Алматыда кәмелетке толмаған балаларды ұрып-соқты деген күдікке іліккен «Райымбек батыр» қайырымдылық мекемесіне қылмыстық іс қозғалды. Полицияға арыз сонда тұратын оқушыдан түскен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі КТК.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл ұйым «сүлейменшіл» бағытты насихаттайтын секта болуы да мүмкін. Қыста ол жақтан діни оқулықтар тәркіленсе, енді жастарды ұрып-соғады деген ақпарат ресми расталды. Осы сияқты қайырымдылық қорының атын жамылған медреседен жапа шеккен оқушылар шетінен өз шындығын айтып жатыр.
Бұл пансионаттың барлығы «Жібек жолы» қауымдастығына қарайды. Мүфтият та аталмыш мекемемен байланысын тоқтатыпты. Себебі не? «Сүлейменшілер» деген кімдер?
КТК тілшісі журналистік зерттеу жүргізді. «Дәретхананы жуғызады». «Жұдырық жұмсайды». Бұл «Райымбек батыр» қайырымдылық қорында қағажу көрген жеткіншектің инспекторға жіберген жазбасы.
Іле-шала құзырлы орган жетіп, мекеме қызметкерлері қарсылық танытса да, 43 оқушыны босатты.
- Егер бәрі дұрыс болса, балаларды ұрмаса, бұл қалыпты жағдай, Бірақ құқығын бұзатын болса, әрине, ешкім мақұлдамайды.
Алматыдағы Балаларды қолдау орталығынан 12 жастағы інісін алып кетуге келген ағасы қайырымдылық қоры қатігездік таныта ма деп аң-таң. Ата-анасы жетіп үлгермеген балалар уақытша осы мемлекеттік мекемеде болады. Көбі үркіп қалған. Одан да сорақысы, жектіншектердің санасы уланғаны әңгіме ауанынан байқалады. Медресе деп ешкімге тіс жармай жасырып келгенін мойындады.
- Иә, жасырып келдік. Медресе деп ешкімге айтпадық. Ұстаздардың айтуы бойынша, былай, оқуымызға болады. Бірақ медресенің атын жамыла алмаймыз.
13 жастағы бұл оқушының Қордың қамқорлығына өткеніне бір жарым жыл. Аз қамтылған отбасыдан шыққан. Қауіпсіздік мақсатында жүзін жасырдық. Қатарластарын ұстаздары ұрып-соққаннан еш әбестік көрмейді.
- Егер олар ұрмаса, одан бетер шектен шығатын еді. Дін бойынша кішкентай балаларды ұрған дұрыс емес. Бірақ түзу жолға салу үшін сәл ұрған дұрыс деп ойлаймын.
Тақиялы бозбала да бертінде «Жібек жолы» мекемесіне қарасты «Сауран» қорынан қорлық көріп, қашып шыққан.
- Ұрып-соқты. Яғни дәріс тапсырмасаң, дәріске кешігіп келсең. Уақтылы тапсырмасаң ұрады. Қолдан ұрады, мойынан ұрады, желкеден ұрады. Бүкіл жерден ұрады ғой.
Алматының өзінде мұндай мекеменің жетеуі бар. Құжатта «қайырымдылық қоры» деп көрсетілген. Медресе екенін жасырады.
- Иә, медресе екенін, мысалға, айтпандар деді. Келеді ғой енді, мысалы, бизнесмендер. Келіп таныстырады, біздің шәкірттеріміз, медресе деп. Шын мәнісінде, медресе деп айтпандар деді ғой.
Ұйымды зерттеген теологтардың айтуынша, жасырын істейтін оғаш құлшылығы көп. Жұма намазына мешітке бармай, өз аумағында оқшау оқиды. Мүфтиятқа бағынбайды. Тіпті жылдың бір арнаулы айында бес уақыт намаздың біреуін қалыс қалдырады екен.
Руслан Қайыргелді, теолог:
- Ол кісілер осы уақытқа дейін өз мекемелерінде, панисонатында жұма намазын өткізіп, атқарып келді. Оның өзі шариғат талабына сай емес. Бір Қазақстанда, бір елде, бір қалада өмір сүре тұра, мешіттің намаз уақытынан олардың намаз уақыттары ерекшеленеді. Тіпті, мен сіздерге айтайын, жаздың бір уақыттарында, 10-15 күн арасында, олардың біздің түнгі құптан намазы бар емес пе, сол құптан намазының уақыты кірмейді деп, тек қана төрт уақыт намаз оқиды.
Сайып келгенде бұл «сүлейменшілердің» ұстанған жолы. Ал ол кім?
Сүлеймен Хилми Тунахан 1888 жылы қазіргі Болгарияда өмірге келген. Ыстамбұлда 10 жылдан астам араб тілі, тәпсір, хадис және т.б. білімді үйреніп, ұстаздық қызмет ету мәртебесіне ие болады. Қазилар медресесін тәмәмдайды. Түркия билігіне Ататүрік келгенде реформасына қарсы шыққан. Дүние салғанға дейін шәкірт тәрбиелеп, діни білім үйретумен шұғылданған. 1959 жылы Сүлеймен Хилми Тунахан бақилық болғасын, шәкірттері ұстазына деген құрметі үшін рухани қызмет жасаймыз деп уәде беріп, «сүлейменшілер» бағытын дамытқан. Сүлейменнің кім екенін Қор қамқорлығындағы балалар жеті атасындай жатқа соғады. Пір тұтады.
- Бір әулие кісі болған сондай. Сол кісі дінге жақын, дінді таратып жүрген дұрыс жолда болған адам. Сүлеймен Хилмит Тұнахан деген. Оны бізге де ұстаздарымыз айтады, хазірет ұстазымыз деп. Сол кісінің шәкірттері жалғасып келе жатқан бір ұстаздық деп айтсам болады. Сүлеймен мен үшін ұстаз.
Жасырын құлшылықтың бірі – оқушылар әулие тұтқан Сүлеймен Хилми Тунаханың суретін жатарда жастық астына салып ұйықтайды екен.
Руслан Қайыргелді, теолог:
- Ғалым болғаны рас. Ол кісінің дінге қызмет еткені рас. Алайда өзінен кейін ерушілері, шәкірттері Пайғамбар дәрежесіне көтеріп жібергендері шариғатқа қайшы нәрсе. Жасырын құлшылық дедім ғой, одан кейінгі олардың шәкірттері тіпті шектен шыққаны соншалық, ол кісінің суретін сүйіп, бірге ұйықтаған кезде жастығының астына алып жатады. Сол кісінің аруағы қолдасын, сол кісінің аруағы жебеп жүрсін деген мақсатпен.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аты шыққан «Жібек жолы» қайырымдылық мекемелер қауымдастығымен 2021 жылы жасалған екіжақты келісімді бертінде бұзды. Келісім аясында қойылған заңды талапты орындамаған екен.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы:
- ҚМДБ Қазақстан азаматтарын, соның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдерді мәжбүрлі түрде дінге тартуға немесе олардың руханы дамуына кедергі келтіруге ешкімнің құқығы жоқ екенін мәлімдейді. «Жібек Жолы» Қауымдастығына қарасты қайырымдылық мекемелерінің тәрбиеленушілері өзге де Қазақстан азаматтары секілді қандай да бір шектеусіз өз еріктерімен ҚМДБ мешіттері жанындағы діни сауат ашу курстарына қатыса алады.
Мәселенің мән-жайын білмекке «Жібек жолы» қауымдастығына бардық. Өздеріне қарайтын «Сауран» қайырымдылық мекемесімен бір ғимаратта отырады екен. Ә дегеннен есігін тарс жапты. Іштен бір қызметкері шығып, сөйлестік дегеннің ырымын жасады. Бұл қайырымдылық мекемесі емес, құдды көлденең көк аттыны кіргізбейтін стратегиялық нысандай. Қауіпсіздігі жоғары. Дарбазасы биік. Артық дыбыс шығаруға болмайды деген белгісі де қойылған.
Одан бөлек, кірерде жеке куәлік көрсету талап етіледі деген қағазы да жазылған. Ә дегенде, бізді көрген кезде есікті іштен тарс жапты. «Сәлден кейін шығамыз» деген мекеме қызметкерлерінен хабар жоқ. Күткенімізге жарты сағаттан асты. Ақыры сұхбаттасуға құлық танытпады.
Полиция департаменті қазір «Жібек жолына» қарасты қайырымдылық мекемесіне қамқорлығындағы балаға зиян келтіріп, қамқоршы құқығын теріс пайдалану бабымен қылмыстық істі тергеуді бастап кетті.
Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:
- Екі жарым сағаттай ішке кіре алмады. Өйткені сол панисонаттың адамдары қоқанлоқы көрсетіп, ішке кіргізбей, заңды талаптарға бағынбауға тиісті. Десек те заң нормаларына сай, олар жауапкершілікке тартылып, іс тергелуде. Бұл балаларға қысым және көрсетілген ұрыпсоғу деректері де бар болуы мүмкін.
Алдын ала мәліметіміз, бойынша, бұл панисонат биыл қыста қаланың басқа төңірегінде айқындалған тәріздес панисонаттың бір филиалы болуы мүмкін. Қаңтар айында балалар панисонатының атын жамылып жеткіншектерді өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі деген күдікпен қайырымдылық мекемесіне қатысты қылмыстық істі тергеу басталған. Тінту кезінде Қазақстанда экстремистік деп танылған діни оқулықтар табылды. Бұл мекеменің де бүгін біз сөз еткен «Жібек жолына» қарайтын артынан анықталды.