Патронаттық отбасыларға жаңа үй
Бүгінде балалар үйінен патронаттық тәрбиеге бала алып тәрбиелеп отырған отбасылар көбейіп келеді. Жуырда Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған Зульфия Туленованың патронаттық отбасылық жанұясында болды. Зүльфия Туленова бүгінде тоғыз баланы тәрбиелеп отыр. 2010 жылы патронаттық тәрбиеге үш бала алса, 2011 жылы қорғаншылыққа төрт баланы қанатының астына алған.
Биылғы жылы демеушілердің көмегімен оларға жаңа үй тұрғызылып, аулалары абаттандырылды. Оған қоса, отбасыға жаңа «Нексия» автокөлігі сыйға берілді. Қамкөңіл балаларды қамқорлыққа алған отанасының үйінде болған облыс әкімі компьютер мен қажетті тұрмыстық техника сыйлады. Аймақ басшысы атап өткендей, қазіргі күні облыста патронаттық отбасылар мен отбасылық типтегі балалар үйлеріне көмек көрсету бағдарламасы даярланып жатыр. «Мемлекет көрсетіп жатқан көмектен бөлек, біз осындай патронаттық отбасылар мен отбасылық типтегі балалар үйлеріне бюджеттен тыс қаражат арқылы тұрғын үй мәселелерін шешуге көмек береміз», – деді Қанат Бозымбаев. – «Қазіргі уақытта менің тапсырмам бойынша осындай отбасылар мен оларға керекті көмектің тізімі дайындалып жатыр. Бірінші кезекте тұрғын үй мәселесін шешеміз. Егер осындай отбасында алты балаға дейін тәрбиеленсе және олар қалада тұрса, оларға төрт бөлмелі пәтер сатып алынады. Ал отбасында алты баладан көп болса, жеке үй тұрғызамыз. Бұл шаралар тегін ұйымдастырылады және ол үйлерді олар бес жылдан соң өз меншіктеріне рәсімдеп алуларына болады. Жақын арада он осындай патронаттық отбасының мәселесін шешуді жоспарлап отырмыз». Жалпы, Жамбыл облысында бүгінде 94 патронаттық отбасында 130 бала тәрбиеленсе, облыстағы екі мемлекеттік балалар үйінде 271 бала тәрбиеленіп жатыр.