Қазақстанда косметика өндірісі қашан дамиды?

Қазақстанда косметика өндірісі қашан дамиды?

Бүгінде «бетім қисық» деп айнаға өкпелеудің қажеті шамалы. Әжімді әдіптеп, әдеміленудің неше түрлі жолдары бар. Оған, ең алдымен, косметика атты сұлулық қаруының көмекке келетіні белгілі. Косметика өнімдері еліміздегі ең өтімді тауарлардың бірінен саналады. Қазақстандық нәзікжандылар қолданатын опа-далаптар мен иіссулардың 90 пайызы шетелден әкелініп жүр. Бірақ олардың бағасы отандық өнімдерден 10 есе қымбат.

Сұлулықты қайдан импорттап жүрміз?
Әзірге Қазақстан ірі косметикалық-парфюмерлік компаниялар үшін үлкен жәрмеңке алаңы ғана болып тұр. Еліміздегі косметика нарығында франциялық, италиялық, ресейлік компаниялар үлкен сұранысқа ие. Ірі қалаларымызда алдына Эйфель мұнарасын орнатқан француз сауда үйлері менмұндалайды. Одан бөлек шетелдік косметика өнімдерінің жарнамасы да жер-жаһанды жаулап алған. Oriflame, Avon, Mary Key компанияларының өнімдері нарығымызға дендей енгеніне де неше жыл. Желілік маркетинг арқылы жұмыс істейтін бұл компаниялардың өнімдерін тұтынбаған әйел заты кемде-кем болар. Әрі ақша тауып, әрі әсемдік заттарын насихаттап жүргендер әлі де жетерлік. Орталық Азия бойынша 100 мыңға жуық консультанты бар Oriflame компаниясының өнімі қолжетімді де. Сапасы жақсы басқа компаниялардың өнімдерін, негізінен, қалтасы қалың ханымдар ғана пайдалана алады. Сондай-ақ елімізде 60-тан астам сауда желісін ашқан «Еурокосметикс» компаниясының бір жылғы кіріс көлемі 25 миллион доллардан асып жығылады екен.
Негізінде, осы мәселені көтергендегі мақсатымыз – шетелдік косметика компанияларын насихаттау емес, «неге бізге де осы істі қолға алмасқа?» деп ой тастау. Оған мүмкіндігіміз де жетерлік.

Мемлекет қоржынын қомақтыландыруға әжептәуір үлес қосатын қаншама қаржы бөтеннің қазанына құйылып жатыр. Еліміздегі жалғыз ғана «Үркер Косметикке» қарап уһілеудің де қажеті шамалы. Косметикалық компания деп аталғанымен, әзірге балаларға арналған «Утя» шампуні мен кремін шығарудан басқа, қанатын кеңге жая алмай келеді. Сондай-ақ әрлеуші заттар шығаратын бір ғана "Биотон" зертханасы бар. Одан басқа еліміздегі әсемдік әлеміндегі нарықта «өлі тыныштық» десек те болады.
Өнім өзімізде де бар
Қолымызға түскен «Қымыз» деп аталатын шашқа арналған шайғышқа қарап, қуанып кеткеніміз-ай. Өзіміздің өнім болар деп. Сыртқы қорабына ыдысқа құйылған қымыздың суретін салып қойыпты. Алайда үміт ақталмады. Белоруссияның «Эксклюзивкосметик» компаниясы шығарыпты.
Осындайда ойға қаласың, баяғыда әжелеріміз қымызды бетті әрлеуші ретінде пайдаланды емес пе? Көркем әдебиеттерден байдың бәйбішелері мен қыздары саумалмен жуынған дегенді оқыдық қой. Немесе қазіргі кондиционерлердің орнына айранның сарысуымен шаш шаятын болған. Енді жоғары технология дамыған заманда қолымыздағыны ұқсата алмай отырғанымыз.
Оңтүстік өңіріндегі Сарыағаш ауданында гектарлап раушан гүлін өсіретін шаруашылықтар бар. Олар өнімдерінің біршамасын сатып, қалған раушан гүлдерінің жапырақтарын Ташкентке тонналап өткізетін көрінеді. Естуімізше, ол жақта иіссу жасап шығарады екен. Ал біздің солтүстікте раушан гүлінің жапырақтарынан кәдімгі шаймен ішетін тосап жасайды.
Косметика өнімдерін жасап шығаруға бізде барлық өнімдер жеткілікті. Сұлулықтың астанасы Париждей бүкіл әлемді өз өнімдерімізбен жаулап алмасақ та, тек өз елімізді толық қамтуға мүмкіндігіміз мол емес пе? Қолда барды ұқсата білсек, біраз тірлік тындыруға болады. Тек құлық болса болғаны...

Шетелдік әсемдік заттардың пайдасы қаншалықты?
Қытайдың арзанқол косметика өнімдері қолданыстан шыққалы қашан... Қазір көзіқарақты қаракөздеріміз қымбат та болса, сапасына қарап алатын болған. Бірақ бір әттеген-айы, шетелдік бояуларда сақтау мерзімі үнемі көрсетіле бермейді. Олардың кедендегі кермеден қалай өткізілетіндігі де белгісіз. Бұл да болса – түйінін тарқатуды қажет ететін мәселе. Әрі косметологтар шетелдік косметика өнімдерінің біздің табиғатымызға келе бермейтінін айтып дабыл қағуда. Алайда оған алаңдап жатқан адам жоқ. Мәселен, әжімге арналған, теріні қоректендіретін кремдер біздің климатта әсер етпеуі мүмкін. Өйткені шетелдік өнімдер қаншама табиғи таза өнімдерден жасалған дегенмен де, біздің ауа райымызға сай келмейді. Әрі бізде экологияның ушығып тұрғаны да әмбеге аян.
Сондықтан да сұлулық өнімдерін сатып аларда пайдасы бар ма, жоқ па дегенді екшеп алған да дұрыс. Әрбір қыз-келіншек бояуларды қолданбас бұрын қораптарда жазылған ақпараттан құлағдар болғаны абзал, әрине. Бірақ көптеген заттарда қазақшасын былай қойғанда, өзімізге түсініктілеу орыс тілінде жазылған нұсқаулығы да жоқ болып жатады.
Сұлулық қанша тұрады?
Алда — көктем мерекесі. Сұлулыққа жаны іңкәр жандардың косметикалық өнімдерге лап қоятыны да осы кез. Косметика нарығындағы сауданың көрігі қызатын да осы тұс. Базардағы опа-далапты місе тұтпайтындар фирмалық өнімдерді ғана пайдаланады. Иіссуларымен атағы шыққан француздық өнімдердің өтімділігі де орасан. Кіп-кішкене құтыдағы иіссуының өзі – кемі 50 доллар, арысы тіпті 200-300 доллардан да асып жығылады. Мұндай өнімдердің эксклюзивті түрін Франциядан арнайы алдыратындар да баршылық. Бір сепкенінің өзі бір аптаға жететін иіссудың бағасы қымбат болуы заңды да. Одан беріде опа-далаптардың бағасы да оңай емес. 2-3 мыңнан бастап сатылап өсе береді. Одан кейін кірпікке сүйкейтін сүрме, қабақты әрлейтін түрлі-түсті бояулардың өзі де арзан тұрмайды. Ең қарапайым деген қыз-келіншектің өзі жылына, кем дегенде, 15-20 мың теңгесін сұлулық үшін құрбандыққа шалады. Енді еліміздегі нәзік жандылар санын есіңізге түсіріңіз. Ал бүгіндері тіпті әжелеріміздің де косметикадан хабары бар екенін ескерсек, қаншама қаржының шетел асып жатқанына ішің ашығаннан басқа амал жоқ.
Еркеш МЕЙІРМАНОВА, косметолог:
– Бүгінде елімізге ағылып жатқан косметикалық өнімдердің 90 пайыздан астамы шеттен келеді. Бізге көбіне өз өнімдерін экспорттайтын – Франция мен Италия, Польша елдері. Қымбаттығына қарай сапалы да. Ал Қытай да бізге өз өнімдерін тонналап әкеліп, әсемдік заттар нарығын жаулап алды десек те болады. Алайда ол өнімдердің кейбірінің аллергиялық ауру тудыратыны арагідік кездесіп қалып жатады.
Одан гөрі қолда бар табиғи өнімді пайдаланған өте тиімді. Әрі пайдалы, әрі ақша үнемдеудің таптырмас құралы.

Керек дерек
Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы 4,68 миллиард долларды құрап отыр. Франциядан елімізге экспортталатын тауарлардың бастысы – электрондық және механикалық жабдықтар, одан кейінгі орында косметика өнімдері тұр. Оның ішінде элиталық санаттағы парфюмерия мен косметика, аксессуарларды жөнелтеді. Ал Польша мен Қазақстанның арасындағы тауар айналымы 1 миллиард доллардан да асып жығылады. Поляктар елімізге, негізінен, косметика, теңіз транспорты, кондитер өнімдерін экспорттайды. Елімізге ең қымбат косметика өнімдерін тасымалдайтын – осы елдер.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста