Ресми деректерге қарағанда елімізде құрылыс саласының мамандары жетіспейтін көрінеді. Алайда «жұмыс жоқ» деп құл базарында, көше бойында білек күшін сатып тұрған қазақ жігіттері аз емес. Есесіне құрылысшы болып, мал тауып жүрген мигранттар көп. Сонда «қазақ жігіттері құрылыс алаңына бармай, неліктен құл базарын жағалайды?» деген сұрақтың туындауы заңдылық.
Осы сұраққа жауап іздеп Алматы қаласындағы Рысқұлов даңғылы бойында, еңбегін сатып тұрған жігіттердің бірін сөзге тартып көрген едік.
Өзін Мұрат деп таныстырған жігіт: «Күнделікті табыс әртүрлі. Сәтін салса, кейде бір күнде 10 мың теңге табамыз. Жұмыс болмай қалатын күндер де болады. Шамамен, айына 100 мыңдай шығады. Шұғыл шаруаң шығып жатса, «жұмыстан сұрану керек» деген проблема жоқ. Орташа алғанда күніне 4-5 сағаттан артық жұмыс істемейміз. Екі рет құрылыс компаниясында жұмыс істедім. «Аванс» деп жалақының жартысын беріп отырады да, нысан біткен соң соңында қалған ақшаны бермей қойды. Телеарналарды да шақырдық, прокуратураға да шағым түсірдік, бәрібір нәтиже болмады. Содан кейін құрылыс саласына бармайтын болдым. Біреулер құл базар деп намысқа тигісі келеді. Бізді ешкім құлдыққа салып, ақысыз жұмыс істетіп жатқан жоқ. Қаласақ барамыз, қаламасақ бармаймыз. Табысымыз нақты. «Ақша бермей қою» деген жоқ. Жалпы өзіме ұнайды» дейді.
Мұраттың «құрылыс компаниялары жалақыңды бермей қояды» деген сөзі негізсіз емес. Расымен де, жұмыс біткен соң ақысын бермей, жұмысшыларды сандалтып қоятын құрылыс компаниялары әлі де табылып жатады. Мәселеге құқық қорғау органдары араласа қалса, «екі айдан кейін береміз, үш айдан кейін береміз» деп уақытты созып жүре береді. Ақыры үміті үзілген жұмысшылар бет-бетіне кетеді. Ал құрылыс компаниясы болса, солай айласын асырып, азын-аулақ айыппұлмен құтылып кетіп жатады.
Мұраттың айтуына қарағанда, құрылыс компаниялары көп жағдайда «осы нысан біткенше, уақытша жұмысқа аламыз, мерзімдік жұмыс үшін еңбек келісім-шартын жасамаймыз» дейтін көрінеді. Оған келіспегендерді жұмысқа алмайды екен. Нәпақа табу үшін аймақтардан келген жігіттер амалы таусылып, құрылыс компаниясының шартына көнетін көрінеді.
Ресми дерекке сүйенер болсақ, өткен жылы жұмыс берушілердің жұмысшылар алдындағы жалақы қарызы 1 млрд тенгеден асып жығылған екен. Жалақы қарызының көшін өндіріс және құрылыс саласы бастаған көрінеді. Ал сол қарыздың 20 пайызы ғана жұмысшыларға қайтарылыпты. Яғни, жалақы қарызы мәселесін шешу әлі де түйткілді мәселе болып тұр. Мұндай жағдайларды жұмыс берушілер уақытты созып, соңын сиырқұйымшақтандырып, ақыр соңында айыппұлмен құтылады. Демек, қазақ жігіттерінің құрылыс саласына бармай, құл базарын жағалауының бір ұшын осыдан да іздеуге болатын секілді.
Көше бойында тұрған жігіттерден тағы бір білгеніміз, олардың басым көпшілігінің мамандығы жоқ. Өздерінің айтуынша, бәрі де құрылыс жұмыстарын жақсы меңгерген. Бірақ тиісті құжаттары жоқ. «Неге құрылыс мамандығына оқып алмайсыңдар? деген сауалға «уақытты босқа жоғалтып қайтеміз, онсыз да кез келген құрылыс жұмыстарын атқару қолымыздан келеді» дейді. Бір өкініштісі, жігіттеріміз қолында құжаты бар кәсіби маман болса, жұмыссыз қалмайтынын, табысы да жақсы болатынына сенбейтіндігі болды. Тепсе темір үзетін жігіттерімізге құрылыс алаңынан құл базарының артық болғаны қынжылтады.