Қатыгездік қанымызға сіңіп бара жатқан жоқ па?
Қазір қоғамда не болмай жатыр? Адам өлтіру, тонау, қарақшылық жасау, зорлау секілді қатыгездік әрекеттердің барлығы орын алуда. Тіпті үлкендерді қойып, жастардың арасында да болмашы нәрсе үшін бірін-бірі пышақтап кету, атып кету, асып кету секілді жантүршігерлік оқиғаларды да жиі еститін болдық.
Онымен қоса, педофил деген жауыздық та белең ала бастады. Соңғы екі-үш жылда қасиетті деп жүрген Түркістан қаласының өзінде аузынан ана сүті кеппеген үш жас жеткіншек қыз зорланды. Ол-ол ма, бір-екі апта өтпей жатып Алматы облысында бес жасар ұл бала зорланды. Қазір бұл іске қатысы бар күдікті ретінде Алматы облысы Райымбек ауданының 23 жастағы жігіті ұсталып отыр. Ең сорақысы, ол өз істегенін мойындап, «ішімдік ішіп алғаннан кейін не істеп, не қойғанымды білмеймін, өзім түсінбей қалдым» деп ақталуда. Бесіктен белі енді шыққан баланы айуандықпен зорлау – бұл қорлық, сүйекке түскен таңба. Ата-баба тарихында болмаған мұндай хайуандық әрекеттер қайдан пайда болды? Қоғам неге осыншама бүлініп отыр? Мұны көпшілік ұлттық тәрбиені босаңсытып, экрандағы жауыздық фильмдерді көптеп көрсетуімізден деп жатады. Еліміздің генетик-ғалымдары мұның алдын ертерек алмасақ, қазақтың ұлттық генетикалық жадын оятпасақ, ертеңгі күні үлкен қауіп туындауы мүмкін екендігін айтады.
Қазір әлемнің генетик-ғалымдары адамзаттың генетикалық кодында ауытқушылық пайда болғанын тілге тиек етіп жүр. Әртүрлі полигондардың кесірінен, «Байқоңыр» ғарыш айлағы секілді космодромдардың, ауаға улы газдар бөліп шығаратын зауыттардың салдарынан адамзаттың генетикалық құрылымдары өзгеріп, денсаулығы мен мінез-құлқына әсер етуде.
Осы ретте генетик ғалымдар адамның кейбір қабілеттерінің, мысалы, музыкаға, шешен сөйлеуге, ақындыққа, математикаға бейімділігі және т.б. қасиеттері тұқым қуалайтындығын анықтаған. Айталық, музыкаға қабілеттілік әйгілі Бахтардың әулетінде болған. Мұндай мысалдарды өзіміздің қазақ дарындыларынан да келтіруге болады. Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай әулетінен тараған ұрпақтардың ішінде ақындар, сазгерлер, шешен сөйлейтіндер көп болған. Олар: Құнанбайдың баласы, қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы – Абай, немерелері — Шәкәрім, Әбдірахман, Мағауия, Ақылбай т.б. «Жоғарыдағы қатыгездік әрекеттер де ертеңгі күні қанымызға сіңіп, тұқым қуалауы ғажап емес. Біз кішкентай бала көрсек, «тпәй-тпәй, атасына тартыпты, ағасына тартыпты» деп, кейбір мінездерін, түр-сипатын отбасындағы үлкендерге ұқсатып жатамыз. Қазақтың «Бір ұл бар атаға жете туады, бір ұл бар атадан кете туады, бір ұл бар атадан өте туады» деген мақалы да тегіннен-тегін айтылмаған. Сондықтан азғындықтың алдын алмасақ, әкеден екі есе асып түсетін жауыздық, қатыгездік жасайтын ұрпақ пайда болуы әбден мүмкін» дейді генетик ғалымдар. Біз бұлай жүре берсек, ұрпақ ауыса келе, бүкіл адамзат қауымы мутантқа айналып кетпей ме? Мутация адамның жүйке жүйесіне, миға әсер ететіндіктен, келешек ұрпақтың ақыл-ойы тежеліп, күштілер әлсізге әлек көрсетіп, қоғам заңы орман заңына айналмасына кім кепіл?
Бақытжан БЕКМАНОВ, Жалпы генетика және цитология институты директорының орынбасары:
– Негізі, әке-шешенің кейбір қасиеттері балаға берілетіні рас. Интеллектуалдық қабілет ұрпақтан-ұрпаққа тұқым қуалайтындығы дәлелденген. Оған күмән жоқ. Мысалы, жастар 50 пайыз қабілетті ата-анасынан алса, 50 пайызын қоршаған ортаның әсерінен алады. Егер текті ұрпақтың тұяғын ұлттық бағытта тәрбиелеп, отаншылдыққа баули алсақ, ол баладан ешқашан қатыгездік шықпайды. Ең бастысы, тегімізді, генімізді таза ұстасақ, балаларымызды ұлттық тәрбиемен тәрбиелесек, онда біздің ұтарымыз көп. Бұл — мәселенің жақсы жақтары ғана. Дәл осы секілді қатыгездік, ашуланшақтық, кедір-бұдыр мінез де тұқым қуалайды. Енді жақсы қабілет атадан балаға берілгенде, неге нашар мінез тұқым қуаламасқа? Ол да — атадан балаға берілетін белгілердің бірі. Оны бөліп-жарудың керегі жоқ. Бірақ бұл жерде қоршаған ортаның да көп әсері барын ұмытпағанымыз жөн. Мәселен, ашуланшақтық, күйгелектік баланың генінде болса, алайда сыртқы орта оған жайлы, жақсы болып тұрса, онда ол мінездер ешқашан сыртқа шықпайды. Ал сыртқы ортада күйбең тіршілік, ұрыс-керіс көп болса, онда нашар мінездер де активтеніп, өз ықпалын көрсете бастайды. Нәтижесінде адам бойында қатыгездік, жауыздық пайда бола бастайды. Бізде, өкінішке орай, ауру түрлерінің тұқым қуалайтындығын ғана зерттейміз де, ал атадан балаға берілетін мінездердің ішкі факторларына көп жағдайда үңілмей жатамыз. Сондықтан ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қабілеттерді де жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттейтін уақыт жетті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуі бойынша, өткен ғасырдың 60-жылдарының басында қазақ ұлты «адамзаттың геномы» атанған, яғни ең таза қан қазақтарда болған. Бұл жеті атаға дейін қыз алыспау саясатының үлкен жемісі еді. Кеңес заманында елімізге арақ-шарап ағылды. Осылайша, қазақ ұлты сау басына сақина тілеп алды. Дәрігерлердің айтуынша, біздің қазақтарда алкоголь-дегидрогеназ деген фермент жоқ екен. Еуропа халықтары, Испания, Франция, Германия, Италия, әрі-беріден соң көрші Ресейдің халықтары алкогольды ішімдіктерді ежелден ішіп келеді. Құдды, ұлттық сусындары тәрізді. Сондықтан да олардың қандарында алкоголь-дегидрогеназ деген фермент көп. Әлгі фермент олардың қандарына түскен алкогольдың уытымен күреседі. Ал бізде мұндай фермент болмағандықтан, біздің ішімдіктен табатын ауруымыз да, түрлі қылмыс та осыдан болып шығады. Осылардың себебінен де генетикалық құрылымымыз бұзылған. «Қазақта бұрын-соңды қант диабеті деген болмаған. Қазір көбейді. Негізінен, бұл ауру генетикалық құрылымы бұзылған халықтарда көп болады», – дейді дәрігер-мамандар.
Жалпы, мұны ретке келтіру үшін не істеу керек? Қатыгездікті қанға сіңірмей, адамзат қауымын апаттан аман алып қалу үшін қандай әрекеттер жасаған жөн?
Әбдімәлік ӘБДІРАХМАН, исламтанушы:
– Ол үшін қазақ рухының генетикалық жады, ұлттық коды мен дүниетанымын, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын қайта жаңғыртуымыз керек. Сондай-ақ ата-анамен қатар, педагогтер қауымы да баланың тілегін Құдайдан сұрағаны абзал. Себебі Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың хадисінде баласының тілеуін тілеген ата-ана дұғаларының қабыл болатындығы айтылған. Педагогтер де Жаратқаннан балалар үшін тілек тілегені дұрыс. Кезінде тұтастай бір қоғамды жамандықтан тыйып, жақсылыққа тәрбиелеген хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздан алар үлгіміз көп. Пайғамбарымыздың өмірін, бала тәрбиесіндегі ісін көпшілікке насихаттауымыз қажет. Сонда ғана қоғамды қатыгездіктен сақтап қаламыз.
Біздің міндет — ой тастау, ал оның жүзеге асуы құзырлы органдар мен әр адамның өзіне байланысты. Қалай десек те, қатыгездіктің қанға сіңбей, бүкіл адамзат қауымын апатқа ұшыратпай тұрғанда, мұның алдын алатын кез жетті.