Қазақстанда «әмбебап» ұстаздар пайда болады
Болашақта бірнеше пәнді бір өзі оқыта беретін бесаспап мұғалімдер даярлануы мүмкін. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев айтты. Ауыл мектептеріндегі маман тапшылығын осылай жоймақшы екен. Бағдарламадағы барлық пәнді үш-төрт мұғалім ғана оқытқаннан сапаға нұқсан келмей ме деген сауал туындайды.
«Әмбебап» ұстаздар ауыл мектептерінде қазір де бар. Алайда олар заңсыз еңбек етуде. Яғни біліктілігі оқытатын пәнге сәйкес келмеген жағдайда ол Білім туралы заңның 51-ші бабын бұзған болып табылады. Сондықтан білім саласын қадағалау комитетінің мамандары соңғы жылдары бұл келеңсіздікпен күресті күшейткені белгілі. Бір өзі математика мен химияны, денешынықтыру мен сызуды, тіпті тілдік пәндердің бәрін оқытқан жағдайлар да кездесіп қалады. Комитет мамандары айыппұл та салды, біліктілігін жетілдіру курстарына да жіберді. Әйтеуір күресіп келеді.
Ауыл мектептеріндегі бұл жағдай білім сапасына кері әсер етіп отырғанын «Алаш айнасы» бұрын да жазған болатын (қараңыз). Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің 80 пайызы шағын комплектілі мектеп екені белгілі. Яғни бұл білім ошақтарында бастауыш сыныптарды екі-екіден қосарлап бір мұғалім оқытады. Ал жоғары сыныптарда мамандар жетіспеуде. Есіл ауданы Николаевка мектебінің директоры Бауыржан Түленовтің айтуынша, тапшылықты жою үшін математика, физика және информатика пәндерін, сондай-ақ химия, биология мен географияны және тағы да басқа пәндерді бір өзі оқыта алатын бес-аспап маман қажет-ақ. Және ондай маманды жергілікті университетте даярласа деген ұсыныс айтып отыр.
Ұжым басшысы бұл сауалды Қызылжарға жұмыс сапарымен келген Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиевке де қойған болатын. Министрдің орынбасары бүгінде осындай «әмбебап» ұстаздар даярлау ісі қолға алынғанын айтты.
Есенғазы ИМАНҒАЛИЕВ, Білім және ғылым вице-министрі:
– Шағын комплектілі мектептер Солтүстік Қазақстан облысында ғана көп емес, ол еліміз бойынша да 60 пайызды құрайды. Сондықтан бұл мәселе бойынша министрлікте жұмыс тобы құрылған. Солар жұмыс жүргізіп, бүгінде педагогтар даярлайтын оқу орындарында үш пәнді қосып оқытатын ұстаздар даярлау еніп жатыр. Ол бір күнде шешілетін мәселе емес, үкіметтің қаулысы қажет және қаржыландырылуын шешу керек. Бүгінде жұмыс тобы осы мәселелерді пысықтауда.
Вице-министрдің бұл ұсынысы мектептердегі мұғалімдердің жетіспеушілігін жояр, алайда білім сапасын арттырады дегенге сену қиын. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар, яғни әр пәнді соған бейімі бар білікті маман оқытқаны абзал. Ал бәрін қойыртпақтағаннан ең бірінші кезекте оқушы зардап шегетіні мәлім. Сондықтан, нақты шешім қабылдамас бұрын, бәрін егжей-тейжейлі екшеп алған жөн болар. Сіз не ойлайсыз, оқырман?