Негізі жыл сайын көктемгі мезгілде, еліміздегі кейбір қалалар мен ауылдардың жауған жаңбыр, тасыған өзен мен еріген қар суының астында қалып, миллиондаған шығынға батуы үйреншікті жағдайға айналды. Төтеншеліктер де төтенше жағдайдың алдын алудан гөрі, төтенше жағдайдан кейін келген шығынды санауға машықтанып алды ма, әйтеуір осыған дейінгі төтенше оқиғалардан қортынды шығарып, шығынның алдын алуға тырыспағанын байқаймыз. Биылғы жылы әсіресе Қарағанды облысы қар суынан айтарлықтай зардап шекті. Ресми мәлімет бойынша бүгінгі күні Қарағанды облысының 33 елді мекенін су басқан. Су тасқынына қарсы шараларға 150-ден астам адам жұмылдырылып, ТЖД, ІІД, әскери бөлім қызметкерлері мен 300-ге жуық техника тартылған. Барлық елді мекендерде су бөгеу, елді мекендердегі қарды сыртқа тасу, бөгеттер қою секілді жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда селдің алдын алу мен оны жою үшін 73 млн. теңге қарастырылғаны, сонымен қатар кезек күттірмейтін мұқтаждықтарға 300 млн. теңгеден астам қор бар екені айтылуда. Дұрыс қой, бірақ жыл сайын еріген қар суының астында қалып, миллиондаған теңгені суға ағызып отыру қаншалықты дұрыс?!
Төтеншеліктердің міндеті тек оқыс оқиға болған соң ғана қимылдау ма? Жергілікті атқарушы билік өкілдері халықты төтенше жағдайдың алдын алуға жұмылдырмаса, халқын, тұрғындарын алдын ала сақтандырмаса не істеп отыр? Наурыз айының басында-ақ төтенше жағдай туындауы мүмкін өңірлер мамандар тарапынан айтылды ғой. Наурыз айында-ақ Ақадыр кентіндегі жүзден астам үй қызыл судың астында қалса, Қарқаралы, Жаңаарқа аудандарында өауіп төніп тұрғаны айтылды. Ақадыр кентінде 100- ден астам үй мен қора-қопсы тізеден асатын судың астында қалды. Дәл қазіргі таңда температураның күрт көтерілуі мен қардың жылдам еруі салдарынан Қарағанды, Ақмола облыстарында су басу қаупі туындауда. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында да су деңгейінің көтерілуі, ал кейбір ауылдарды су шаюы байқалуда.
Қарағанды облысында су деңгейінің күрт көтерілуінен соңғы тәулікте 700-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілген. Мал шығыны да жоқ емес. Алайда қазіргі таңда олардың нақты саны белгілі болмай отыр. Кейбір ауылдарда үйлер қираса, кейбір ауылдардың көпірлері қирап, жолдарды су шайып кеткен. Төменде әлеуметтік желіден алынған, бүгінде ұялы телефон арқылы тарап жатқан суда қалған Қарағанды облысының Ботақара ауылының, 40 жылдык ауылының, Тоқтар Әубәкіров, Баянауыл ауданының Тендік ауылдарының суреттерін жариялап отырмыз.