Қар жауған күні 2 сағат қана ұйықтаймын. Нұр-Сұлтан әкімінің орынбасары өзінің үйлену тойы, Instagram және елорданың шеткі аймақтары туралы

 Нұр-Сұлтанда қар тазалау мәселесіне әкімнің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев жетекшілік етеді. Tengrinews.kz. тілшісіне берген сұхбатында шенеунік астаналық қызметтердің көшелерді тазалаумен қалай айналысатыны, Facebook-тегі пікірлер және желідегі оның үйлену тойынан түсірілген бейнежазба туралы не ойлайтынын айтып берді.

TN.kz : Кейбіреулер қаланың шеткері аймақтары қалдық принципі бойынша тазартылады деп шағымданады. Қар жинайтын машиналар шеткі аудандарға бармай, тек орталық көшелермен ғана жүріп өтеді деуде.

Алтынбек Қайсағалиев: Іс жүзінде қала секторларға бөлінген. Қалдық принциппен жұмыс істейді деу бекер. Барлық жерлер тазаланады, өйткені барлық секторлар бойынша мердігерлік ұйымдар бекітілген, олар бөлінген учаскенің тазалығына тікелей жауап береді. «Астана Тазалық» көбінесе негізгі жолдарды, магистральдарды механикаландырылған тазалаумен айналысады. Бірақ тендер бойынша жұмыс істейтін, шеткері аумақтарды жинайтын басқа да көптеген компаниялар бар. Мысалы, Ильинка, Үркер, Промышленный, Өндіріс, Железнодорожный кенттерінде – әрбір учаскеде өз мердігерлері бар. Шеткері аумақтарды жинайтындар орталық аумақтарға бармайды. Олар өздеріне тиесілі учаскелерде ғана жұмыс істейді.

TN.kz : Нұр-Сұлтанды қардан қалай тез тазартуға болады?

Алтынбек Қайсағалиев: Қар жауғаннан кейін 2-3 күн қажет. Ал қазіргідей қар көп жауған кезде әр көшеге бару үшін бес күндей қажет. Қазигдромет мәліметтері бойынша, қардың нормативтік көлемі 66 миллиметр болуы тиіс еді. Қазір 170 миллиметр. Яғни, соңғы үш айда жауған қар нормадан үш есе көп. Қардың мұншама көп жауғаны қалыптан тыс жағдай. Және бұл қаңтар айының соңына дейін жалғасады деп болжанады. Қазір қаладағы жүретін жолдар тазартылып отыр және олармен жол жүру негізінен қамтамасыз етілген. Адамдар жұмыс орындарына кедергісіз жетуде. Қарды қаладан шығару ғана қалды. Бірақ қар күндіз де, түнде де тоқтаусыз жауып жатыр, сондықтан қиыншылықтар жоқ емес. Ең қиыны – қарды күндіз тазалау. Жолдарда машиналар көп. Сондықтан қарды біз түнде шығаруға тырысамыз. Бүгінгі күнге дейін 2,3 миллион текше метр қар шығарылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 65 пайыз артық. Қала қарқындап өсіп келеді, 24 жаңа көше қосылды. Биыл біз былтырғыдан 177 бірлік техника көп пайдаланамыз. Енді 10 күн жақсы жұмыс істесек болды. Ауа-райы болжамына сәйкес, одан ары қар көп жаумайды. Кез-келген жағдайда, біз тұрғындарға жүретін жолды алдын ала жоспарлауды ұсынамыз, бұл жұмысқа жылдам жетуге мүмкіндік береді.

TN.kz : Әкім жеке меншік жол және құрылыс компанияларынан техника жалданатын айтқан болатын...

Алтынбек Қайсағалиев: Әрбір аудан бойынша белгілі бір учаскелер бар. Аударғыш жүк машиналарды жалдаймыз, оларды жеке меншікте ұстаудың қажеті жоқ. Бір ауысымда қала әкімдігі 600-ден 800-ге дейін жүк аударғыш машиналарды жалдайды. Бұған қоса, біз қазір барлық құрылыс компанияларына жүгініп, оларды да жұмылдыруға мәжбүрміз. Олар бізге қосымша көмек көрсетіп, өз техникаларын, жүк тиегіш машиналарын бөлуде. Әлеуметтік жауапкершілік ретінде. Тегін. Бұл 150-ге жуық жүк көтергіш пен Камаз машиналары. Қазір еріктілер де келіп жатыр. Қарт адамдар тұратын учаскелерде, жеке үйлер маңында қар тазалауға көмек көрсете бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы жеке өзі қолдады.

TN.kz : Сіз әлеуметтік желілердегі пікірлерді оқисыз ба? Тұрғындар шағымдарын?

Алтынбек Қайсағалиев: Оқимын. Және оларды маған жолдайды. Біз жұртшылықтың пікірін міндетті түрде ескереміз. Біз келіп түскен шағымдарды өңдейміз. Бірақ әр шағыммен жеке өзім айналысамын деп айта алмаймын.... жұмыс істеу керек.

TN.kz : Қысым көресіз бе? Telegram-арналардың бірінде сіздің үйлену тойыңызданн үзінді жарияланды.

Алтынбек Қайсағалиев: Біз Интернет, әлеуметтік желі заманында өмір сүреміз... Тұрғындардың сұрақтары туындаған кез-келген мәселе үнемі талқыланады, тіпті қызу талқыланады десем артық емес. Мұндай жайттар бар және оған менің көзқарасым түзу. Үйлену тойымдағы бейнежазбаны айтып тұрсыз ғой? Иә, көрдім. Бейнежазбаны дүркін-дүркін салып отырады желіге. Жұртшылықтың назарын аудару үшін. Біраз уақыттан кейін тағы шықса, таң қалмаймын. Мен бұған үйренгенмін. Бұл ескі бейнежазба. Үйлену тойы 2017 жылы 25 қарашада болған.

TN.kz : Сіз қаланың шеткері аумақтарын дамыту мәселелеріне де жетекшілік етесіз. Жақында біз "Чугунка" деп аталатын жаққа бардық. Ол жерде үш жыл ішінде ештеңе өзгерген жоқ: мектептер де, жолдар да жоқ, бәрі бұрынғыша...

Алтынбек Қайсағалиев: Президенттің қаланың шеткері аумақтарын дамыту жөніндегі тапсырмасы бойынша биыл төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен спорт орталығы құрылысын бастаймыз. Онда спортпен шұғылдануға қажетті барлық жағдай жасалатын болады. Бұл Ильинка, Железнодорожный, Өндіріс және Көктал-2 сияқты шеткері аумақтарда орналасатын болады . Сондай-ақ, "Шеткері аумақтарды дамыту" бағдарламасы бойынша мектептер, қосымша құрылыстар, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету пункттерін салу, 100 көшені асфальттау, аяңжолдар салу, жылы аялдамалар орнату көзделген. Қоғамдық кеңістікті дамыту. "Нұр-Сұлтан - жайлы қала" бағдарламасы бар. Онда тұрғын үй алаптарына ерекше назар аударылады. Олар да қаланың бір бөлігі. Оларды қаланың шеткі аумақтары деп атау дұрыс емес. Бұл тұрғын алаптары. Осы жылы біз тұрғын алаптарында қоғамдық кеңістікті дамытуға ерекше назар аударамыз. Әрбір тұрғын алабының өз орталығы болуы керек. Өз алаңы, өз мәдени жиналыс орны, мысалы, Наурыз тойлайтын, шырша қоятын, халық серуендейтін, спортпен шұғылданатын алаңы, саябағы болады. Қазір ол жоқ. Біз биыл осы істі қолға аламыз. Осы алаңдардың айналасында бизнес дамытқымыз келеді. Әрбір ауданда адамдар жиналатын көп орталық болуы тиіс. Ойдағыны іске асыруға тырысамыз. Өрт сөндіру депосын салатын боламыз. Мысалы, қазір Ильинкаға өрт сөндірушілер қаладан барады. Ал оларда өзінің өрт сөндіру депосы болуы тиіс. Мұны да жоспарлап жатырмыз. Біз қосымша үш өрт сөндіру депосын салғалы отырмыз. Осы жылы құрылыс басталады. Үкіметтің қолдауымен жалпы тұрғын алаптарын дамытуға біз биыл 20,8 миллиард теңге бағыттаймыз. Ал келесі жылдары бұл сома тек ұлғая беретін болады. Шеткері аумақтарды дамытуға үш жылда 80 миллиард көзделген. Осы жылдан бастап тұрғындар нақты өзгерістерді сезінетін болады. Бірақ бұған уақыт қажет. Біз сиқыршы емеспіз, осының барлығын салуға уақыт қажет.

TN.kz : Әкім түнгі шолу кезінде сіз көшелерді күн сайын тексеретініңізді айтты.

Алтынбек Қайсағалиев: Егер менің Instagram парақшамды қадағалап көрсеңіз, онда менің жұмыс күнім түнгі сағат үш-төрттерде аяқталатын көресіз. Ұйықтауға екі-үш сағат қана қалады. Таңертең жетіде оянып, 15 минуттан кейін үйден шығамын. Қар жауған күні мен 2 сағаттай ғана ұйықтаймын. Алғашқы қар жауған күндері мен бес күн бойы ұйықтамадым. Шын айтам. Instagram-ға мен коммуналдық қызметтердің күндізгі және түнгі жұмысынан көрініс беретін фотосуреттер мен бейнежазбаларды салып отырамын. Парақшамды өзім жүргіземін.

TN.kz : Алданған үлескерлер мәселесі қалай шешілуде?

Алтынбек Қайсағалиев: Алданған үлескерлердің мәселесі қала үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл бағытта біз күн сайын жұмыс істеудеміз. Осы проблемаларды шешу бойынша қабылданған қадамдық жоспар бар. Президенттің тапсырмасы бойынша үлескерлердің проблемалы объектілерін аяқтауға бюджет қаражаты бөлініп, "Нұрлы жер" бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде біз 2019 жылы барлық мемлекеттік органдар мен тұрғын үй-құрылыс кооперативтерімен бірлесіп 10 объектіні (2500 үлескер) аяқтадық. 2020 жылы кемінде 20 объектіні (бұл 7,5 мыңнан астам үлескер) пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.

Tengrinews.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста