Қазақ жерінің 70 пайызы шөлге айналып кетіпті
Қолындағы асатаяғын жерге қадап кетіп, қайтып келсе, ол мәуелі бәйтерекке айналғандығы жайында қазақтың аңыз-ертегілерінде көп айтылады. Әрбір аңыздың астарында ақиқат жататынын ескерсек, кезінде қазақ жерінің құнарлығы қу таяқты жібітіп, тамыр жайдыратындай құдіретке ие болғанын аңғарамыз. Өкінішке қарай, бүгінде сол кең даламыз шөл далаға айналып барады. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің соңғы таратқан мәліметіне қарасақ, ел аумағының 70 пайызы шөлге айналып үлгеріпті. Және шөлейттену үдерісі үдемесе, тоқтайтын түрі байқалмайды.
Құнарлы жердің шөлге айналуы – әлем бойынша жүріп жатқан үдеріс. Адам баласы егіншілікті игергелі бұл үдеріс тіптен үдей түскен. Бүгінде жер бетінің үштен бірін шөл дала алып жатыр. Мысалы, жердің құнарлылығы құрамында миллиондаған микроорганизмдер бар беткі қабатына байланысты. Ғалымдардың есептеуінше, қалыңдығы бір сантиметр болатын құнарлы қабат қалыптасу үшін ғасырдан астам уақыт қажет екен. Ал оны жою үшін соқамен бір рет жыртып өту жеткілікті.
Біріккен Ұлттар Ұйымының ақпаратынша, жер бетінің 40 пайыздан астамы шөлейттенген, ал Қазақстанда аталмыш көрсеткіш 70 пайызға жетіп жығылады. Мұндай сорақылыққа өткен ғасырдың ортасындағы тың игеру деген желеумен миллиондаған гектар жердің аяусыз жыртылуының да өзіндік кесірі тигені анық. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы өндірушілері мол өнім алу мақсатымен Жер-Ананы әлі де аяусыз қанауын қояр емес. Иесіз, бос жатқан бір гектар алқап көрсе, бір қап бидайды артық алу мақсатымен түрен салуға асығады.
Ал жалпы қазақ сахарасына көз жүгіртетін болсақ, шөлейт даланың бірнеше түрін көруге болады. Атақты Қарақұм 350 мың шаршы шақырымды алып жатыр, 200 мың шаршы шақырымға созылған Үстірт пен Маңғышлақ, 300 мың шаршы шақырым жерде жатқан Қызылқұм, 35 мың шаршы шақырым – Арал Қарақұмы, 75 мың шаршы метр – Бетпақдала, 40 мың шаршы шақырымға жететін Мойынқұмымыз бар.
Ал әлемдегі ең жас шөл Аралқұм екен. Арал теңізінің суалуы бұл шөлдің ұлғаюына ерекше әсер етті. Арал қасіреті де адам қолымен жасалғаны анық, мақта шаруашылығын дамыту үшін теңіздің суын оңды-солды шашып, бүгінде зардабын тартып отырған жайымыз бар. Судың тартылуынан пайда болған зиянды элементтердің қатері жайлы әлем ғалымдары дабыл қағып отыр.
Қазақ жерінде орманды алқаптардың аздығы да жердің шөлейттенуіне жол ашып беруде. Барлық алқаптың 5 пайыздан астамында ғана ағаш өседі екен, ал оны ауыл тұрғындары қыстық отын үшін отап жатқанын ескерсек, жағдайымыз мүшкіл екенін ұғамыз. Құмның көшуіне бірден-бір тосқауыл болатын сексеуіл де сиреп кетті. Бүкіләлемдік банктің қаржысына Арал теңізінің аумағындағы 25383 гектар жерге сексеуіл егіліпті. «Ештен кеш жақсы» демекші, бұған да шүкір.
Шөл шекара талғамайды, сондықтан онымен әлем болып күресу қолға алынғалы қашан. Біріккен Ұлттар Ұйымының шөлге айналумен күресу жөніндегі конвенциясына Қазақстан 1994 жылы қол қойып, 1997 жылы ратификациялаған болатын. Содан бері елімізде жер ресурстарын басқару бағытында бiрқатар заңнамалық актiлер қабылданып, бiрнеше жоба жасалған. Олардың қатарында Сырдария арнасын басқару, Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтау, ел аумағындағы орман алқаптарын кеңейту, шөлейт жерлердi басқару, мал шаруашылығына арналған аумақтарды бақылау жобалары бар. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, алғашқы нәтижелер жаман емес көрінеді. Мысалы, Сырдарияның ағысын қадағалау нәтижесінде Аралдың солтүстік бөлігінің су деңгейі алғашындағы 39 метрден 42 метрге көтерілген. Бұл да болса жаман көрсеткіш емес.
Жақында дәл осы шөлге айналумен күрес жөніндегі ұйымның атқарушы хатшысы Люк Гнакаджа Қазақстанға келіп кеткен болатын. Дөңгелек үстел басында әлемдік апатпен күрес жолдары айтылған. Жердің шөлейттенуі кейбір мемлекеттерде азық-түлікке тапшылық тудырып отырғаны айтылды. Абайламасақ бұл қауіп күндердің күнінде халқының жартысына жуығы ауылды мекендейтін біздің мемлекеттің де басына түсуі бек мүмкін. Қазақстан бүгінде жылына 20 миллион тоннадай астық орады, ал тұрғындардың тұтыну көрсеткіші 5-6 миллион ғана. Демек, бос жатқан тың жерлердің бәріне соқа сала берудің қажет жоқ деген сөз.
Бектас МҰХАМЕДЖАНОВ, ҚР қоршаған ортаны қорғау вице-министрі:
– Айта кеткен жөн, табиғатты қорғау саласындағы конвенциялардың iшiнде аталған конвенция экологиялық проблемаларды ғана емес, сонымен қатар әлеуметтiк және экономикалық мәселелердi шешуге ықпал етуге бағытталған. Халқының 43 пайызы ауылда тұратын және оның басым бөлiгi жер игеру арқылы нәпақасын тауып отырған Қазақстан үшiн жердiң деградациясы мен шөлейттенуi өзектi түйткiлдердiң бiрi. Келешекте шөл басумен күрес ұлттық орталығын құру жоспарлануда. Орталық халықаралық және үкiметтiк емес ұйымдарды, жергiлiктi қауымдастық пен бизнес өкiлдерiн ортақ жобаларға тарту көзделген.
Дерек: Әлемдегі егін шаруашылығы жерлерінің 43 пайызы шөл және шөлейт аймақтарда. Жердің құнарсыздануы кесірінен шаруалардың өнімі жылына орташа 42 миллиард долларға азаюда. Соңғы 40 жылда әлем бойынша барлық егістіктің үштен бірі жарамсыз болып қалған. Жылына шамамен 20 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері жеміс беруін тоқтатады екен, олар иесіз қалуда немесе ол жерлерге қалалар салынады.