Қазақстанда жасөспірімдердің жыныстық қатынасқа түсу жасы жыл санап жасарып барады. Елімізде орта есеппен 14 жастан асқан ер бала мен 15-тен асқан қыз алғаш рет төсек қатынасына түседі деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Ал дамыған ел болып табылатын Эстонияда жыныстық қатынасқа бірінші рет түсетіндердің орташа жасы – 17. Бұл жасөспірімдер арасындағы аборт санының артуына, жалпы мектеп жасындағылардың денсаулығына айтарлықтай нұқсан келтіреді.
«Экомед» Адам ұрпағын өрбіту емханасының ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова осы мәселеге алаңдап отыр. Шымкентте өткен Халықаралық әйелдер форумында сөз алған Салтанат Берденқызы ол үшін мектеп бағдарламасына денсаулық сақтау сабақтарын енгізіп, әсіресе жыныстық сауаттылықты арттыруға аса көңіл бөлу керектігін айтты.
«Бізде ата-ананың баласына төсек қатынасы туралы кеңес беруі сирек. Сол үшін мектеп жасынан бастап ақпараттандыру қажет» деген ол өз сөзінде әйелдердің денсаулығы жыл санап төмендеп бара жатқанын айтып, дабыл қақты.
Соның ішінде Оңтүстік Қазақстандағы жағдай өте қиын. Өйткені облыстағы әйелдер қауымының тек 30-35 пайызының ғана дені сау. Қалғаны бүйрек, бауыр, жүрек және тағы да басқа дерттерге шалдыққан.
nur.kz