Өзгелер мойындаған қазақ медицинасын өзіміз қашан мойындаймыз?
Дертіне дауа іздеген жан шетел асатын болды. Бұған ешбір қарсылығымыз жоқ. Жанына батқан дертіне дауа іздеген азаматтар құлан-таза айығып келіп жатса, біз оған қуаныштымыз. Әрине, шетелде емделген азамат аз ақша жұмсамайды. Қалтасы біршама қағылады. Өйткені, онда жасалатын ем-дом мен қажет болған жағдайдағы операцияның құны қарапайым азаматтың қалтасына олқы соғатыны тағы бар. Рас, әлемде бұрыннан медицинасы дамып келе жатқан мемлекеттер көп. Қазіргі таңда екінің бірі Қытай медицинасы жайында аузының суы құрып әңгімелейтін болып алды. Ол да дұрыс шығар. Қазақстандық дәрігерлер дәрменсіз болып отырған дерттерді емдеуге келгенде қытайлық медицина мамандары алдына жан салмайтын да шығар. Сондай-ақ, үнді, еврей медицинасы жайында да мақтауға жақынбыз. Германия, Франция және өзге де мемлекеттердің атам заманнан келе жатқан емшілік өнерін көріп қайтқандар аз емес. Алайда біз ата-бабалардың бізге аманат еткен емшілік өнері жайында ұмытып бара жатқан секілдіміз.
Қарапайым ғана жайлардан бастап көрелік. Қазақта сынықшы деген бар. Дәрігерлер қол-аяғы жарақаттанып қалған адамды бірнеше ай бойы емдеп жазады. Күні кешеге дейін кейбір азаматтар сынықшыға барып, жарақатынан құлан-таза айығып кеткенін көзіміз көрген еді. Тіпті, кейбір адамдардың майдаланып сынып кеткен сүйектерін қайтадан орнына салып, оның жымын білдірмей жіберген қолы жеңіл сынықшылар аз болған жоқ. Бір қызығы, қазақтың осы бір сынықшылық өнері өзегелерге қызық болып, оны үйренуге құлшыныс білдіріп жатқандар бар екен. Мәселен, атағы жер жарып тұрған Қытайдың өзінде оған қызығушылық танытып отырған жайы бар екен. Сол жақтан келген мамандардың айтуынша, қазір онда қазақтың сынықшылық кәсібін меңгеріп жатқандар аз емес екен. Ондағы дәрігерлер қазақтың сүйек бітістіру жұмысын жоғары бағалайды. Өкінішке қарай, біз өзіміздің осындай қасиетімізді бағаламай, өзгенің емшілік өнеріне таңғалып, бас шайқап жүрген жайымыз бар. Сондай-ақ, қазақ медицинасының булау өнерін де меңгеріп алғысы келетін азаматтар бар көрінеді. Оған кететін шығын көлемі де көп емес.
spicyip.com849
Өзге жұрт біздің қазақтың еміне осылайша қызығушылық білдіріп жатқанда өзіміз оған селсоқ қарап жүрген жайымыз бар. Осындай қасиетімізді бағалап, оны патенттен алуды ұмытып жүрген жоқпыз ба? Күні ертең қытайлықтар бұл біздің емдеу тәсіліміз деп жатса, оған қарсылық көрсететін қандай дәлеліміз бар? Сондай-ақ, қазақ даласында емдік өсімдіктердің қаншама түрі бар екенін ғалымдар жиі айтып келеді.
Елдің арасында «Табиғаттың өзі – емші» деген тәмсіл бар. Аталар айтқан сөздің астарына үңіліп көрдік пе? Үңілсеңіз, көп нәрсеге қанығар едіңіз. Адам баласы кейде түрлі аурудың зиянын көреді. Осындайда дертке дәру іздейміз. Дәрігерге барамыз. Олар қолдан келгенше емдейді. Қазір медицина дамып келеді. Неше түрлі құрал-жабдық бар. Бұл дүниелер адам ағзасына айтарлықтай әсер етеді. Бұрынғы кезеңдерде қалай болған? Қазіргідей медицина қарыштап дамыған жоқ. Соның өзінде адамдарды емдеу ісіне ерекше мән берілді. Ежелгі замандарда емшілер дәрілік өсімдіктерге назар салған. Олардың емдік қасиеттерін түсіне білді. Сол бір кезеңдерде Қытай, Үндістан, Грекия мемлекеттерінде осындай істер кеңінен өркен жайған екен. Біздің қазақ даласында да ондай адамдар болды. Ерекше қасиеті арқылы олардың атағы алысқа жайылды. «Дәрі шөптен шығады, дана көптен шығады» деген нақыл осыған байланысты айтылса керек-ті.
Дәрілік өсімдікпен емдеу ісі әлі де жойылған жоқ. Осы күндері Қытайдың ежелгі медицинасы әлемде алдыңғы орында тұр. Сол елдің дуалы ауыз дәрігерінің бірі «Сенің денеңнің қуаты – өсімдіктің шырынында» деп айтқан екен. Қытай жұрты аталмыш сөздің мәніне үңілген. Оны кәдеге жаратып та отыр. Өкінішке қарай, бұл жөнінен біз мақтана алмаймыз. Өйткені оған әлі күнге дейін самарқау кейіп танытып жүрміз.
Дәрілік өсімдіктер адам ағзасына ешқандай зиянын жасамайды. Қайта шипасын тигізеді. Қайсыбір кезеңде оған көзқарас дұрыс болған жоқ. Оны ескіліктің қалдығы деп ұққандар аз емес еді. Химиялық жолмен дайындалатын дәрілерді тұтынып келдік. Дегенмен олардың кейбірі ден-саулыққа зиянын тигізіп жататын. Беріде оны түсінгендер саны көбейді. Әсіресе Орта Азияда олардың саны бірден арта түсті. Сары құрлықтың орталық бөлігін мекен еткен тұрғындар өткен ғасырдың 70-жылдарында дәрілік өсімдіктерге мән бере бастады. Атап айтқанда, 1970-1980 жылдары Орта Азияда оған деген сұраныс бірден 250 пайызға жеткен. Қызығы, сұраныс артқанмен, оның жинау мен дайындау мәселесі күні бүгінге дейін өз жүйесіне түсе алмай отыр. Оларды жинау мүмкіндігі – 75 пайыздан аспай тұр.
Бүгінгі таңда дүниежүзі дәрілік өсімдіктерге көңіл бөлуде. Қазір дәрілердің 40 пайызға жуығы табиғи шөптерден жасалады екен. Жер жүзіндегі кейбір мемлекеттер осы бағытта арнайы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Олар жемісті еңбекке қол жеткізуде. Қазақстанда ше? Бұл іспен бірді-екілі адамдар ғана айналысып жүр. Ал мемлекет тарапынан еш-қандай қамқорлық көрсетіле бермейді. Тіпті осы мақсатта белсене жұмыс жасайтын арнайы орталықтар да жоқ. Соның салдарынан шөп дәріге деген халықтың көзқарасы әлі де селкеу. Оны ғылым ретінде зерттеу мәселесі олқы соғып тұр.
Қазір қаржысы бар адам Қытай асады. Дертіне дәру іздейді. Онда барлығы бар. Қолайлы жағдай жасалған. Сол елдің көптеген қалаларында дәрілік өсімдіктермен емдейтін орталықтар жұмысын қызу жүргізіп жатыр. Ол жерлерге бас сұғатын адамдар саны да көп. Жер жүзінің көптеген елінен келеді. Орталықтың алдынан адам аяғы үзілмейді. Солай болатын жөні бар. Емдеу ісі көңілден шығады. Жанына батқан дертіне шипа тапқан жұмыр басты пенделер көп-ақ. Олардың қатарында қазақ-стандық азаматтар жетіп артылады. Оған қаншама қаржыны жұмсайды. Кез келген адамның қалтасы көтере бермейді. Бірақ шыбын жанын шүберекке түйген адам өзінің денсаулығынан несін аясын? Қарызданып-қауғаланып болса да, Қытай жеріндегі орталыққа барғанды қалайды. Қа-зір ондай адамдар аз емес.
Біздің қазақ даласында емшілікпен аты шыққан кісілер көп еді. Бұл сөзімізге дәлелді ұлан-ғайыр даланың қай қиырына барсаң да, көз жеткізе аласың. Атақты Ырғызбай Досқанұлын көпшілік жақсы біледі. Ол кісі кезінде дана Абайдың әкесі – Құнанбайды дертінен құлан-таза айықтырған екен. Осындай асыл азаматтардың жолын жалғаған адамдар да болды. Өкініштісі, қазіргі күні олардың қатары өте азайып барады. Бәлкім, келешекте оны білетін жандардың жоқ болуы да әбден мүмкін. Өйткені бұл мақсатта арнайы насихат жоқ. Жас ұрпақ біле бермейді. Өзгенің өрелі ісіне таңғалып жүргеннен өзге амалымыз кәне? Бұл көптің көңілін мазалап жүр.
Табиғаттың қыр-сырына қанық мамандар біздің елімізде алты мыңнан астам өсімдіктің өсетінін айтады. Оның ішінде 500-ге жуығы дертке дәру берерлік қасиеті бар екен. Біле білген адамға осының өзі қаншама байлықтың көзі деп айта аламыз. Алайда оған өз деңгейінде назар ау-дарып жүрген ешкімнің жоқтығы қынжылтады. Болмаса, қытайлар секілді біздің де өз емдеу тәсіліміз арқылы әлем жұртшылығының алдында абыройымыз асқақтар еді ғой.
Қазақстанда дәрілік өсімдіктермен емдеу ісіне медицина тарапынан күні бүгінге дейін өз бағасы берілген жоқ. Осының салдарынан жұртшылық оны тұтыну ісіне қорқа қарайтыны шындық. Себебі кезінде жүргізілген саясаттың салдарынан дәрілік өсімдікпен емдеу деген ескіліктің қалдығы секілді болып жұрттың жадында жатталып қалған. Де-генмен осы істі әрі қарай дамытып жүрген елдер бар емес пе? Ендеше, несіне тартыншақтай береміз?
Дәрілік өсімдіктерді емдеу ісіне пайдалану атам заманнан жалғасып келеді. Бағзы замандарда Египет жұрты алоэ, қараған, анис және басқа өсімдіктердің шипалық қасиетін білген. Төрт мыңдай жыл бұрын үнділіктер 760 дәрілік өсімдікті халық еміне пайдаланыпты. Қытайда бұл мақсатта тұңғыш кітап 5 мың жыл бұрын жазылған.