Қару сатып аламыз!
Үкіметтің 2007 жылғы қаулысы негізінде халықтың қолындағы тіркелмеген қаруды сатып алу акциясы 2012-2013 жылдары да ұйымдастырылған еді. Ағымдағы жылы 21 сәуірде ел аумағында «Қару» акциясының кезекті кезеңі басталды. Қару-жарақты өз еркімен тапсырғандарға әр данасына оның түріне қарай 100 АЕК дейін көтермелеу сыйақысы қарастырылған.
Айыппұл салу орнына, сыйақы төлейміз
Қолданыстағы заңға сәйкес, рұқсатсыз қару сақтаған адамға айыппұл салынуы тиіс. Алайда, ҚР Үкіметі 2007 жылы тіркелмеген қаруды сатып алу туралы қаулы қабылдады. Сол мақсатқа соңғы жылдары бюджет қоржынынан ақша да бөлініп отыр. Шамасы, Үкімет мұндай қаулыны ішкі істер органдары қызметіннің жұмысына көңілі толмағандақтан қабылдаған болса керек. Өйткені, ішкі істер органдары халықтың қолындағы заңсыз қаруды тәркілеу бойынша жыл сайын «қару» іс-шарасын жүргізіп келді. Бірді-екілі қару тәркілеп, заңсыз әрекетке барғандарды жазалап та жатты. Бірақ атқарылған іс-шараларға Үкіметтің көңілі толмаған сияқты. Сондықтан үкімет заңсыз қаруды сатып алуға қаулы қабылдады.
Қаулыға сәйкес, мысалы, автоматты иір ойықты мылтық үшін 100 АЕК, иір ойықты ұзын діңгекті қару (винтовка, карабин) үшін 50 АЕК мөлшерінде сыйақы беріледі. Ал, иір ойықты қысқа діңгекті қару (пистолет, револьвер) тапсырғандарға 40 АЕК көлемінде сыйақы қарастырылған. Тегіс оқпанды мылтыққа 30 АЕК мөлшерінде сыйақы төленсе, травматикалық қару үшін 10 АЕК мөлшерінде төлем төленеді. Сондай-ақ, граната, жарылғыш құрылғы, артилериялық снарядтар бағасы 7 АЕК мөлшерінде белгілен болса, 1 келі жарылғыш зат үшін 6 АЕК мөлшерінде сыйақы тағайындалған.
Ақмола облысы ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, акцияның алғашқы 6 күнінде облыс тұрғындары ІІБ-лерге 110 дана тіркелмеген қаруды өз еріктерімен тапсырған. Оның ішінде 10 дана иір ойықты мылтық, 98 тегіс оқпанды мылтық, 2 травматикалық қару, 2 граната және иір ойықты мылтықтың 721 дана оқығы бар.
Бір қызығы, полиция қызметкерлері арнайы іс-шара кезінде үйме-үй жүріп таппайтын қару-жарақты, «ақша төлейміз» деген соң тұрғындардың қайдан алып келіп жатқаны түсініксіз. Ондап қару, жүздеп оқ-дәрі, екі-үштен граната, жарылғыш заттар тапсырғандар бар. Қарапайым тұрғынның қолына граната, калашников автоматының оғы қайдан келді? Әрине, тапсырылған қаруға сыйақы төлеуді арнайы комиссия тексеру жүргізіп барып шешеді. Алайда, осы уақытқа дейін тапсырылған қаруға қатысты біреудің заңсыз әрекеті әшкере болғаны жайлы естімедік. Қазірге, үкіметке қару сатушылардың қарасы азаяр емес. Заң бойынша тәркіленуі тиіс қаруды неге салық төлеушілердің есебінен сатып алатынымыз түсініксіз.
Травматикалық қаруға тыйым салынды
Соңғы кездері қорғаныс үшін деген травматикалық қарудың шабуыл үшін пайдалану жағдайлары жиіліп кетті. Сондықтан қоғамда травматикалық қаруды пайдалануға тыйым салу туралы ұсыныс көп айтылды. Десе де, оған қарсы пікір айтушылар да болды. Ақыры, тартысқа себеп болған травматикалық қаруға «Ішкі істер органдары туралы» заңға енгізілген өзгеріске сай қызметтік қару-жарақ санатына жатқызылып, қарапайым тұрғындардың қолдануына тыйым салынды.
Тек тыйым салынып қана қойған жоқ, енді тұрғындардың қолында жүрген травматикалық қаруды тағы да салықшылар есебінен сатып алатын болды. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымов мәлімдеді.
Қалмұхамет ҚАСЫМОВ, ҚР ІІМ министрі:
– Біз енді травматикалық қаруды заңды иесінен тәркілеуді бастаймыз. Мәселен, ол 46 мың теңге тұрса, пайдаланғаны үшін 30 пайызы алып тасталады. Яғни, қолына 40 мың теңге ұстатамыз. Есептеп қойдық, қазір тұрғындардың қолында 43 500 қару бар. Соны сатып алуға 2 миллиард 126 миллион қажет. Бізге республикалық бюджеттік комиссия 2 миллиард теңге бөліп қойды.
Үкіметтің 2007 жылғы қаулысы негізінде травматикалық қару тапсырғандарға 10 АЕК мөлшерінде (10*1852=18520 теңге) төлем белгіленген. Ал ішкі істер министрлігі болса, әрбір травматикалық қару үшін 40 мың теңге береміз деп жомарттық жасап отыр. «Белі ауырмағанның жеуін қара» демекші, өз қалтасынан шықпаған соң, мемлекеттің ақшасы үшін ешкім бас ауыртпай отыр ау шамасы?!
Десе де, травматикалық қаруды қолданыстан алып тастуға ақжолдықтар қарсы болды. Олар кәсіпкерлер үшін алаңдаулы екенін айтады. Фракция мүшелері бүгінде қоғамда қылмыстың өршіп тұрғанын ескеріп, жас ерекшелігіне орай шектеу немесе рәсімдеу талаптарын күшейтуді ұсынды. Жаңа заң бойынша полицейлерге ескертусіз қару атуға рұқсат берілді. Аталмыш заң бірінші оқылымда көпшілік дауыспен мақұлданды.
Азат ПЕРУАШЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақжол» фракциясының мүшесі:
– Азаматтарды қорғау туралы заңнаманы талқылағанда, Төтенше жағдайлар министрлігі адамдар түгіл мекемелерді қорғауға қауқарсызбыз деп мәлімдеді. Нысандарға өз өрт сөндірушілерін жасақтап, жабдықтауды ұсынды. Ал Ішкі істер министрлігі тұрғындарға жеке басының қауіпсіздігі үшін қару қажет емес, біз қорғаймыз деп мәлімдейді. Қалай болғаны, әр адамға бір-бір полицей бекіте ме? Біз қаруды заңға бағынатын тұрғындардан тартып алып жатырмыз. Ал қылмыскерлер қолында ол қарудың бәрібір қалатыны белгілі.