Алакөлге барсаңыз, қолына бөтелке ұстаған қара сирақ балаларды көресіз. Тіпті алты-жеті жастағы балаға дейін жұртпен саудаласып жүреді. Қара сирақтардың саудалағаны – кәдімгі қара балшық. Балшық болғанда, жай балшық емес, жаныңа дауа, дертіңе шипа болатын Алакөлдің балшығы. Айтқымыз келгені – қара сирақ баланың қолындағы бар-жоғы 50-100 теңгеден саудаланып жүрген Алакөлдің қара балшығы емес, әлі күнге дейін сол балшықтың қадіріне жете алмай жүргендігіміз. Өзімізде қара балшық тонналап жатса да, әлі күнге Ресейдің немесе өзге де шетелдерде өндірілген дәріханаларда сатылатын қорапшадағы балшықтарға алақан жаюдан арыла алмай келеміз.
Дәріханалардағы балшықтың дені – ресейдікі. Біздікі қайда?
Балшықтың да балшығы бар. Кез келген балшықты былшылдатып жаға беруге болмайды. Медицинада қолданылатын балшықтың түрі көп. Әрқайсысы әртүрлі мақсатта қолданылады. Ақ, қара, көк, көгілдір, жасыл, қызыл, сары болып кете береді. Бағасын һәм емдік қасиеттерін білмек ниетпен Өскемендегі бірнеше дәріханаға бас сұқтық. Бағалары 120 теңгеден басталады екен (1 данасы). Валдайская, кембрийская, анапская деп аталатын балшықтардың бағасы осындай. Ал көк, сары, қызыл және қара балшықтың бағасы 130 теңге. Балшықтың көгілдір күміс балшық деп аталатын бір түрінің бағасы 200 теңге. Байқағанымыз, бұл қорапшадағы балшықтардың барлығы Ресейде шығарылады екен. Қаладағы «Бадэ» фитодәріханасының сатушысы Марина Шупенконың айтуынша, әр балшықтың әртүрлі қасиеті бар. Бірі беттегі әжімдерді кетіруге көмектессе, бірі аяқтағы жағымсыз иістерді кетіруге, енді бірі шашты күшейтеді, тіпті қара балшық адамның салмағын кемітуге септеседі екен. Қысқасы, әрқайсысының әртүрлі емдік қасиеті бар. Өкініштісі сол – дәріхана сөресінде елімізде өндірілген балшықтың бірде-бір түрі жоқ.
Өндіру дегеннен шығады, біздегі мәселенің бәрі осы жерде болып тұр. Тонналаған қара балшығымыз қараусыз жатыр. Емдік қасиеті мол дүниені елеп-ескеріп жатқан жан жоқ. Өзге елдердің қолы жете алмай жүрген балшықты қор қылып таптап жүрміз. Олқы тұсымыз – осы балшықты кәдеге жарату, өңдеу жағы қолға алынбай тұр. Алынбай тұр емес, дұрысы, осы іске ынталы азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Мұны Алакөлдегі «Арасан Алакөл» демалыс үйінің иесі Дулат Асылбековпен пікірлескен кезімізде білдік. Кәсіпкер шипасы мол Алакөлдің балшығын игеруге мемлекет тарапынан қолдау болмай жатқанын жасырмай айтты.
Дулат АСЫЛБЕКОВ, «Арасан Алакөл» демалыс үйінің қожайыны:
– Айналып келгенде, мәселенің бәрі жерге келіп тіреледі. Егер бізге Алакөлдің жағалауынан жерді жалға беретін болса, қара балшықты өндіруге дайынбыз. Өндіру дегенде, ең әуелі балшықты сараптамадан өткізу қажет. Одан кейін өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Егер мемлекет тарапынан, жергілікті әкімдік тарапынан қолдау болса, қара балшықты сапалы түрде өңдеп, медициналық және өзге де талаптарға сай арнайы орын ашуға дайынбыз. Алайда әзірге біздің бұл ұсынысымыз ескерілмей отыр. Жергілікті әкімшілікке бірнеше рет ұсыныс білдіргенбіз.
Расында, бізге жетіспей тұрғаны да – осы. Алакөлдің жағасындағы тонналаған қара балшықты қалай болса солай қолданып жүргеніміз рас. Он екі мүшесі сау адам да, шынымен балшықтың еміне мұқтаж жандар да қара балшықты қалауынша пайдаланып жүр.
Алакөлге барсаңыз – көресіз мұны. Бұған өзім де куә болып, таңырқаған жұрттың пікірін тыңдағаным бар,
– Құдай-ау, бір аурудан айығамыз деп жүргенде, тағы бір ауруға душар болмасақ не қылсын! Алакөлдің суы мен балшығына ауру адам да, сау адам да бірдей түсе береді екен. Қанша елемеймін дегенмен, көңіліңе алып қалады екенсің, – деп өзінің өкпе-назын білдірген-ді Алматыдан арнайы келіп демалушылардың бірі Күләнда есімді әйел.
«Бетін әрі қылсын оның. Құдай өзі сақтар. Бір күні бұл балшықты да біреу иеленіп алатынына бәс тігемін. Тегін кезінде түсіп, үстімізге жағып алайық» деген пікірді сол кезде естігенбіз.
Тұздыкөл неге тұнжырап тұр?
Тізе берсек, балшығы мың дертке шипа болатын жерлер елімізде аз емес. Соның бірі – Батыс Қазақстан облысындағы Тұздыкөл. Тұздыкөлдің балшығы ғана емес, суы да шипалы. Жергілікті тұрғындар бұл көлдің суы мен қара балшығы тек буын емес, демікпе, бронхит сияқты көптеген сырқаттарға бірден-бір ем екендігін айтады. Тұздыкөлдің суы мен қара балшығының қасиеті ерте бастан белгілі болған. Көнекөздердің айтуынша, жанына жалау, сырқатына ем іздегендер бұрындары көлге алыстан ат арбамен келіп тұрыпты. Батыс Қазақстан облыстық «Ақ Жайық» газетінің журналисі Ләззат Қаражанованың «Тұздыкөл – дала дәрігері» атты мақаласындағы келтірген деректерге сүйенсек, Тұздыкөлдің емдік қасиетін білу мақсатымен 1979 жылы Кеңестер Одағының Ресейдегі минералды сулар аймағындағы Курортология институтына өтініш жасалып, 1980 жылы институттан ресми жауап келген көрінеді. Институт мамандары зертханаға жіберілген балшық пен оның бетіндегі көпіршікке талдау жүргізіп, «ферменттер мен дәрумендерге бай» деген қорытынды жасаған екен. Ең өкініштісі – кейін сол құжаттар белгісіз жағдайда жоғалып кеткен. Автор өз мақаласында суы мен балшығы қанша жерден шипалы болса да, бүгінде Тұздыкөлге келушілерге ешқандай жағдайдың жасалмағандығын, тіпті көлге түсіп болғаннан кейін жуынатын таза судың жоқтығын жазады.
Анар ДОСПАЕВА, Индер аудандық ауруханасының бас дәрігері:
– Тек өз мамандығыма сүйене отырып айтсам, тұздың суы мен балшығы буын сырқатына ем болатынына көзім жетеді. Денедегі жара, гинекологиялық науқасы барларға да шипа болары сөзсіз. Бірақ мұнда келу қан қысымы жоғары немесе сырқаты асқынған науқастарға қауіпті боларын айтқым келеді. Судың құрамында күкіртсутегі бар болғандықтан, жүйкені тыныштандыруға себі тиеді.
Соры қалың Әлжан соры
Осы облыстың Теректі ауданы аумағында Әлжан соры деп аталатын шипалы жер жайында да ел арасында көп айтылады. Жыл сайын мұнда облыстың түкпір-түкпірі мен көршілес Ресей Федерациясынан орыс-қазағы аралас емделушілер ағылып келеді екен. Әлжан сорына жақын орналасқан Дуана ауылының тұрғындары да осы тұзға түсу үшін сонау Санкт-Петербургтен арнайы келген адамдарды талай көріпті. Олардың бірінің қолында патша үкіметінен қалған көне карта болған, сол картада шипалы сордың аты мен оған қалай бару қажеттігі тәптіштеп жазылған деседі. Өкініштісі сол – бұл жер де бүгінде мұнда келушілердің экологиялық мәдениетінің төмендігінен азып-тозып, аянышты күйге түскен.
– Батыс Қазақстан облысындағы бірегей Ақжайық шипажайы да өз пациенттеріне ем-шараларын жүргізу үшін дәл осы Әлжан сорының балшығын алдырып пайдаланады. Сордың іргесінде жатқан мына шағын көлді Бөгет деп атайды. Бұл бұрын жағасына бау-бақша егілетін тұп-тұщы су болатын. Қазір қап-қара болып ластанып әрі удай ащы болып кетіпті. Тұзға түсіп, денесін шипалы балшықпен сылаған адам бірнеше күн жуынбай, қалың киініп жүруі керек қой. Ал қазір «демалушылар» сорға жарты сағат аунап жатып, сол бойында мына жерге жуынып тастайды екен. Мұны бақылап, тәртіпке салып жатқан да ешкім жоқ, – дейді Сарыөмір ауылының тұрғыны Әният Дауылбаев.
Түйін
Бір нәрсе анық – емдік қасиеті мол Алакөлдің қара балшығын мықтап қолға алып, жұрт игілігіне жарататын кез жеткен секілді. Алакөлдің ғана емес, жоғарыда аталған Тұздыкөл мен Әлжан соры секілді жерлерді мемлекет назарына алып, тиісті жағдайды жасайтын уақыт әлдеқашан жеткені анық.
Біле білсек, балшықты бизнеске айналдырып отырған елдер де бар. Біз балшықты бизнеске айналдырмай-ақ, ең әуелі елдің игілігіне жарата алсақ болғаны.