігін ертерек анықтау үшін тексерістен өту мақсатында;
40-70 жас аралығындағы әйелдер мен ерлер. Ішек пен тік ішектің қатерлі ісігін ерте анықтау үшін тексерістен өту мақсатында;
2-деңгейлі қатерлі топтағы азаттар. Созылмалы В және С гепатиттерін ерте анықтау үшін тексерістен өте мақсатында.
Төлемдер қаншалықты тұрақты болуы керек?
“Егер азамат бірде-бір рет төлем жасамаған болса онда соңғы 12 ай үшін оған қарыз жазылады. Сақтандырылған деген мәртебені алу үшін бір айға ғана төлем жасау жеткіліксіз. Ол үшін бірінші төленбеген кезең үшін төлем жасау керек. Азамат емханаға бармаған болса да.
Мәселен, егер сіз қыркүйектен бастап өз бетінше төлем жасаған болсаңыз, 2022 жылдың тамызында сақтандырылған деген мәртебе аласыз. Ол уақытқа дейін МӘМС пакеті аясында медициналық қызмет ала алмайсыз”, – дейді Әлеуметтік сақтандыру қорында.
Вакцина алмаған балалар мектепке кіруден шектеле ме? Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді
Төлем мөлшері қандай?
Жұмыс істейтін азаматтарға жұмыс беруші 2% өз есебінен және тағы 2% қызметкер есебінен төлейді. Азаматтық-құқықтық келісімшартпен жұмыс істейтіндер үшін де төлемдер жасалады. Жеке кәсіпкерлер жарналарды тек өз қызметкерлері үшін ғана емес, өздері үшін де ең төменгі жалақы көрсеткіші 1,4 -нің 5%-ы немесе 2021 жыл үшін 2 975 теңге. Жеке тұлғалар жалақының ең төмен мөлшерінің 5 пайызын жарна ретінде аударады.
Егер азамат жұмыссыз қалса, уақытқа мәртебені жеңілдіктері бар азаматтар категориясына кіру арқылы ала алады. Оны алу үшін Халықты жұмыспен қапту орталығына жүгініп, жұмыссыз ретінде тіркелу керек.