Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Таскескен ауылында елге үлгі, ұрпаққа өнеге боларлықтай үлкен шара өтті. Атап айтқанда, Қарақол ауылындағы «Байтүгел» шаруа қожалығының басшысы Советқали Өтепов әкесі Құрманмәдиге (Тәйтім) Таскескен ауылында саябақ ашып, мәрмәрдан қашалған бюсін орнатты.
Осы жерде туып, соғысқа да осы Қоңыршәулі ауылынан аттанған Тәйтім атамыздың еңбегі орасан болған-ды. 1942 жылдың 29 мамыры күні Аягөз әскери комиссариатының жасақтауымен майданға аттанған Құрманмәди Өтепов 1944 жылға дейін №181 атқыштар полкінің құрамында жаумен жан аямай айқасты. 1-ші Беларусь майданының құрамында әйгілі Курск доғасы қанды қырғынына, кейін Польша, Венгрия, Чехословакия жерлерін фашист басқыншыларынан азат етуге қатысқан ол 1945 жылдың қысында Берлин түбіндегі кескілескен ұрыстардың бірінде ауыр жараланып, госпитальға түседі. Жеңісті госпитальда қарсы алған Құрманмәди 1945 жылдың 23 маусымы күні елге оралады. Соғыстан кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығын қайта қалпына келтіруге атсалысқан Тәйтім атамыз Қоңыршәулі, Қарақол ауылдарында жемісті еңбек етіп, бес бала тәрбиелеп өсірді. Мұны Өтепов атындағы саябақтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген ауыл әкімі Азади Жүнісов пен аудандық мәслихаттың депутаты Жақсылық Ережепов те атап өтті.
– Ұлы Отан соғысына қатысқан кез келген ардагерге дәл осындай мәрмәрдан ескерткіш сомдап, саябақ ашуға болады. Өйткені, олардың болашақ ұрпақ үшін жасаған еңбектері ұшан-теңіз, – деді Жақсылық Кенжетайұлы.
Жиында Тәйтім атамыздың көзін көрген, бірге еңбек еткен ауыл ақсақалдары да сөз алып, ол кісінің бұл құрметке әбден лайық екендігін айтты.
– Бұл әңгіме осыдан екі-үш жыл бұрын көтерілген еді. Қарақолдық Советқали Өтепов әкесінің туып-өскен жеріне өз қаржысына ескерткіш орнатқысы келетінін айтып, осы жөнінде бізбен ақылдасқан болатын. Міне, кәсіпкер ағамыз бір жарым миллион теңгеге жергілікті саябақты қоршатып, тағы сондай қаржыға әкесіне мәрмәрдан ескерткіш орнатты. Бұл жастарымызды отансүйгіштікке баулитын игі шаралардың бірі болғаны анық. Негізгі мақсатымыздың да түп-төркіні осы болатын, – дейді Қоңыршәулі ауылдық округінің әкімі Азади Жүнісов.
Саябақтың ашылу салтанатына Өтеповтер әулеті мен таскескендіктер тайлы-таяғы қалмай түгел жиналды. Атап өтер жайт, Өтеповтер әулеті айтарлықтай аумақты алып жатқан саябаққа Өскеменнен шырша көшеттерін әкеліп, отырғызыпты. «Ендігі мақсатымыз – саябақта гүлзарлар жасап, бұл жерді гүлдендіріп жіберу», - дейді олар.