Ақтөбеде тағы бір жасөспірім педофилдің құрбаны болды. Жас қызды жауыздықпен қинаған педофил ұсталған жоқ деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.
Оқиғаның орын алғанына екі аптадан аса уақыт өтсе де, полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтай алмай отыр.
22 қыркүйек күні Ақтөбе қаласы жанындағы елді мекендердің бірінде тұратан 15 жастағы Аида такси тоқтатқан. Қараңғы түспей шаруасын бітіремін деген қыз баланың өмірі бүлінді. Қыз балаға такси қызметін көрсеткен жігіт күшпен қорлық көрсеткен. Қызды аяусыз соғып, елсіз жерге тастап кеткен. Аида үйіне аман-есен жеткенімен, өмірін өксіткен педофил ұсталған жоқ. Әлі де іздестірілуде.
Аиданың анасы оқиға 22 қыркүйек күні жергілікті уақытпен кешкі сағат 7 мен 8 шамасында болды деп полиция бөліміне шағым түсірген. Ал, полиция қызметінің тексерісінен әзірге нәтиже жоқ. Облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі оқиға барысы жөнінде әзірге нақты айтпай отыр. Оқиғаның ақпараттануы күдіктінің ұсталуына кедергі келтіруі мүмкін деген қауіп бар.
Бірақ, алаңсыз таксиге отырып жүрген ақтөбелік басқа бүлдіршіндердің қауіп үстінде екені еш жерде айтылып жатқан жоқ. Жыл басталғалы облыста 4 бүлдіршін жыныстық қатынастың құрбаны болғанымен жантүршігерлік оқиғалар тыйылмай отыр.
Ақтөбе облысында 3 жылда жасөспірімдердің өмірін қор еткен 21 педофил істі болған. Бұл тек сотқа жетіп, қағаз жүзінде тіркелгені ғана. Ал, отбасымның абыройы төгілмесін, баламның ертеңгі болашағы не болар деп айтылмай қалып жатқандары да көп.
Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері биыл 3 жеткіншек жыныстық қатынастың құрбаны болғанын айтты. Десек те, құқық қорғау орындары бейқам отыр. Жасөспірімдерге келер қауіп сейілген жоқ.
«2013 жылы Ақтөбеде педофилдерге қатысты облыс соттарымен 9 іс қаралған болатын. 2014 жылы 7 іс тіркелді. Сонымен қатар, бұл цифрдан бөлек өткен жылы оқушы қызды айуандықпен өлтірген 121-96 бап бойынша Наумцев пен Савичтің ісі қаралды. Ал, 2015 жылдың осы уақытына дейін соттармен педофилдерге қатысты 5 іс қаралған»,-дейді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінен Гүлзия Мақсатқызы.