Қарулы «жиһад» қайда апарады?

 Таяу Шығыс елдерінде кезең кезеңімен орын алған «араб көктемінің» себеп-салдарлары, үкімет пен билік арасындағы қақтығыстар мен саяси ахуалдардың ушыға түсуі бірнеше жыл қатарынан БАҚ-та жазылып, айтылып жүргенімен, бүгінгі күнде әлемді алаңдатып отырған өзекті тақырыптардың бірі болып қала беруде.
Боко Харам, Хизб ут-Тахрир, Әл-Каида және соңғы жылдары пайда болған ИШИМ террорлық ұйымдарының ең басты мақсаты «Халифат» орнатып, олардың көзқарасы бойынша «ұмыт болған» ислам шариғатын жүзеге асыру. Өз қатарын адам санымен толықтырып, алып күшке айналу жолында «жиһад» концепциясы олар үшін ең тиімді қаруға айналды. Оппозиция мен билік арасында күн санап қарулы қақтығыстар арта түскен Сирия жерінде террорлық ұйымдар тарапынан «жиһад» жасаудың үлкен ошағы қалыптасып үлгерді.
Кеңес Үкіметі ыдырағаннан кейін рухани құндылықтарға деген мұқтаждығы артқан халықтың дінді жақсы білу мен үйренуге деген ықыласы арта түсті. Діни білім алу мақсатында бірқатар жастар шетелге аттанса, сырттан келген кейбір адамдар тарапынан дінді өз мүдделеріне қарай түсіндіру көрінісі белең алғандығы белгілі.
Мүддесі бөлек уағызшылар тарапынан діннің ақида (сенім) мәселесіне қатысты түсіндірген тақырыптары діни санасы толыққанды қалыптасып үлгермеген адамдар арасында бұрыс көзқарастардың алғашқы негізін қалап, ислам дінінің шариғатынан ауытқыған шетін көзқарастарға жол ашты. Соның салдарынан жеке «шейхы» немесе «ұстазы» бар, солардың айтқандарымен жүріп-тұратын, діннің ішкі мазмұнынан гөрі сыртқы атрибутикалық көрінісіне аса мән беретін адамдар тобы қалыптасты.
Ұлттық музыка әуендерінен бастап келіннің үлкендерге сәлем салуы, яғни салт-дәстүрдің көптеген түрі «харам» және «ширк» болып саналып, ұлттық құндылықтар олардың дүниетанымында кейінге ысырылды. Олар намаз оқымайтын мұсылман «кәпір» деп айыптап, «олардан алшақ өмір сүру керек» деген ұстанымдар шетін көзқарастағы идеологияны насихаттай бастады. Аталмыш идеология қоршаған ортаға агрессиямен қарауды адам бойына сіңіріп, туыс-туғаннан, достан, жалпы алғанда қоғамнан оқшау өмір сүру үрдісін жақтады. Өздерінен басқа өзгені «кәпір» санаған бұл пенделер тобы үшін отбасы мәселесі де жеңіл көзқарасқа ие болды. Соңғы уақытта ислам шарттарын сақтамастан жасырын неке қидыру, талақ ету және бірнеше әйелге үйлену немесе бірнеше ерге тұрмысқа шығу әрекеттерінің белең алғандығына БАҚ-та жиі жарияланып жүрген «неке» және «талақ» туралы мақалалар топтамасы айқын дәлел болмақ. Ал ата-ананың батасын алмай, шариғат талаптарын ескермей, туған-туыстарының назарынан тыс жасырын түрде қиылған неке отбасы отағасына үлкен жауапкершілік жүктей қоймасы анық. Ел көзінен тасада құрылған некенің арты келеңсіз әрекеттерге жол ашуда.

Отбасы құндылығының сақталмауы жетім балалардың көбеюіне, тәрбиесіздіктің артып, қоғамды рухани-моральдық тұрғыда артқа тартуға ықпал етері сөзсіз. Ең өкініштісі мұндай келеңсіз әрекеттер жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған ислам діні атын жамылуда.
Жоғарыда келтірілген мысалдардан алғашқы сатыда адамның діни сенім мен ұстанымға қатысты көзқарасының өзгеретіндігін, келесі сатыда қоғамнан оқшаулану үрдісінің орын алатындығын байқасақ, үшінші баспалдақ Таяу Шығыс елдеріне қоныс аударып, дін үшін «жиһад» жасауға, яғни қарулы соғыс жүргізуге барып тіреледі. Алдыңғы екі саты үшінші кезеңге дайындайтын құнарлы топырақ іспеттес.
Бүгінгі таңда ғаламтордағы сайттар мен мен әлеуметтік желілер қарулы «жиһад» идеологиясының кеңінен насихатталу жолында тиімді құрал болып отыр. Сирия және т.б. елдердегі мұсылман қауымының билік пен Батыс елдері тарапынан үлкен зардап шегіп отырғандығы кез келген шетін көзқарастағы идеологияны насихаттаған бейнетаспаның негізгі тақырыбына айналған. Соғысты бастан өткеріп жатқан кейбір мұсылман елдеріндегі әйел адамдар мен балалардың аянышты халін бейнелеген бейнетаспа кімнің де болсын жүрегін елжіретпей қоймайтыны белгілі. Жат ағым көзқарасымен сусындап, қоғамнан оқшауланған адам үшін осы сынды «жан ұшыра» шақырған үндеулер саналы түрде ойланудан бұрын, эмоциялық сезімге берілуінің басымдық танытып отырғандығын аңғартуда. Бұл жерде кейбір азаматтардың шетін көзқарасты ұстанбай-ақ, ғаламтор желілеріндегі мұндай арбауларға оңай түсіп жатқандығын да ескеру қажет.
Бұл індет мәселесіне қарсы күресу мақсатында әлемнің көптеген елдерінде үлкен жиындар жиі өтуде. Соның бірі 2014 жылдың 25 қарашасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің ұйымдастыруымен «Терроризм және интернет» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Астана қаласында өткізілген болатын.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 10-11 маусымында «Бейбітшілік пен даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің үнқатысуы» атты Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінде діни экстремизм мен терроризм мәселесін талқылау да назардан тыс қалмады.
Ал қарулы «жиһад» жарияланған жерлерде соғыс өрті мұсылмандарға, бейбіт тұрғындарға қарай бағытталып жатқандығы бәрімізге белгілі. Аталмыш соғыс пен қақтығыстар бүкіл әлемге үлкен қауіп төндіріп отыр. Сонда кеткен адамдардың бір бөлігі саяси ойынның алдауына түскендерін кеш біліп, өкініштен сан соғып жатса, содырларға қосылғандардың кейбіреулері «жиһад» жасау райынан қайтпақ емес.
Бұл феноменнен кейін бірқатар мемлекеттерде діни экстремизм мен терроризм туралы заң жобалары мен актілері қайта қарастырылып, ережелер қатая түсті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ағымдағы жылдың сәуір айында «Жиһад ұғымы және қазіргі заман» тақырыбында пәтуа берді. Пәтуада жиһад ұғымы, жиһадтың түрлері мен шарттары, жиһадтың қандай уақытта жасалатындығы жазылған. Сонымен қатар, қазіргі таңда өзге мұсылман елдері арасында болып жатқан қақтығысқа теріс пиғылды радикалды ағымдар исламдағы «жиһад» сөзін пайдаланып, қол астындағыларын сол жерге соғысқа аттандыруы шынайы «жиһадқа» жатпайтындығы да айтылған.
Содырлық әрекеттер халықаралық деңгейдегі көптеген тарихи-мәдени мұраларға зардабын тигізіп жатыр. Оған көне мешіттер мен шіркеулер және т.б. алып өркениеттердің мұрасы болған ескерткіштердің қиратылуы мысал болуда.
Ислам ынтымақтастық ұйымы хабарлағандай, ел жағалап Отанынан қашқан босқындар санының өсуі толастар емес. Сирия елінің өзінде босқындар саны 6,5 млн-ға жеткен. Иракта бұл көрсеткіш 2,53 млн. Ал, Нигерияда 1,2 млн. босқын бар болса, Сомалида 1,1 млн. босқын тіркелген. Жалпы бүгінгі таңда ішкі қақтығыстар салдарынан халқы босқынға айналып бара жатқан 14 мемлекет анықталған. Қаншама адамның тағдыры артында үлкен мүдде жатқан ойынның құрбанына айналған.
Қолға түскен әйел адамдар мен жас балалар адам саудасына түсіп, мойынсұнбағандарды өлім жазасына кесу қалыпты құбылысқа айналған. Содырлар өз ішінде бірнеше топтарға бөлініп өзара қақтығысуда деген деректер де жоқ емес.
Батыстық «Daily Mail» ақпарат көзінің деректері бойынша ДАИШ содырлары арасында ЖИТС (СПИД) дертінің фактілері жиі тіркеле бастаған. Лаңкесшілердің есірткіге тәуелділігі мен жыныстық құлдықтары негізгі себеп болуда делінеді.
Қай жағынан алып қарасақ та, ислам шариғатына жат әрекеттер көзге түседі. Бұл бетперденің арғы жағында адамзат баласын тек жақсылыққа ғана үндеген ислам дінінің атын жамыла отырып, әлемде исламофобиялық көзқарасты қалыптастыру, мұсылмандар арасына іріткі салу және т.б. келеңсіз істерге бағытталған әрекеттер мен мүдденің жатқандығы анық байқалады.

Алмурзаева Бибігул Нұрлыбайқызы, ҚР МСМ ҒЗТО Исламды зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері
Abai.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста