Қайырбектің "Жұлдыз" ауыруымен "ауырып" келе жатқанына 45 жыл болыпты

Қайырбектің "Жұлдыз" ауыруымен "ауырып" келе жатқанына 45 жыл болыпты

Ел арасында жұрт «коллекционер» атап кеткен адамдар болады. Олар әлдебір заттардың бірыңғай түрлерін жинап, соны көзінің қарашығындай сақтап, уақыт өткен сайын әлгі жиған-тергендерін жаңалап дегендей өздерінен-өздері қарадай әбігер болып жүреді. Айталық, тарбағатайлық Болат Тағабайдың 15 жылдан бері жиған асығының 35 мыңға жеткендігі, белгілі ақын, ардагер журналист Серік Ғабдоллаұлының да көзі тірісінде оттықтың (зажигалка) түр-түрін жинаумен айналысқандығы жайында біздің газет оқырмандары құлағдар. Мұндай коллекционерлердің мысалын мыңдап келтіруге болады.

ЖҮЗ МЫҢҒА БАҒАЛАНҒАН ЖӘДІГЕР

Ал өскемендік Қайырбек Рамазановтың кәдімгі төске қадайтын жұлдыз түрлерін жинаумен айналысқанына 45 жыл болыпты. Оның осы уақытқа дейін жинаған жұлдыздар жиынтығының құрамында қандай жұлдыздың түрі жоқ дейсіз. Кешегі Кеңес заманында бастауыш мектептің әр оқушысы төсіне мақтанышпен тағып жүретін октябряттар жұлдызшасынан бастап, комсомол мен партия, еңбек және соғыс, тыл ардагері, спортшылар, қан өткізуші донорлар мен әртүрлі мерейтойлық медальдар, қазақтың хан-сұлтандары мен ақын-жазушы, батыр-билері дейсіз бе, айта берсек толып жатыр.
Бір қызығы, Кәкең қайсыбір әріптестері секілді жиған жұлдыздарының жиынтығын кім көрінгенге көрсетіп, «Менің осындай өнерім, осыншама жиған жұлдыздарым бар» деп ешкімге мақтанбайды. Оның коллекциясындағы әр жұлдыздың өзіндік орны бар. Оны қашан, қай жерде, кімнен сұрап немесе сатып алғандығы - бәрі-бәрі жадында. Ұзын саны он мыңға таяп қалған сансыз жұлдыздар арасында шоқтығы ең биік тұратыны – 1943 жылы Мәскеуден шыққан «Жеңіс ордені» көрінеді. Қайрекең оны Астанадағы бір коллекционерден аттай қалап, бастапқыда 100 мың сұраған бағасын 80 мың теңгеге түсіртіп тұрып сатып алыпты. Сондықтан да болар, коллекционер үшін он мың жұлдыз бір төбе болса, «Жеңіс орденінің» орны да аса ерекше. Өткен күндердің өшпес белгісіндей болып жадымызға жатталып қалған осы бір жұлдыздар – байыптап қараған адамға түрлі ой салып, қиялын әлдебір әдемілік әлеміне жетелері сөзсіз.
Бірде қала күніне арналған жәрмеңкені тамашалап жүріп Қайырбек ағаның жұлдыздарының кішігірім көрмесіне тап болғаным бар. Бір-біріне жалғап, ұзыннан-ұзақ қойылған он шақты үстелдің үстінде күн сәулесіне шағылып жарқ-жұрқ етіп жатқан мың сан жұлдыз көрген жанның көз жауын алғандай. Құдды бір шашылып жатқан қазына дерсің. Әлгі жерден өткен-кеткен үлкеннің де, кішінің де Қайрекеңнің өте сирек кездесетін айрықша ғажап дүниесіне бір сәтке болсын арбалып, бір мезет аялдамасқа амалдары жоқ. Анасын бір алып көріп, мынасына бір шұқшиып, бір аударып, бір төңкеріп, екі бетіндегі жазуларына үңіліп, әлденелерді сұрап дегендей, әйтеуір, қарадай бір әбігерге түсіп жатыр. Сырттай қараған адамға бейне бір тәттіге үймелеген бал аралары секілді.
Ал осыншама дүниенің, қаншама жылдан бері тірнектеп, табанынан таусыла жүріп жинаған иесі болса, адамдардың осы бір қызығушылығы мен таңданысын сырттай тамашалап, жымиып қана тұр. Жүзінде ешқандай мақтаныштың, болмаса, «Көзімнің қарашығындай сақтап жүрген құндылықтарымды әлдекім көзімді ала бере жымқырып кетеді-ау» дегендей қауіптің де нышаны жоқ. Қайта өз дүниесіне жұрттың осылайша жапа-тармағай қызығып жатқаны мен таңданғанынан рақат алатындай.

АС ПЕН ТОЙДАН АҢДЫҒАНЫ – БІР МЕДАЛЬ

Жалпы, Қайрекең мінезі өте қызық адам. Анда-санда редакцияға келіп-кетіп жүретіні бар. Кей күндері көшеде кездесіп қаламыз. Сондағы айтатын жалғыз әңгімесі – таусылып бермейтін жұлдыздар жыры. Қашан көрсең де, «Ана жерде «пәленше» деген жаңа жұлдыз шығыпты, мына жерден «түгенше» деген жұлдыз таптым. Соны барып сұрап алмақпын, бермесе сатыңдар деп қолқа саламын» деп, қарадай желпініп кеп жүргені.
Ал енді еліміздің бір түкпірінде «Әлдебір ақынның немесе батырдың мерейтойы өтпек екен» дегенді естісе болды, Қайрекеңнің қарадай мазасы қашып, жаны байыз таппай кетеді. Қайткен күнде де сол тойға баруға барын салады. Тіпті болмаса, сол тойға бара жатқан біреуді тауып алады да, «Осы тойға арналып шығарылған жұлдыз болса, маған тым болмағанда бір данасын әкеліп берші» деп, жатып кеп қолқа салады. Өзге жұрт ондай ас пен тойдан «ат мінсем, шапан кисем, тым құрыса, сарқыт жесем» деп дәмеленуші еді, ал біздің кейіпкеріміздің жалғыз уайымы – сол баяғы жұлдыз.
Бір жолыққанда: – Қайреке, бұл дертке қашан, қалай шалдығып жүрсіз? – деймін ғой әзілдеп. Сөйтсек, ағамыз жұлдыз жинауды сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап әдетіне айналдырыпты. – Ой, ол кезде коллекционерлер көп еді ғой. Әсіресе, мектеп оқушылары кәдімгі конвертке жапсырылатын марканың түр-түрін көп жинайтын – дейді сүйікті тақырыбына сөз қозғалғанына балаша қуанған ағамыз.
– Бірде «Өскеменде коллекционерлердің клубы ашылыпты» дегенді газеттен оқып, Металлургтер сарайына барсам, шағын көрме өтіп жатыр екен. Әркім өз жиған дүниесін жайратып жайып тастапты. Әй, асықпай жүріп, армансыз бір тамашаладым-ау. Сонда байқағаным, коллекциямен тек балалар ғана емес, жасы үлкен адамдар да айналысады екен. Неге екенін білмеймін, менің назарым бірден осы жұлдыздарға ауды. Иесі орыстың бір шалы екен. Рұқсат бергесін, әлгі жұлдыздардың әрқайсысын ұстап көріп, аударып-төңкеріп қарап, өзімді қызықтырған нәрселерді сұрап жатырмын. Оған да керегі сол екен, жалпы коллекция туралы біраз мағлұмат беріп, жыпырлап жатқан жұлдыздары жайында да ықыласпен әңгімелеп берді. Осыдан соң, әлгінде өзің айтқандай, мен де «жұлдыз жинау» дертіне шалдықтым.
Мұндай дертке шалдыққандар өзге жерді айтпағанда, Өскеменнің өзінде бірсыпыра бар секілді. Қайрекеңнің білетін және көріп жүрген коллекционерлердің көпшілігінде тақырып жоқ дейді. Ол дегеніңіз қолға түскен дүниені, яғни, жұлдызды қалай болса солай, ретсіз, жүйесіз, бір сөзбен айтқанда, санын көбейту үшін ғана жинай беру деген сөз. Ал біздің кейіпкеріміздің жұлдыздар жиынтығында саны небәрі төрт-бес жұлдыздан тұратын болса да, белгілі бір тақырыпқа арналған бөлімшелер бар. Оларды тақырыпқа қалай топтайды дейсіз ғой? Жалпы, Қайырбек ағамыздың жұлдыздары көлемі 20х30 немесе 40х30 сантиметрлік, шет-шетін әдемілеп көктеген, қатқылдау, ақ түсті матаға рет-ретімен түйреліп қойылған. Айталық, әлгіндей бір матаның бетінен кілең спорт тақырыбына арналған жұлдыздар орын алса, енді біріне соғысқа қатысты наградалар мен орден-медальдар түйрелген. Әрмен қарай авиация, әскери техника, түрлі спорттық разрядтар, спорттың түрлері, ақын-жазушылар, батыр-бағландар, би-шешендер мен хан-сұлтандар болып кете береді. Кезінде мұқым Кеңес үкіметі құрамындағы елдің күн көсеміне айналған Лениннің бейнесі бейнеленген жұлдыздар мен медальдардың топтамалары өз алдына бір төбе.

КОЛЛЕКЦИЯСЫН КӨЛІККЕ АЙЫРБАСТАМАЙ ҚОЙҒАН

– Мұның бәрін не істемексіз, қызығушылық танытқан біреулер болса, сатып жібермейсіз бе? – деймін, не дер екен деп. – Жоқ, сатуға болмайды, – деп басын шайқайды ағамыз. – Негізі, көптеген елдерде осындай дәстүр атадан балаға, баладан немере, шөбереге жалғасып жататын көрінеді. Менің бір қыз, бір ұлым бар. Олар ес білгелі мына жұлдыздарды қызықтап, әрі кетсе, балалықпен ойнайтын. Кейін есейіп, анда-мұнда жүргендерінде, көздеріне түскен жұлдыз түрлерін әкеліп беріп жүрді. Бірақ екеуінің бойынан да осы коллекционерлікке деген ынта-ықылас байқамадым. Мүмкін, немерелерімнің бірі аталарының жолын жалғап қалар. «Сатып жібермейсіз бе?» деп отырсыз ғой. Ойнап айта ма, шындары сол ма, ондай «сатыпалғыштар» көп. Осыдан біраз жыл бұрын бір азамат (шамасы, біз жақтың адамы емес-ау деймін) менің осы коллекцияма қатты қызықты. Астында жақында ғана алған шетелдік көлігі бар екен. Қызыққаны сонша, қыза келе: «мына көлігімді ал да, барлық коллекцияңды маған бер» деді. Әуелде ойланып қалдым. Бірақ шынымды айтсам, жеме-жемге келгенде, қимадым. Бұл жұлдыздар менің өміріммен өзектесіп, тағдырыммен тамырласып кеткен ғой. Аз ба, көп пе, білмеймін, 45 жыл бойы жинаған осы он мыңға жуық жұлдыздың әрқайсысы мен үшін ыстық. Бұлардың кез келгенінің өзіндік тарихы, өзіндік орны бар. Кейде «осылар ертеңгі күні ешкімге керексіз болып, жер-жерде шашылып қалмас па екен?» деп уайымдайтыным да рас.
– Ондай болса, мұражайға неге өткізіп тастамайсыз?
– Соны өзім де ойлап жүрмін. Болашақта барлық жиған-тергендерімді хаттап-шоттап, рәсімдеп дегендей, мұражайға өткізетін шығармын, – дейді жетпістің екеуіне келген ағамыз.
Тарбағатайлық Болат деген асық коллекционерінің Астанада өтетін халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатыспақ ойы бар екендігінен газет арқылы құлағдар болған Қайрекең де, егер облыстағылардан рұқсат беріліп, ұсыныс түсіп жатса, халықаралық көрмеге қуана-қуана баратындығын жасырмады.
Жақында редакцияға телефон шалған кейіпкеріміз көптен бері қолына түсіре алмай жүрген әлдебір жұлдызды тапқанын айтып, қуанышымен бөлісті.
Ол солай, үнемі жұлдыз іздеп жүреді. Мынау жалпақ әлемді шыр айналып, жоқ іздеп жүрген жолаушы секілді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста