Оралда республикалық ономастикалық комиссия мүшелері мемлекеттік тілде жазылған жарнамадағы қателіктер мәселесін талқылады.
Орыс тілінде жазылып, кейін қазақ тіліне аударылатын маңдайшалардағы мәтіндерде орфографиялық, грамматикалық және стилистикалық қателер өріп жүреді. Ең сорақысы – жергілікті атқарушы органдарға оны бақылауда ұстау құқығы берілмеген. Сондықтан «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» заңдарды жетілдіру бойынша ұсыныс дайындайтын боламыз, - дейді мамандар. Ол үшін Мәдениет және спорт министрлігінде арнайы жұмыс тобы да құрылған.
Жабал Ерғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының мүшесі:
- Бір сорақылығымыз – ілгері баспай отырған жағдаймыз қазір әрбір мекеме көзбояушылық үшін, тілді білсін-білмесін, бір аудармашы ұстап отыр. Ол аудармашы қай деңгейде екендігін өздеріңіз жақсы білесіздер. Кейде сол аудармашылардың қазақ тіліне аударып берген материалдарын түсінбей, орысшасын сұратып алатын жағдайымыз бар.
Нұртөре Жүсіп, «Айқын» республикалық басылымының бас редакторы:
- «Жарнама туралы», «Жапсырмалар туралы», «Тіл туралы» заңдарымыздың бір-бірімен қабыса бермейтін жағдайлар кездеседі. Соны қалай түзетуге болады кемшіліктерін, соны қалай жетілдіруге, түзетуге болады деген мәселе осы жиында ортаға салынады, талқыланады. Тиісті қорытындысы жасалғаннан кейін мемлекеттік құзырлы органдарға дейін, тіпті Парламентке дейін ұсыныстар жасалып жатады. Сол арқылы жұмыстар бір нәтижесін табады.