"Пападан" қалай құтыламыз...
Бүгінде ата-анасын пап-мам деп атайтындар басым. Әке-апа деп атайтындарға үрке қарайтынымызды несіне жасырайық. Тіпті, оған ескіліктің қалдығы деп мұрын шүйіре қарайтындар да табылады. Әр өңірде тілдік қолданысқа сай аталатыны да бар. Мәселен, оңтүстік өңірде әкесін көке, анасын жеңеше деп те атайды. Ал, ағаларын тәте деп әспеттейді. Ал, батыс өңірлерде тәте деп жеңгесін, не апа әпкелерін айтады. Кей өңірлерде анасын шеше деп те атап жатады. Шымкенттіктердің «Ш..ш..» сөзіне шашалып қала беретін әдеті сондықтан шығар. Сондықтан бұл жақта шеше атауы үлкен қолданысқа ие бола қоймаған. Айтпағымыз папа атауының дұрыс, бұрыстығында. Осы мақаланы жазу барысында «Алаш айнасы» тілшісі мүйізі қарағайдай тіл мамандарының пікірін білмекке ниеттенген едік. Пікір екіге жарылды. Тіпті, бұл турасында ойланбағандығын алға тартып, жауап беруден бас тартқандар да табылды.
Екі топтың ойын тізбектеп өтсек, папа мен мама сөзі қазақтың төл сөзі емес дейтіндер басымырақ түсті. Оны Кеңес одағының жадымызға өшпестей жазып қалдырған «мұрасы» санайтындар баршылық. Олардың уәжіне құлақ түрсек Қызыл империяның қол астында болған жылдары бар асыл мұрасын ұмытып, байлаулы баспақтай жетекке еріп кеткен тек біз ғана ма деген ойға қаласың. Өйткені 15 одақтас республикалардың ішінде болған түркімендер әкесін қахы, анасын эже, ал өзбектер әдәсі мен айысынан айныған жоқ. Біз ғана папа-мамалап кеттік. Енді осының төркініне үңіліп көрсек. Кеңес өкіметінің алға қойған мақсаттарының бірі дінсіздендіру болғаны екінің біріне аян. Кешегі «Алла жоқ» деп аттандаған атеистердің шығуы соның жемісі. Одан бері де орыстандыру саясаты да өз жеңісін бере бастады. Католик шіркеуіндегі ең жоғарғы билік иесін «папа» деп атайды. Батыста шіркеу билігін Рим епископы, яғни Папа жүргізеді. Осыны біле тұра «батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатынын» дәлелдеп отырғандаймыз. Өйткені папалайтындар көп. Балаға не үйретсең тотықұстай соны қайталайтыны белгілі. Тәрбиенің басын ұстап отырған отағасы мен отаналарымыз осыны ұғынар ма екен? Осындайда ойға қаласың, балаға «Папа» деп үйрету арқылы өзге дінді дәріптеп жатқан жоқпыз ба? Бәлкім санасы солқылдақ жастарымыздың өзге дінге бет бұруының басты себебі осында жатқан жоқ па екен өзі? Тәуелсіздік алдық деп тәубә айтып жүргенімізбен сана қараңғылығына әлі сәуле түспеген секілді. Төл сөзімізді тарс естен шығарып, өзгелердің қаңсығын таңсық көруден танар емеспіз. Ислам діні қазақ даласында қанат жаймай тұрған кезде ата-бабаларымыз Көкке, яғни Тәңірге аспандағы көк Тәңірге табынған. Көк Тәңірдің жердегі өкілі деп әкелерін көке деп атаған. Ислам дінін қабылдап, мұсылман атанғанда да көктегі Жаратушыға сыйынып, әкесін көке деп атаған-ды. Беріде мәңгүрттенген шала қазақтар балаларын папа деп үйретіп, бойына сіңірді. Содан әлі де арыла алмай келеміз. Тіпті арылу ойда да жоқ. Ал, екінші топ - тіл мамандарының өзі «папа-мама сөзі көне түркі тілінен шыққан» дейді. Бұл туралы көне түркі тілінің сөздігінде жазылған құсайды. Папа сөзі көне түркі тіліндегі «баба» дегеннің ассимиляцияға ұшыраған бүгінгі күнгі кейпі көрінеді. Кім білген? Сондай-ақ, папа сөзі үнді-еуропалық тілден шыққандығын айтып, дәлелдеуге талпынатындар да баршылық. Бұл тұрғыда қып-қызыл айтыс ұйымдастыруға болады. Мұндайда тіл мамандарының өзі бір ұйғарымға келе алмауы да мүмкін...
Ауылымыздағы мақтаулы келіндердің бірі балаларына «әкешім, анашым» деп атауды үйретіпті. Құлаққа қандай жағымды естіледі,ә. Біртүрлі қазақы иіс шығатындай ма, қалай? Замандас, сіз балаңызға қалай үйретіп жүрсіз?
Бибіхан Байбақова, оқытушы:
–Папа, мама деген бұл орыстың сөзі. Яғни, кірме сөз. Біз орыс сөздерінің басым бөлігін толықтай қабылдап алдық. Баланың тілі шыққаннан ата-анасы өздері үйретеді папа, мама деп. Солай ауыздандырады. Бала көргенін істемегенде қайтеді? Әйтпесе, қазақ атауларынан қайсысы артық? Ана деп айтсақ жараспай ма? Қандай қасиетті, киелі сөз. Бірақ оның бағасын бағамдап жатқан кім бар? Баспасөз бұқараның тілін жөндеп, дұрыс жол сілтеуі тиіс. Алайда газеттеріміздің өзінде «пәленшенің мамасы белгілі ғалым» деп бұра тартады. Осыдан кейін қарапайым жұртшылыққа өкпелеуге болмас.
Мархабат Байғұт, жазушы:
– Папа, мама атауы өзімізге жат емес сықылды. Қазақта «мама ағаш», мама бие» деген де сөз бар. Тілдің де түбірі бір ғой. Егер дұрыс ниетпен қарасақ баба деген өзіміздің төл сөзіміз. Егер еуропалық тұрғыдан қарасақ жат, бөтен сезіледі. Бұл күрделі мәселе. Бұл атаудан бас тарту да қиын... Өзім әкемді ата деп атадым. Анамнан 20 жас үлкен болғаннан кейін бе екен, кім білген...
Біздің тұрғыластарымыздың дені әке, көке деп атады. Папа деген кейін шықты ғой. Оны дәл қазір өзгерту керек деп айта салу оңай болғанымен, түбірімен жою қиынға соғары анық. Өйткені қаншама жыл сіңісті болып қалған.