40 жыл қырғын әкелген Семей ядролық сынақ полигонының зардабы әлі күнге әсерін тигізіп отыр. Полигон аймағындағы елді мекендердегі өлім-жітімнің көрсеткіші орташа республикалық көрсеткішпен салыстырғанда екі еседен азаяр емес. Зардап шеккендердің денсаулығын қалпына келтіру мақсатында неше түрлі іс-шаралар жасалғанымен, уақытынан бұрын көз жұмып жатқандар әлі де жетерлік.
Жайылымдар мен суаттар уланып, ластанды. Сүт пен етте, жемістер мен көкөністерде радионуклидтер аса көп мөлшерде жинақталды. Суды, ет пен сүтті, басқа да тамақты пайдаланған кезде адамдар радиацияның қосымша әрекеттеріне ұшырады. Олардың денсаулығына келтірілген залал-зардапты бүгінде өлшеп болмайды. Алғашқы 14 жылда уран, сутегі және плутон бомбаларын сынау ісі ашық әуе кеңістігінде және жер үстінде жүргізілді. Бұл кезеңде халықты радиациядан қорғау жөнінде іс-шаралар қолданылмады. Олар медициналық зерттеулерден өткізілмеді. Медициналық бақылау тек жарылыс кезінде эксперимент үшін арнайы полигон аймағында немесе тәжірибе жасаушылардың қалауы бойынша оған жақын жерлерде әдейі қалдырылған адамдар мен жан-жануарларға ғана жүргізілді. Әрине, ол радиациялық сәулелену әсерінің қай жерде, қандай қашықтықта, қай кезеңде қандай әсері болатындығын білу мақсатын көздеген болатын.
Әскерилер халықты алда тұрған ядролық сынақтар туралы ескертпеді. Өлім көбейді. Дәрігерлерге радиацияның әсерімен байланысты аурулардың дұрыс диагнозын қоюға тыйым салынды. Сондықтан адамдарды радиация туғызған аурулардан басқаның бәрінен «емдеп» бақты. Семейде сол кездегі ең жаңа жабдықтармен жарақтанған аурухана салынды. Ол «Бруцеллезге қарсы №4 диспансер» деп аталды. Бұл жерде адамдарды емдеген жоқ, жануарларға жәрдем жасаған жоқ. Онда ғылым және келешек ұрпақ үшін қажет деген сылтаумен радиацияның тірі ағзаға әсерін зерттеді.
Адамдардың сәуле ауруынан қалай баяу өлетінін диспансер клиникасында дәрігерлер Б.Гусевтің басшылығымен бақылап, сонан соң Семей полигоны мен орталықтың арнайы қызметтері үшін құпия есептер жазып отырды. Қазір бұл диспансер жұмыс істеп жатыр, ол Радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты деп аталады.
1990 жылы диспансердің мұрағат материалдарынан құпиялық алынды, бірақ адамдардың денсаулығы мен полигон төңірегіндегі радиологиялық ахуалға қатысты құжаттардың бір бөлігі Мәскеуге әкетілген еді.
1957 жылы Алматы медиктері алғаш рет полигонмен шектес тұрып жатқан халықты ішінара зерттеуді жүргізді. Иондалатын сәулеленудің ағзаға әсерімен байланысты өзгерістер белгілерінің арнайы кешені, соның нәтижесінде ағзадағы биохимиялық үрдістер мен зат алмасу үдерісінің қалыпты барысы бұзылатыны анықталды. Екі жылдан кейін Семей облысының Абай, Жаңасемей және Бесқарағай аудандарында КСРО Денсаулық сақтау министрлігі Биофизика институтының кешенді экспедициясы жұмыс істеді. Ғалымдар ядролық полигон аймағында тұрып жатқан адамдарда бұрын анықталған жаңа өзгеше белгілердің бар екенін растады. Олардың кешені бүкіл өмірлік маңызды органдардың – тері аймақтарының бүлінуімен, шаштың түсуімен, жүрек-қан тамырлар жүйесінің елеулі өзгерістерімен, қорғаныш жүйелері қызметінің әлсіреуімен сипатталды. Радиация әсері ағзаның ерте қартаюы, онкоаурулардың өзіне-өзі қол салу жағдайларының көбею үрдісін туғызатыны атап көрсетілді. Бұл жаңа ауруды кейін осы науқас тұңғыш анықталған ауылдың атымен «Қайнар қасіреті» деп атады. Қайнар ауылы Семей ядролық полигонымен жапсарлас қырат бөктеріне орналасқан. Онда 5000-нан астам адам тұрады. Ауылдық аурухананың бас дәрігері, осында көп жыл жұмыс істеген А.Шахантаев сынақ өткізілген жылдар ішінде онкологиялық аурулардан 396 адам өлгенін айтады. Ауылда онкологиялық аурудан құрығанда бір адамы қайтыс болмаған шаңырақ жоқ, ал балалар өлімі үш есеге көбейген.1991-1993 жылдары зерттелген 1029 адамның 90%-ы қорғаныш тапшылығымен ауырған. 14 жасқа дейінгі 3200 баланың 144-і кеміс болып, орталық жүйке жүйесі ауру болып туған.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Семей өңірінде 1980 жылы әр 100 мың тұрғынға 157,9 онкоауру болса, 1990 жылы бұл көрсеткіш үш есеге артты. Бүгінгі күні де бұл көрсеткіш азая қойған жоқ.
40 жыл Семей полигонында сынақ кезінде 500 мыңнан астам адам иондалушы сәулеленудің түрлі мөлшеріне шалдыққан. Ғалымдар сынаққа қатысы бар аудандарда және соған жапсарлас ауылдарда тұратын 1,5 млн адам 1 бэрдан астам мөлшерде сәуле алғанын айтады. Соның салдарынан олар сәулелену кезінде бұзылған өз хромосомдарын келешек ұрпақтарға беретінін анықтады.
Кешірім Бозтаевтың «Семей полигоны. Қайнар қасіреті» кітабынан (Алматы. Қазақстан.):
Темірханов К.З., жарылыс эпицентрінен 130 шақырым жердегі Бесқарағай ауданына қарасты Семиярка селосының тұрғыны:
«Бірінші сутегі бомбасын сынаған кезде мен 17 жаста едім, 10-класта оқитынмын. Әскерилер келді де: «Егер дабыл беріле қалса, бәрің де дереу селоның сырт жағына шығып, жыраға жата қалыңдар, бастарыңды көтермеңдер, есікті, терезелерді, пештің мұржаларын жауып тастаңдар», – деп үйретті. Сонымен, дабыл қағылды. Жұрт селоның сыртына қарай жүгірді. Алдымен үш самолет көрінді. Олар үш айналып шықты, кенет күннен күшті сәуле жарқ ете қалды, сатыр-сұтыр толқын жүріп өтті. Ол екі қабатты мектепті пышақпен кескендей жайпап өтті, кейін әскерилер бірінші қабатын қалпына келтірді, әлі тұр. Селода не болмады дейсіз: мысықтар мен иттер жандары шошып беталды қашты, сиырлар мөңіреп азан-қазан болды, үйлердің терезелері ұшып-ұшып түсті, пештерінің мұржаларын жауып үлгермеген үйлердің іші – күл мен тозаң, әр жерден өрт шықты, адам айтқысыз көрініс...» деп еске алады.
«Тән жарасы жазылар, жан жарасы жазылмас» деген нақыл әдіре қалып, тән де, жан да жазылмас, қан қуалайтын қасіретке айналды. Бұлар туралы елдің мұңын айтып, зарын жоқтайтын небір жыр-дастандар, өлең-поэмалар, драма, кинофильмдер дүниеге келді. Енді ше, ол – тек сол сұмдық қайта келмесе екен деген ізгі ниеттен туған тілек қой.
Бүгінде ядролық сынақтардан зардап шеккен халықты сауықтыру туралы заң қабылданғанымен, КСРО-ның заңды мұрагері ретінде Ресей ядролық сынақтардан зардап шеккендерге және бірінші кезекте балаларға көмек көрсетсе екен деген үміт бар.
Қайнар қасіреті
Последние статьи автора