Қаңғыбас бала қайдан шығады?
Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығындағы бір күн
Қазақстандық мамандар келтірген бейресми деректер бойынша, жыл сайын елімізде 100 мыңнан астам бала ата-анасы бола тұра, олардың қарауынсыз қалуы салдарынан кезбе-қаңғыбастыққа салынады екен. Айта кетерлігі, елімізде ата-аналарының қарауынсыз қалған балалардың ресми статистикасы жүргізілмейді. Ата-анасының қарауынсыз қалуы олардың қамқорлықсыз, аялы алақансыз, қорғансыз қалуы. Балалардың қаңғыбас атануының сыры неде екеніне тереңірек үңілмек ниетпен қаңғыбас балалардың бірден бір ат басын тірейтін мекені Алматы қаласының ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығының табалдырығын аттадық.
Нұрғиса Елеубеков (фото)
«Біреу тойып, біреу тоңып секіреді...»
Таң енді атса да, мұндағы тіршілік қым-қуыт көрінеді. Әсіресе кезекші бөлімнің алдында бірі жаңадан енді келіп түсіп жатқан балаларды қабылдап алып жатса, енді бірі үйінен кетіп қалған балалардың құжаттарын толтырып тиісті бөлімдерге таратып жатыр. Кезекші бөлімнің алдындағы телефонда да тыным жоқ. Без-без етеді. Осында түскен балалардың туған жеріне, ата-анасына сұрау салу, ата-анасы жоқ балаларды балалар үйіне, сәбилер үйіне жөнелту, арнайы мектеп-интернаттарға орналастыру секілді талай баланың тағдыры қоңыраудың ар-жақ бер жағында шешіліп те жатыр.
Назарымыз кішкентай қызға ауды. Әуезов ауданынан әкелінген бес жасар Зарина бұл мекеменің табалдырығын осы жолы екінші рет аттап отыр екен. Анасы 2008 жылы қайтыс болған. Әкесі бірнеше рет бас бостандығынан айырылған. Қазір де жазасын өтеу мекемеcінде жазасын өтеу үстінде. Осыдан бір ай бұрын көшеде жүрген жерінен осы жерге жеткізілген Зарина ата-әжесінің бас тартуымен екінші рет осы мекеменің табалдырығын аттаған. «Әкесіз жетім мас жетім, шешесіз жетім хас жетім» дегендей, «анасы болса мұндай халге түсер ме еді» деген оймен тәртіпке сай медициналық-санитарлық тазалау бөлмесіне әкетіліп бара жатқан Заринаның соңынан қарап қала бердік.
Негізі, қаңғыбастыққа салынатын балалар бірнеше топқа бөлінеді екен. 1) Ата-анасы бола тұра, өз бетінше жұмыс істеп, ақша табу мақсатында үйінен кетіп қалғандар; 2) Ата-анасы бар, қарны тоқ, көйлегі көк бола тұра, көшенің өміріне үйренген, қаңғыбастықты жаны сүйетін балалар, 3) Үйдегі кикілжің, араққорлық пен нашақорлыққа салынған ата-анадан безген балалар; 4) Анасы немесе әкесі жоқ жартылай жетім немесе әке-шешесіз қалған балалар; 5) Балалар үйінен қашып жүрген балалар болып бөлінеді екен. Осылайша, біреулері үйінен мәжбүрліктен қашса, базбіреулері көше өміріне үйренгендіктен, бар қызықты да көшеден іздейтіндер. Олар көбінесе көпқабатты үйлердің жертөлелерінен, шатырлардан, базарлардан және жылу құбырлары мен компьютерлік клубтардың ішінен ұсталады екен.
Орталықтың жалпы жай-жапсарымен танысу мақсатында Алматы қаласы ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығы бастығының орынбасары, полиция капитаны Оспанова Райхан Мэлсқызын әңгімеге тарттық:
– Орталыққа 3 жас пен 18 жас аралығындағы балаларды қабылдаймыз. Орталық негізі 110 балаға арналған. Балаларды қабылдамас бұрын алдын ала медициналық-санитарлық тексеруден өткізіп аламыз. Жуындырып, киімдеріне шейін жаңартамыз. Бұл жерде бала екі-үш күн тұрса да, сабақ оқытылады. Оларға №78 мектептің мұғалімдері келіп дәріс береді. Спорттық ойындар ойнатып, бос уақытын тиімді мақсаттарға жұмсау шаралары ұйымдастырылады. Төрт мезгіл тамақтандырылады. Бала осында түскен соң, бір ай ішінде әке-шешесін тауып, қайтаруға тырысамыз. Ең көп дегенде 6 ай осында ұстаймыз. Осы уақыт ішінде қамқоршысы табылмаған жағдайда балалар үйіне немесе басқа да мекендерге құжаттары реттеледі. Қамқоршысы жоқ балалар арнайы құрылған комиссияның тексеруімен қай жаққа жөнелтілетіні туралы шешім шығарылады.
– Мұнда түсетін балалар санының жылдан-жылға кему көрсеткіші басым ба, әлде өсуі байқала ма?
– Бұрын Алматы қаласы мен Алматы облысының балалары жиі түсетін. Қазіргі таңда ТМД мемлекеттерінен келетін қаңғыбас балалардың үлес салмағы артып отыр. Олардың ішінде қайыр сұрап жүрген жерінен ұсталатындары да бар. Кейбір шалғай облыстардан түскен балаларды алып кетуге ата-аналарының материалдық жағдайы көтермеген жағдайда қызметкерлеріміз жолдамамен балаларды үйіне жеткізіп, ата-анасының қолына тапсырады. Бұған үкіметтен арнайы қаражат бөлінген.
– Орталыққа бірнеше мәрте «қонақ» болатын балалар бола ма?
– Әрине, ондай жағдай көп кездеседі. Әке-шешесіз балалар ғана емес, кейде бір үйдің аузына қарап отырған жалғыз баласы да қаңғыбастыққа салынып жатады. Үйде бірнеше бала болса, олар бір-біріне алданады. Жалғыз бала болған соң, қасына серікті көшеден іздейді. Нәтижесінде, баланы ата-анасы мен мектеп емес, көше тәрбиелейді. Түрмеден шығып келген ересектердің де жеңіл ақша табу үшін жасөспірімдерді пайдаланатын кезі аз емес. Нәтижесінде, бір отбасының жалғыз баласы қылмыскер атанып шыға келеді. Жартылай отбасылардың балалары да қылмысқа, қаңғыбастыққа бейім тұрады. Мысалы, осыдан екі ай бұрын Қаскелең қаласынан 13 жасар бала түсті. Ата-анасы ажырасып кеткен. Баланың жалпы болмысы жақсы. Қолынан келмейтіні жоқ. Тек әкелік тәрбие, жылу ғана жетіспейді. Сондықтан баланың өмірінде әкесінің де, шешесінің де рөлі зор. Ата-аналар ажырасар алдында балаларының психологиясымен санаспайды. Бала үшін олардың ажырасуы ауыр соққы. Оның ойында «әке-шешем қателік жасап жатқанда, маған неге қателеспеске» деген ой қалыптасатын кез аз емес.
Кішкентай балалардың үлкен мәселелері...
Балаларды алдын ала медициналық тексеруден өткізу кезінде олардың арасында ауру балалар жиі кездеседі екен. Көше кезіп, өз бетінше қараусыз жүрген баланың көшедегі тамақ қалдықтарын пайдаланып, кез келген жерге түнеп жүрген соң, ауру қоздырғыштарын тез жұқтырып алатыны да түсінікті. Біз келген кезде мекемеде үш жастар шамасындағы төрт-бес балдырғанды кездестірдік. Алаңсыз, сықылықтай күліп, мекеменің ауласында асыр салып ойнап жүр. Қасымызда мекемені таныстырып жүрген Райхан Мэлсқызы балалардың сәбилер үйіне жөнелтуге құжаттары дайындалып жатқанын айтты. Ата-аналары туралы, бұл жерге қалай тап болғандары жайлы сұрағым да келмеді. Одан гөрі көңілімде «тумай жатып тағдырдың тәлкегіне ұшыраған бүлдіршіндерді қандай болашақ күтіп тұр екен» деген балалардың ертеңіне алаңдаулы күй басым болды.
Орталықтың бөлмелерінің бірінен компьютерлік сыныпты байқадық. Орталық мамандарының айтуынша, мұнда түсетін балалардың көбісі компьютерді атыс-шабысы мол компьютерлік ойындар ойнаудың құралы ретінде ғана біліп келетін көрінеді. Сондай-ақ бұл жерге түскен балалардың көбісі кәмелеттік жасқа толмаса да, ішімдік пен темекінің дәмін татып көргендер екен. Бесіктен белі шықпай жатып балауса еріндерін көк түтінге қақтап, ащы ішімдікті татып көргеніне кімді кінәларсыз. Психологтардың айтуынша, қаңғыбастыққа салынған балалар көбінесе өтірік айтуға бейім болатын көрінеді. Бұл осы орталықтың мамандарының жұмысын да біршама қиындатады екен. Осы мекеменің психологы Әсем: «Осыдан бір ай бұрын 8 жасар қыз түсті. Аты-жөнін атап, «Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласынанмын» деді. Содан бірнеше мәрте осы облысқа қыздың ата-анасына сұрау салдық. Ешқандай дерек жоқ. Қыздан қайта сұрасақ, айтқанынан жаңылмайды. Қайтадан Семейге сұрау саламыз. Іс нәтижесіз. Сосын қыздың алдап отырғанын ұғып, бірнеше күн сөйлестік. Ақырында, шынын айтты. Үштөбенің балалар үйінен өткен жылдың қыркүйек айында қашып кеткен. Қазір іздестірілу үстінде екен. Олар әдейі өтірік айтайын деп ойламаса да, кейде еш пайдасыз өтірікті де айта салады. Өйткені ол кішкентай кезінен дұрыс тәрбиенің берілмеуі салдарынан өтірік айтуға бейім болып қалыптасқан», – дейді. Балалардың беталды қараусыз қалуының жақсылыққа апармайтынының айғағы ұсақ-түйек ұрлық жасап, адам тонау арқылы осы мекеменің табалдырығын аттап, осы жерден балалар колониясына жөнелтілетін балалар да кездеседі екен. Айта кетерлігі, қаңғыбас балалардың үлес салмағы бұрын Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында көп кездессе, соңғы жылдары ТМД мемлекеттерінен жұмыс істеп, ақша табу мақсатында келетін балалардың үлес салмағы артқан. Күнделікті көшеде аяғымызға оратылып, қайыр сұрап жүрген тәжік балаларын да көп кездестіреміз. Осы орайда қолында жөні түзу құжаты да жоқ балалардың ата-ана түгіл, өз елінің қарамағынан тыс, шекара асып жүре беретіні еріксіз таңғалдырады. Сонда ел арасындағы шекара қызметкерлері мен кеден қызметкерлері ай бағып отырғаны ма?!
Алматы қаласының ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау және бейімдеу орталығынан шығып бара жатқанымызда, назарымызды кішкентай қыздың жылаған даусы аударды. Анасы табылып, үйіне әкетіп барады екен. Жылағаны — анасымен бірге тұрғысы келмеген қарсылығы екен. Туған қызын өзінен жерітіп алған ананы қалай аярымызды білмеген ауыр оймен балалар орталығының табалдырығынан кері аттадық.