Қасқырды қарусыз қолға түсірген

Қасқырды қарусыз қолға түсірген

Қыс кезінде тазыны аңға салатындар да бір жырғап қалады. Ал иттің бұл түрі мен оның жақсы қасиеттері туралы қызықты әңгімелерді таңды таңға жалғап тыңдай беруге болады. Осы орайда бізге Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Ақтоған ауылында тұратын Еркөбек Ниязбековпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Ереке, үйіңізде бірнеше тазы ұстайды екенсіз. Қазіргідей қымбатшылық кезінде оларды асырап-бағу қиын емес пе? Негізі иттің бұл түріне қызығушылығыңыз қалай басталған еді?

– Қазір қолда Аққоян, Лашын, Сарықұс атты үш тазым бар. Оларды азықтандыруға аса көп шығын кетпейді. Сойылған малдың етінен, іш құрылысынан шамалап пісіріп беріп тұрамыз, оларды көбіне сауда нүктелерінен аламыз. Негізі тазы тамақты аса көп керек етпейді.

Иттің бұл түріне деген қызығушылығым 1979-жылдары басталған. Ол кезде әкем шаруашылықта шопан болып еңбек еткен, мен оған көмекші болған едім. Киіз үйде тұратынбыз. Жайлауда бізге жақын жерде тағы бір шопанның үйі болатын. Сол кісінің Ұшар деген тазысы бар еді. Ұйлықпаған, ту тазы. Өте есті ит еді, кейде иесі мал суғарып, жем-шөбін салып шаруамен әуре боп жүргенде ол даладан өз бетімен түлкі ұстап әкеп, үйінің босағасына тастайтын. Көршіміздің өзі де аңға шығып тұрады, оның әңгімесін қызыға тыңдайтынмын.

Бірде ол кісі ауырып қалып, емделуге кетерінде өзінің отарын бізге табыстады. Содан біраз уақыт екі үйдің малына қатар қарағанбыз. Малды жайып келемін де, олардікін өз қораларына апарып қамаймын. Ұшар да маған үйреніп алды, малды өріске айдағанда оны ертіп аламын. Сөйтіп жүріп оның талай қызығын көрдім.

«Шіркін, өзімнің де осындай тазым болса…» деп армандаушы едім. Құдай тілеуімді беріп, бір күні жиналған шөптің ішінен екі айлық шамасындағы бір күшік тауып алдым. Қыңсылап жатыр екен. Қаңтар айы еді, аяз қысып тұрған кез, күшік тоңып қалыпты. Оны тоныма орап үйге апарып, босаға түбіне төсеніш жайып, соның үстіне жатқыздым. Ол бес-алты күннен кейін еңсесін тіктеп, тамақ ішті. Содан оңалып, көктемге дейін әдемі тазы болып өсті. Оны жаздай қоянға, күзде түлкіге салып жүрдім. Алғыр тазы болды. Кейін, мен әскерде жүргенде ол белгісіз бір себеппен өліп қалыпты.

Жалпы, менің тазы жүгіртіп жүргеніме бүгінде қырық жылдан асып отыр екен. Дегенмен биыл тауға шыға алмадық, ал далаға қар түспеді, әзірге айтарлықтай аңға шығудың сәті келе қойған жоқ. Жақсылап қар жауып берсе, аңға шығу міндетті түрде болады.

– Жалпы, тазының қандай түрлері болады? Өзіңіз қандай түрін ұстайсыз?

– Менің естуімше, тазының екі түрі болады: шашақ тазы және жарғақ тазы. Мұның біріншісі еліміздің оңтүстік өңірлерінде кездеседі, құлағында, шынтақ тұсының артында шашақ жүні болады, құйрығында да селеудей шашағы бар. Ондай тазылардың өзін құйрық құрылысына қарай шаянқұйрық, қылышқұйрық, тағы басқалай деп бір-бірінен ажыратып жатады. Біз жақта кеңінен таралғаны – қылышқұйрық тазылар. Ал жарғақ тазыларда ондай шашақ жоқ, жүні тықыр, құлағы ұзын, өзі шашақ тазыдан ірілеу боп келеді. Олар елдің батыс өңірлерінде жиі кездеседі.

Мендегі – жарғақ тазылар. Өзім түрлі аңшылық иттерін асырап көрдім, солардың бәрінен тазының осы түрі ұнады. Бұлар өте таза, есті, ізшіл, жүйрік, шалт қимылға, кілт бұрылыстарға бейім келеді.

– Тазы өте таза болады дегенді көп естиміз. Тазалық осы ит тұқымына негізгі тән қасиеттердің бірі сияқты ғой…

– Иә, солай. Естуімше, «тазы» деген сөздің өзі «таза» дегеннен шыққан деседі. Бұл өзі қазақтың төл иті ғой. Қазақ төбетті үй, мал қоруға ұстаса, тазыны аңшылық-саятшылыққа ұстаған. Ілгеріде орыстар оны алғаш көргенде қалай аталатынын сұрағанда қазақтар «таза ит» деп жауап беріпті деген сөз бар. Яғни «таза ит» деген сөз дыбыс үндестігіне қарай «тазит» деп естіліп, кейін «тазы» атауы қалыптасқан сияқты.

Жаңа қыста даладан күшік тауып асырадым деп едім ғой. Сол күшік өзіне босағадан дайындалған орыннан ұзап үй ішін кезбейтін, сол жерде жататын. Ол кезде етті сүрлеп, қапта сақтаймыз, қап тазының жанында тұрады, тазы оған тимейді. Ағамның еңбектеп жүретін кішкентай баласы жеген тамағын әр жерге тастап кетеді, тазы өз бетімен барып оған да тимейтін. Рұқсатсыз ештеңе жемейтін, адамды қас-қабағынан танитын. Ал тысқа шыққысы келсе, есікті аяғымен тырналайды, сол кезде сыртқа шығарып жіберетін едім. Үйден ұзап, сарып, ішін тазалап келетін. Мұндай тазалық тазы тұқымына аса тән.

– Тазы қасқыр алады деген рас па?

– Ол рас. Дегенмен тазының бәрі бірдей қасқыр ала бермейді.

– Өз тазыларыңыздан ше, қасқыр алғандары болды ма? Болса, оқиғасын айтып берсеңіз.

– Бір мәрте сондай оқиға болған. Мен өзім қойшының баласы болған соң атқа да құмар едім, бәйге аттарын ұстап, көкпарға қатысқан кездерім бар. Сондықтан тәуір атты көп міндім. Жылқы ұстап, жеті-сегіз бие сауып та отырдық бір кездері. Қарап берсең болды, сауып іше бер деп жұрт малын әкеп қосатын. Кейде арықтардың, каналдардың бойынан сол малға шөп орып әкеп қоятынмын.

Бірде, осыдан бес-алты жыл бұрын сөйтіп канал бойына шөп оруға шыққан едім. Овчарка, дүрегей және тазы итімді ертіп, бие мініп шыққанмын. Бір тұсқа келгенде овчарка қалың қопа қамысқа қарап үре бастады. Қарасам, тазым жоқ. Биеден секіріп түсіп, атты ыңғайы келген жерге байлай салдым да, қопа ішіне қарай жүрдім.

Сөйтсем, тазым қасқыр алыпты. Жас бөрі екен, тазы тұтқиылдан үстінен түсіп қапы қалды ма, білмедім, итім оның алқымынан алып үлгеріпті. Қырылдай алысып жатыр. Бөрі әлсіреп барады, бірақ жан беру оңай ма, барынша бұлқынып әрекеттенуде. Егер алқымын ажыратып алса, итке қауіп төнеді, қанжардай азуымен тазының шабын жарып жіберуі әбден мүмкін. Содан итіме болысып, ажыратып алайын десем, тазының жағы қарысып қалыпты, ашылмайды. «Мұндайда итті жасқауға, ұруға болмайды, өйтсең, беті қайтып қалады» дегенді үлкен кісілерден естігенім бар еді. Сүйрелеп, ажырата алмағасын қалтамнан сіріңке шығардым да, оншақты талын қоса тұтатып, тазының тұмсығына басып кеп жібердім. Тазы осы кезде ғана жанұшыра аузын ашып, қасқырдың алқымын босатып жіберді. Мен жалма-жан тез қимылдап, қасқырды басып қалдым, тұмсығын шандып, аяқтарын айқастырып байлап тастадым. Сосын оны арбаға артып, үстінен өзім орып алған шөппен жауып алып қайттым.

– Жаңа дүрегей деп қалдыңыз…

– «Дүрегей», «дүрек» деп төбет пен тазыдан алынған тұқымды атайды. Тазы аңшылық иті ғой, ізшіл, жүйрік, алғыр. Ал төбет – негізінен мал қоритын ит, оның мықтылары анау-мынау қасқырға дес бермейді. Сондықтан жұрт осындай қасиеттердің бәрі бір иттің бойынан табылуы үшін төбет пен тазыны қосып, одан тұқым алған. Дүрек дегеніміз – сол.

– Тазылар қалай күшіктейді? Бүгінде оның күшіктерінің бағасы қанша тұрады?

– Ит тұқымдасы ғой, ол да кәдімгі иттер сияқты бірнеше күшік туады, күйі жақсылары жеті-сегізге дейін күшіктейді. Ал баға әрқалай, оның сомасы негізінен сатып алатын адамның қызығушылығына байланысты. Итті пайда көзіне айналдырғандар оған нақты баға қойып сатады. Күшігін 5 мың теңгеге, 10 мыңға, 20 мың теңгеге, одан да қымбатқа сатамын дейтіндер бар. Тазы күшігін сататындардың кейбірі оны тегінге де береді, тек алушы адам «қарғыбау» деген ырымын жасаса болды, соны қанағат етеді, енді біреулер қатты қызыққан күшігін аттай қалап та алып жатады.

Мысалы, бір қаншық тазым күшіктеген кезде екі күшігін бір жас бала сұрап келген еді, мен оны тегін бердім. «Өлтіріп алма, ұқыптап қара», – деп тапсырып, тиісті екпелерін қай кезде алуы қажеттігіне дейін түсіндіріп жібергенмін. Арада сегіз айдай уақыт өткенде әлгі бала маған олардың түлкі алғанын видеоға түсіріп жолдады. Соның артынша: «Атама жеткізіп беріңіз», – деп үйге бір қой беріп жіберіпті. Сыйлас адамдардың арасында осындай жайлар да болып жатады.

Өзім былтырғы қыркүйек айында астанадан аты шығып тұрған бір тазының күшігін 50 мың теңгеге сатып алдым. Жақсы иттің тұқымы болса, иесі қаншаға сатамын десе де бағасын қымбатсынбаймын, негізі.

– Бүгінде ең қымбат деген тазылар қанша тұрады?

– Баға адамның қызығушылығына, өзара келісуіне байланысты ғой, тазының атағына байланысты. Оның бағасы бірнеше жүз мың теңге болуы да мүмкін. Мысалы, бірде  Балхаштың бір жігіті тазысының түлкі алған, қоян қуған сәттерін видеоға түсіріп жариялап, итін 200 мың теңгеге сатамын деп жарнамалаған екен, артынша бір азамат оның шотына 365 мың теңге аударып жіберіпті. Әлгі жігіт бұған ыңғайсызданып қалып: «Ойнап жаза салған едім…» – десе, ақша аударған азамат: «Еркек екі сөйлемейді», – депті. Әзірге менің естіген ең қымбат бағам осы.

Атағы шыққан тазыны да көкпар, бәйге аттары сияқты аса қымбат бағаға сұрайтындар болады. Ондай тазыларды ұрлап кеткен оқиғалар да болып тұрады. Мысалы, Ақтөбе жақта бір жігіттің көптеген жарыстарда жүлде алған, қасқырға түскен сондай тазысы ұрланған болатын. Өлі-тірісі белгісіз, еш дерек жоқ. Қымбат бағаға сұрап барғандарға иесі оны сатпаймын деп, 1 миллион 500 мың теңгеге де бермей қойған екен.

– Сізді қасқырды жалаң қолмен алған деп естіген едік…

– Ол осыдан үш-төрт жыл бұрын болған оқиға ғой.

– Сол оқиғаның қалай болғаны туралы айтып беріңізші.

– Сол күні жұмыстан келгесін атқа мініп, екі тазымды ертіп ауыл сыртына шыққанмын. Даланы шолып келе жатқанда алыстан қараңдаған нәрсе көрінді де, соған қарай бет алдық. Бір кезде ол көрінбей қалды. Жерде қалыңдығы 15 сантиметрдей қар бар еді, сол жақсы болды, бөрінің ізіне түстім. Ізді көргесін тазылар қасқырдың соңынан салды. Бөрі  тауды бетке алған екен, мен оның алдын орадым. Сөйтіп оны құтқармадық. Аққоян қуып жетіп, тірсектен тартып, қасқыр бұрылса, кері қашып, қайтадан тірсекке жармасып оның еркін көсілуіне мүмкіндік бермеді. Бұл кезде қапталдан мен де таяп қалған едім.

Кейін есептеп көрсем, бөріні бір жарым сағаттай уақыт қуып отырыппыз. Бір тұстарға келгенде ол болдырды-ау, бір бұтаның түбіне жата қалды. Қолымда қарудан тек ағаш бұтағы ғана бар еді, онымен ұрып ала алмайтыным белгілі. Сосын атпен шауып жеткен бойда қасқырдың үстіне қарай секіріп, оны басып қалдым, қос құлағына жармасып үлгердім, басын нығарлай қарға тықтым. Айқайлап жатырмын. Дауысымды естіп сол маңнан өтіп бара жатқан жылқышы жігіт шауып жетті. Ол алғашында не болып жатқанын аңғармай да қалған екен, қасқырды көргеннен кейін тез қимылдап, көмектесті, қасқырдың тұмсығын, аяқтарын байлап-матап алдым.

Әлгі дала тағысы арлан қасқыр екен. 17 – 18-ақпан шамасында «Бөрісоққан» деген кезең болады, қасқырлардың ұйығатын кезі. Осы кезде кей арланның ұйыққаннан қалжырайтыны бар. Арланды сондай болып, болдырып қалған шығар деп топшыладым. Оның үстіне ол сол кезде аш жүрген болуы мүмкін. Әйтпесе көкжалдың сыры белгілі ғой, оңайлықпен берілмейді.

– Оны сосын не істедіңіз?

– Сойып алдық. Қасқырды маған бер деп сұраушылар көп болған. Бір досым: «Жасың 60-тан асты. Енді бұдан былай аңға шығасың ба, шықпайсың ба, кім біледі, одан да мұны сойып алып, терісін үйіңнің төріне іліп қой», – дегесін соның айтқанын жөн көрдім. Қасқырды сойып, терісін сыпырып алдым, ал етін, сүйек-саяғын жұрт талап алып кетті.

– Оны не істейді?

– Ем болады дейді. Азуын, өңешін, тырнағын, іш майын, өтін, бүйрегін, сүйегін алғандар болды. «Бауырынан кесіп бер» деп те келді. Кейін қордайлық бір жігіт емге аса қажет еді, қанша сұрасаңыз да берейін деп жалынғандай болып терісін де алып кетті. Өзім ол кезде басқа жақта жүр едім, телефон соғып өтінгеннен кейін көңілін қимадым, үйдегі келінге түсіндіріп айт та, әкете бер дедім.

– Теріні қаншаға бердіңіз енді?

– Ондайды сатып кәсіп қылған емеспін. Аса қажетсініп тұрған жанға неге тегін бермеске, денге шипа болып жатса, соның өзі үлкен сауапты шаруа ғой.

…Дала тағысын жалаң қолмен соғып алған Ерекең бізге осындай қызықты жайлар жөнінде айтып берді. «Әңгімеге уақытым жоқ», «мақтанғандай болмай-ақ қояйын» деп пәлдене қалатын кейбіреулер сияқты емес (ондайларды да көрдік), кішіпейіл, ашық-жарқын, әңгімешіл жан екен. Арамызда болған сұхбатта айтылған жайларды тізе берсек, әлі де біраз жерге баруға болады. Сондықтан мақаланы осы жерден тәмамдаған дұрыс деп шештік.

Ал міндетті түрде айтқымыз келгені мынау:

Ілгеріде ел ішінде тазылар аз болмаған. «Жүйрік ат, берен мылтық, құмай тазы…» деп осы ит тұқымын қазақ жеті қазынаның бірі ретінде атаған. 1990-жылдардан тарихи отанына көше бастаған орыс ұлтының өкілдері осы тазы тұқымын Ресейге көптеп әкеткен екен. Олардың итке қатты қызығатыны, оны үй ішінде өзімен бірге ұстайтыны да белгілі ғой. Олар әсіресе шашақ тазыны шампуньмен терісін жалтырата шомылдырып, шашағын тарап, суретке, видеоға түсіріп әлеуметтік желілерге жүктейді екен. Сатқысы келсе, сатады, әйтпесе оны хобби үшін ұстайды немесе арнайы ұйымдастырылатын ит көрмелеріне алып шығады. Енді олар тазыға «Среднеазиатская борзая» деген атау тағып, оны өздеріне патенттеп алуға әрекеттеніп жүрген көрінеді.

«Осыны айтып, талай басшыға, депутаттарға жүгіндік. Өзіміздің тазыны сақтап қалайық, ұрпақ үшін сақтап қалуға қажетті шараларды қолға алып, іске асырайық», – десек: «Жөн екен… дұрыс екен», – деп бас шұлғиды, бірақ одан еш нәтиже шығармайды. Тазының тұқымын сақтап, оны қорғап, насихаттап жүргендер – ел ішіндегі оған жаны ашитын азаматтар, саятшы-аңшылар ғана. Ал түсіне білген жанға тазы деген ұлттық құндылықтарымыздың бірі, оны өзгелер иемденіп кетпеуі керек қой.

Бүгінде тазы жарыстарын ұйымдастырғанда кей төрешілердің итің стандартқа сай келмейді деп оның тұқымының тазалығына күмән келтіретіні де бар. 1947-жылдары жасалған бір стандарт бар екен, соған сай келуі тиіс деп талап қояды. Негізі тазы тұқымын сақтап қалуға қатысты айтылатын мәселе көп. Осыған ел басшылары да шындап көңіл бөлгенін қалаймыз», – дейді жамбылдық Еркөбек Ниязбеков.

Орайы келіп тұрған сөзге біздің де қосарымыз осы. Тазы тұқымын сақтап қалайық, ағайын! Немістердің қымызды патенттеп алғаны сияқты болып жүрмесін, төл ұлттық құндылықтарымыздың қайсысына болса да өзіміз иелік етіп, насихаттай жүрейік дегіміз келеді.

Д. ӘБДІЛЛА.

«Zamana.kz».

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста