Қалдықтарды игеру жүйесі неге бір ізге түспей отыр?
Елімізде қалдықтарды қосымша шикізат ретінде игеру жүйесі әлі күнге дейін толық қалыптаспай келеді. Қоқыс біткенді өңдеп, қайта адамзат игілігіне жарату шаруасының ақсап тұрғаны – соқырға таяқ ұстатқандай анық жайт. Рас, барлық шаһар маңында қоқыс полигондары бар. Бірақ онда ешқандай қауіпсіздік шарасы сақталмайды. Жан-жағы қоршалмаған бұл жерді қаңғыбастардың тұрақты мекені дерсіз. Қырық түрлі қалдық мидай араласып, айналасына экологиялық зиянды заттардың тарауы денсаулыққа орасан зор кесірін тигізуде. «Қоқыс полигоны болған күннің өзінде, терең ор қазылып, улы заттар жердің астына көмілуі қажет» дейді эколог мамандар. Жуырда «Қоқысқа – тосқауыл!» жобасының аясында «Поделись светом» қоғамдық ұйымы қалдықтарды өңдеуге байланысты мәселе көтеріп, журналистерге Алматыдағы бірнеше қоқыс өңдеу зауытын көрсетіп, олардың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Алматы қаласы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекция бөлімінің бастығы Әміре Жетібаевтың айтуынша, қалдықтарды қайтадан қолдану қоршаған ортаны қорғаумен, бастапқы материалдарды, электр энергиясын үнемдеумен, еңбек ресурстарын босатумен байланысты көптеген мәселені шешуге жол ашады. «Мұндай игі үрдіс көптеген елде сәтті пайдаланылып, өзінің жүйелі арнасын тапқан. Мысалы, Жапониядағылар қағаз, полиэтилен, металл қалдықтарын бір-бірінен айырып, қоқыс жинаушы көліктерге бөлек-бөлек өткізеді екен. Сосын қалдықтар арнайы цехтарда өңделіп, шикізатқа айналады. Шикізаттан қайта тұтынатын бұйым әзірленеді. Бізде де әлгіндей жұмыс қолға алына бастады. Бірақ қарқыны солғындау», – дейді Әміре Жетібаев. Шағын сипатта болса да, осы шаруаға бел шеше кіріскен компаниялардың қарасы көбейіп келе жатыр екен. Әуелі істен шыққан техникаларды қабылдайтын RG Service Almaty компаниясының жұмыс нысанына бет түзедік. Кіреберісте тау боп үйілген тоңазытқыш, теледидар, компьютер сияқты техникалар иін тіресіп тұр. Жұмысшылар болса, техника құрылғыларын бір-бірінен жіліктеп, қызу тірлік үстінде. Мұнда 15 адам жұмыспен қамтылған. Әлгілер техникалардан электронды заттарды бөлуде. Бұлардан алтын, күміс сияқты құнды металдарды химиялық жолмен айырып алуға болатын көрінеді. Сол себепті электронды бөлшектерді қабылдау жөнінде RG Service Almaty мен «Алтын» компаниялары ортақ келісімшартқа отырыпты.
Ғабит ӨТЕҒҰЛОВ, RG Service Almaty компаниясының директоры:
– Жарамсыз техникаларды мүлде қоқысқа тастауға болмайды. Ондағы адам ағзасына қатерлі химиялық заттар ауаға көтеріліп, біздің бойымыздағы клеткаларға әсер етеді. Қазіргі кездегі сан түрлі аурулардың себебі – экологияның бұзылуымен, соның негізіндегі адам клеткаларының өзгеріске ұшырауымен тікелей байланысты. Сонымен қатар бүгінге дейін полиэтилен бұйымдары, бұзылған техника бөлшектері Қытайға арзан бағамен өткізіліп келеді. Ол заттар өңделіп, өзімізге бірнеше есе қымбат бағамен қайта сатылады. Ұсақ-түйек заттарды шығаруға өзіміздің де шамамыз жетеді емес пе? Бұл жобаның экология үшін ғана емес, экономикамыз үшін де тиімді екенін түсініп, қызмет етудеміз.
Келесі бағыт – «Вторполимер» зауыты. Жан-жақтан жиналған полиэтилен қалдықтары әуелі әбден тазаланады. Қалдық дұрыс тазаланбай қалса, денсаулыққа қатер төндіретіні түсінікті. Сосын 200 градустық ыстықта қыздырылады. Одан кейін ерітілген полиэтилен ұзын жіп тәрізді сипатта салқын суға қатырылады да, артынша туралып, түйіршіктеледі. Осылайша шикізат өнімі ретінде дайын болады. «Вторполимер» ЖШС директоры Александр Малыхиннің айтуынша, полиэтилен ауаға өте улы диоксин бөліп шығарады. Сол себепті оны қоқыс полигонында қалдыру өте қауіпті. Ол полиэтиленнің экожүйеге әсер етіп, адам клеткаларының жұмыс ретін бұзатындығы анықталғанын тілге тиек етті. Бұдан кейін макулатурадан кардон қағаздарын әзірлейтін үлкен зауытқа ат басын бұрдық. Мұнда бүкіл Қазақстанның барлық аймағынан қағаз қалдықтары жеткізіледі. Ай сайын мыңдаған тонна қалдық өңделіп, ел игілігіне жарайды. «Қазақстан қағазы» ЖШС директоры Ровшан Касумов қол астында 600-ге таяу адамның жұмыс істейтіндігін айтты. Иә, қалдық өңдеу ісін бір жүйеге келтіре алмай отырғанда, әлемнің дамыған елдері бұл шаруаны баяғыда-ақ дөңгелетіп әкеткені мәлім. Жаһан бойынша жыл сайын 80 млн тоннаның үстінде шығарылатын пластмассалардың 70 пайызынан артығы автокөліктер аккумуляторлары мен азық-түлік салатын ыдыстар түрінде калдыққа айналуда. Соңғы 15-20 жылда пластмассалардың жаңадан жетілдірілген түрлерін жасау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары карқынды түрде жүргізілуде. Негізгі мақсат – мұнайдан өндірілетін әдеттегідей арзан пластмассалардың орнына табиғи жағдайда биологиялық жолмен микроағзалардың қатысуымен қоршаған ортаға залал келтірмейтін қосылыстарға ыдырайтын түрлерін алу. Биологиялық жолмен ыдырайтын полимерлерге химиялық синтез арқылы алынған синтетикалық полиэфирлер және микроорганизмдердің қатысуымен түзілген биополимерлер, биосахаридтер жатады. Биополимерлерден, негізінде, бірсыпыра өнім шығарыла бастады. Мысалы, орауыш қаптар, бірреттік әртүрлі ыдыс-аяқтар және тағы басқалар жасалуда.
Түйін
Бастапқы шикізатты өңдегеннен гөрі қалдықтарды өңдеу жұмысында бірнеше есе энергия аз жұмсалатыны белгілі. Бұл ел экологиясына ғана емес, экономикасына да оң ықпал ететіндігін ұмытпаған жөн. Қалдық өңдеу зауыттары мен цехтары арқылы қаншама қарапайым халық жұмыс табады. Одан бөлек, отандық өнімдердің санының артуына түрткі болады. Бұқара халықтың қоқыс тастау мәдениетінің өсуіне де септігі тиетіндігін естен шығармаған ләзім.