Қазақ сыныптарын жабу туралы әңгіме қайдан шықты?
Редакциямызға хабарласқан бір топ ата-ана: «Түрксіб ауданына қарасты №49 жалпы білім беретін аралас мектептегі қазақ сыныптарын себепсізден себепсіз жауып жатыр. «Жаңа оқу жылынан бастап қазақ бөлімінің бірінші сыныбына балалар қабылданбайды» деген хабарландыруды мектеп алдына іліп қойған. Мұндағы қазақ сыныптарының өзі бір-бір сыныптан ғана, тоғыз жылдық болатын. Ашылғанына 10 шақты жылдан асса да, тоғыз жылдықтан әрі аспай қойған қазақ сыныптарын 11 жылдық болар деп күтіп жүргенімізде оның өзін қысқартып жатыр. Алдағы уақытта бірінші сыныптан бастап балаларды қабылдамау арқылы жыл сайын қазақ сыныптарын азайтып, қазақ бөлімін мүлдем жауып тастамақшы. Алғашында мәселенің мәнін сұрамақ болып мектепке барғанымызбен, директорына кездесе алмадық. Мектеп директорының орынбасары «жоғарыдан бұйрық бар» дегенді айтады. Ал Астанадағы Білім және ғылым министрлігіне хабарласқанымызда, олардан «ондай бұйрық берілген жоқ, аралас мектептегі қазақ сыныптарының жабылуы заңсыз» деген жауап алдық. Мұны мектеп директорына барып айтқанымызда, оның жауабы «жазбаша бұйрық жоқ, бірақ мен министрдің ауызша берілген бұйрығын орындап отырмын» дегенге сайды. «Мұныңыз қалай? Сіз балалардың мемлекеттік тілде білім алу құқын бұзып отырсыз ғой, бұйрық деген жазбаша болуы керек емес пе?» – дегенімізде, «аралас мектептерді біртілді мектепке ауыстыру арқылы білім сапасын көтеру үшін жасалып отырған іс» деді. Сонымен, мәселенің анық-қанығын біле алмай отырмыз, сонда әр директор ойына келгенін істеп отыра беруіне бола ма?» – десті.
Біз де мәселенің анық-қанығын білу мақсатында №49 мектепті бетке алдық. Мектеп алдынан орыс тілінде ілінген «2010 жылдың 1 маусымынан бастап жаңа оқу жылының орыс сыныбына алты-жеті жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз» деген хабарландыруды көзіміз шалды. Біз барғанда мектеп директоры орнында болмай шықты. Залда кездескен Света есімді ұстаз: «Қазақ сыныптарын бірден жабайын деп жатқан жоқ, бірінші сыныпқа оқушы қабылдамайды, қазір қолда бар балаларды бітірткен соң ғана таза орыс мектебіне айналдырмақшы. Қазақ сыныптарында бір сыныпта 20-25 баладан бар. Бастауыш сыныптарда тіпті көп. Алдағы уақытта бірінші сыныптан бастап балаларды қабылдамау арқылы қазақ сыныптарын біртіндеп жабады», – деп жауап берді. Залда кездескен оқушылар да бұл мәліметті растады. Бірақ «не үшін» деген сұраққа жауап таппаған соң, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын іздедік.
Рауфа ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, №49 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Қазақ бөлімі бір күнде жабылмайды. Қазір бірінші сыныпқа балалар қабылдамаймыз, тек қазір қолда бар балаларды бітіртіп, орыс мектебіне айналамыз. Балалар ғана емес, мұғалімдерді де біртіндеп көрші қазақ мектептеріне ауыстырмақпыз. Мұны 25 мамыр күні соңғы қоңыраудан кейін қазақ сыныптарының балалары мен ата-аналарын жинап алып, мектеп директоры түсіндірген болатын. Біз мұны өзіміз шығарып отырған жоқпыз, директор «жоғарыдан бұйрық бар» деген болатын.
«Жоғарыдан келген бұйрықты» жеткізуші мектеп директоры Бақторазова Бижамал Зейноллақызынан мәселенің анық-қанығын білгіміз келіп, ұялы телефонына хабарластық. Алайда мектеп директоры бұл мәселеге әртүрлі уәж айтып, бізді де, өзін де әбден шатастырды. Алғашында «қазақ бөлімінің бірінші сыныбына балалар қабылдау жөнінде хабарландыру ілсек, балалар топырлап кетеді, ал маған қазақ сыныптарынан бір-біреуден ғана керек, сол үшін орыс сыныбына бала қабылдау жөнінде ғана хабарландыру ілген едік» деген директор артынша: «Хабарландырудың ілінгенін білмеймін, оны орыс сыныбының мұғалімдері өздері іліп қойған болуы керек. Рас, бізге біртілді мектептің болғаны жақсы деп айтады, бірақ әлі жоғарыдан бұйрық келген жоқ», – деп шықты. Сондай-ақ ата-аналар мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасардың да, мектепте кездескен мұғалімдердің де сөздерін жоққа шығарып, бірінші сыныптың қазақ бөліміне балалар қабылдайтынын айтты. Біресе олай, біресе былай сөйлеген директордың түлкібұлаңын түсінбедік. Ал аталмыш мәселе жөнінде түсініктеме беру үшін Алматы қалалық Білім басқармасының жалпы орта білім бөлімінің бас маманы Гүлнәр Мақайқызына хабарласқанымызда, ол аталмыш мектепке хабарласқаннан кейін ғана түсініктеме беруге келісті. Біршама уақыттан кейін қайта хабарласқан Гүлнәр Мақайқызы бұл мәселені былайша түсіндірді.
Гүлнәр МАҚАЙҚЫЗЫ, Алматы қалалық Білім басқармасының жалпы орта білім бөлімінің бас маманы:
– Түрксіб аудандық білім бөлімінен және бізден №49 мектепке ондай ұсыныс түспеген. Қазір аталмыш мектеп бірінші сыныпқа балалар қабылдау жөніндегі хабарландыруды қайта жазып жатыр, яғни келер оқу жылынан бастап қазақ бөліміне балалар қабылдайды. Ол мектепте жалпы 1140 бала оқыса, оның 242-сі қазақ сыныбының балалары екен. Ата-аналардан сұраныс болған жерде директордың қазақ сыныбын ашпауына қақысы жоқ.
Осылайша, Білім басқармасы мәселені шешіп бергендей болды. Аталған мақаланы жазбасақ та болар еді. Алайда «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, бұл дүрбелеңнің артында бір сыр бар тәрізді көрінді бізге. Осындай аралас мектептердегі қазақ сыныптарының тағдырына Алматы қалалық Білім басқармаларындағылар ыждағатты болса екен деп тілек білдіргіміз келеді. Өйтпеген жағдайда кейбіреулер «қазақ сыныптарына бала жиналмайды» деген желеуді қолдан ұйымдастырып, мемлекеттік тілде білім беруді мүлдем тоқтатып тастауы әбден мүмкін-ау. Ал аралас мектепті қазақ бөлімінің есебінен біртілді мектепке айналдыру жөніндегі ұсыныстың нақты қайдан шыққанын сол күйі анықтай алмадық.