Ақтөбе қаласындағы психологтарға соңғы үш айда педофилдің құрбаны болған 30-ға жуық адам келген. Олардың барлығы бала кезінде жыныстық зорлыққа ұшыраған, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Бұл — еліміздегі Орталық Азия психоанализ институты өткізген #СтопПедофилия акциясы кезінде маманның көмегіне жүгінгендер. Психологтардың айтуынша, бала кезінде жыныстық зорлыққа тап болғандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі көбі айтуға ұялады. Жалпы педофилия ауру ма? Одан қалай сақтану керек? Осы ретте психологтарды әңгімеге тарттық.
Психолог Гүлзат Қанатованың айтуынша, педофилия – психикалық ауытқу, ересек адамның жас балалардың денесіне қызығуы. Егер ойын жүзеге асырса, жыныстық зорлыққа жатады. Қазақстанда педофилия бойынша зерттеу аз жүргізіледі. Елімізде қанша адамның бұндай қызығушылығы бары белгісіз. Мәселен, психоанализ институтының #СтопПедофилия акциясы аясында жұмыс жасайтын психолог мамандарға соңғы үш айда 70 адам келсе, соның 30-ы Ақтөбе қаласындағы психологтарға барған. Оның ішінде бала кезінде педофилдің құрбаны болғанын айтып, жылап келген жасы 75-тен асқан қарт кісілер де бар.
"Бұл — маманның алдына келген аз ғана бөлігі. Негізінде көпшілік жасырады, айтуға ұялады. Бала ата-анасынан қорқып айтпайды немесе отбасы мүшелері біле тұра құқық қорғау органдарына шағымданбайды. Бұл — психологияда үнсіз отбасылық педофилия деп аталады, яғни ата-анасы баласына жыныстық зорлық жасалатынын біле тұра, үнсіз рұқсат беруі", — дейді маман.
Ал психолог Назипа Жанәділқызы ата-анасы ұрып, соғатын бала көп нәрсені жасыратынын айтады.
Педофил тарапынан жыныстық әрекет болса, оны айтпайды. Шындықты айтсам жазаланамын, кінәлі боламын деп ойлайды. Жалпы, ондай үйде ешкім шындық айтпайды. Ата-анасы балаға ішінде не болып жатқанын айтуды үйретпеген,— дейді маман.
Гетерсексуальды педофилдер көбіне құрбандарын өз айналасынан іздейді, туған баласына, немересіне, іні-қарындасына зорлық қылуы мүмкін. Туысы болғандықтан бала оларға сенеді.
Америкалық мамандардың зерттеулеріне сүйенсек, педофилдердің 80 пайызы баланың танысы, туысы болып шығады. Соның ішінде 60 пайызы ет жақыны әкесі, атасы, ағасы болса, 20 пайызы ғана —сырттан. Біздің елімізде де жағдай осындай, - дейді Гүлзат Қанатова.
Психологтардың айтуынша, "мынадай адам педофил болады" деген қағида жоқ. Генетикалық, психологиялық факторлар, отбасында көрген жыныстық зорлық, ересек адамның сексуальды энергиясының жетілмеуі секілді түрлі жағдайлар адамның педофил болуына әсер етуі мүмкін.
Балаға құмарлығы бар екенін білген адам психологқа барып, оның алдын алуына болады. Алайда олар маман көмегіне жүгінбейді. Көп жағдайда бұрын педофилдің құрбаны болған адам, кейін өзі де адам зорлайды екен.
Мәселен, балаңызға немесе сіңіліңізге ұрыстыңыз. Олар ертең соны өзінен кішіге көрсетеді. Педофилдерде де солай. Сондықтан педофилияға ұшыраған адам "өз жаным ауырып жатыр" деп қана емес, болашақта педофил болу қаупінен сақтанып психолог алдына келуі керек. Біреу айтуға ұялады, бірі бұны қалыпты жағдай деп түсінеді, өзін бақылай аламын деп ойлайды. Психика кейде логикаға бағынбайды", — дейді Гүлзат Қанатова.
Бала тәніне құмарлық әр түрлі болады. Баланы ұру да жыныстық зорлық жасағанмен бірдей. Қан-жоса қылып, төпелеп ұрғанда да тәнге тән тиеді, ұрушы бейсаналы құмарлығын ұру арқылы қанағаттандырып жатуы да мүмкін.
Психологтың айтуынша, әр кезеңде баланың жасына сай сексуальдық энергиясы болады. Бала 3-5 жаста өз тәнін зерттей бастайды. Сондықтан балаға өз жасына сай жыныстық тәрбие берілуі керек.
"Психоанализ ассоциациясы қазақ тілінде "Іш киім ережесі" деген бейне ролик түсірді. Ата-аналар осы роликті балаларымен бірге көріп, баладан не түсінгенін сұрап, баланың сұрақтарына жәймен жауап беруіне болады",—дейді психолог Гүлзат.
Ата-ана нені ескеруі керек?
Психологтардың айтуынша, балаларды басқа адамдармен әсіресе, ер адамдармен, тіпті туыс болса да бірге қалдырмау керек.
"Іш киім ережесін түсіндірген жөн. Баланың жыныс мүшесін анасынан басқа ешкім ұстамауы керек. Анасы "менен басқа ешкім ұстамауы керек" деп түсіндіріп айтып, жуындырар кезінде өзінің де рұқсат сұрағаны дұрыс. "Жыныс мүшелерің тек сенікі ғана" дегенді ұғындыру керек. Далаға ойнауға кеткенде, сыртқа шыққанда қауіпсіздігі туралы қайталап айтып, нені түсінгенін сұраған жөн. Бала ұмытып кетеді. Сондықтан әр кез құлағына құйып отыру керек", - дейді Гүлзат Қанатова.
Психологтың айтуынша, қазір баланың барлығы интернетті тұтынады. Оның не қарайтынын бақылап, шектеу қою қажет. Бала күрт өзгерсе, сөйлеспесе, жуынбаса, ешнәрсеге зауқы болмаса, ол күйзелісте жүруі мүмкін. Бұл жағдай аптаға созылып жатса, міндетті түрде сөйлесу керек. "Айта алмасаң, жазып жібер, ымдап көрсет" деп бірнеше вариантты ұсынған дұрыс. Бала өзінің қорғаны бар екенін ұғынуы керек.
Шындығыңды айтсаң ұрыспаймын" деп уәде беріп, уәдеде тұру керек. Баланың өзін, киімін, жүрісін кінәламаған жөн, - дейді маман.
sn.kz