Қандай жағдайда сақал мен қысқа балаққа тыйым салынатыны белгілі болды
Діни қызмет туралы заң жобасында деструктивті діни ағымдардың сыртқы көрінісі болып табылатын атрибуттар, мысалы қауға сақал мен қысқа балақ, сондай-ақ бетті жауып тұратын киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге шектеу қойылмақ. Бұл туралы дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін мәжілісте Нұрлан Ермекбаев діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша заң жобасын таныстырды. Заң жобасындағы өзгерістердің бірі – бет-әлпетті жауып тұратын киімді қоғамдық орындарда киіп жүруге және деструктивті діни ағымдардың сыртқы көрінісі болып табылатын атрибуттарды, киім-кешекті қоғамдық орындарда пайдалануға, киіп жүруге және таратуға, сондай-ақ олардың идеологиясын таратуға шектеу қою.
"Заң жобасында деструктивтi дiни ағым белгiлерiн пайдалану және көпшiлiкке көрсетуге тыйым салу көзделiп отыр. Олар заңнамалық актiде бекiтiледi. Бұл белгiлердің ішіне тек сыртқы ғана емес, идеологиялық, психологиялық, ұйымдастырушылық әрi діни жоралғы белгiлері кіреді. Деструктивтi дiни ағымдардың сыртқы белгiлерiне исламдағы радикалды ағымдарға тән дүниелер жатқызылуы мүмкiн. Мысалы, бетті жауып тұратын киiм, балағы қысқа шалбар, сақал болуы мүмкiн. Олар жеке-жеке емес, бiрге қарастырылады. Арнайы сараптама арқылы олардың деструктивтi ағымға жататыны-жатпайтынына баға берiледi", — деді Ермекбаев журналистерге.
Оның айтуынша, бұл белгiлер заңнамалық нормативтiк-құқықтық актiде бекiтiледi.
"Бұл актiде эскиздер немесе фотосуреттер берiлуi де мүмкiн. Ұсыныс бойынша, бұл IIМ, ҰҚҚ, Дiн iстерi және азаматтық қоғам министрлiгiнiң бiрлескен бұйрығы болады. Мамандар бұл белгiлердiң деструктивтi дiни ағымға жататыны-жатпайтынын анықтайды. Яғни, теріс ағымның бірнеше сыртқы белгiсi бар азаматпен тiлдесiп, оның дiни көзқарасы жайлы сөйлеседi. Тек қажет болған жағдайда оған ескерту жасалады", — деді министр.