"Қаңтар" трагедиясының символы: Басына оқ тиіп, өлім аузынан қалған Берік Әбішев ауруханадан шығарылды
“Қаңтар” оқиғалары кезінде басына оқ тиіп, ауыр жарақат алған Берік Әбішев ауруханадан шығарылды. Бұл туралы қоғам белсендісі Болат Әбілов мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Берік Әбішев жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қолында мемлекеттік туды ұстап жүрген еді. Әбіловтың хабарлауынша, оған 19 шілдеде түрік нейрохирургы шұғыл операция жасаған.
“Операция сәтті өтті. Қазір оңалту кезеңі, дәрігерлер сауығу процесі басталғанын айтады. Берік туыстарымен бірге бүгін жақсы көңіл-күймен үйге қайтты, ол бәріне ашық-жарқын жауап беріп, мені "ағатай" деп атады. Біз оның тезірек сауығып кетуін тілейміз”, – деп жазды қоғам белсендісі.
Оның сөзінше, Берік Әбішевке бұған дейін бір ота жасалған, ұзақ уақыт ес-түссіз жатқан.
“Ғаламторда Беріктің Қазақстан туымен оқ астында жүрген суреті тарап кетті. Берік Әбішев “қаңтар” трагедиясының символына айналды”, – деп жазды Әбілов.