Өзбек билігі қандастарымыздың Қазақстанға оралуын қаламай отыр
Тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жинағаннан кейін әлемнің әр аймағына тарыдай шашылып кеткен қандас бауырларымыз келе бастады. Осының арқасында елімізде қазақтың үлес салмағы басым болып, 67 пайызға жетіп отырмыз. Әрине, мұның барлығы Елбасымыздың игі бастамаларының, тікілей қамқорлығының арқасында жүзеге асуда. Алайда өз ағамыз болып жүрген өзбек ағайындар қандастарымыздың Қазақстанға оралуына қолдан кедергі жасап отыр. Оның үстіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарайтын Көші-қон комитеті Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясы комитетіне қосылғаннан кейін бұл салада түрлі түсініспеушіліктер орын алуда.
Қазір ала тақиялылар елінен келген оралмандардың барлығы Алматыдағы Өзбекстан елшілігінің алдында сабылып жүр. Өйткені олар «Қазақстанның азаматтығын алуы үшін алдымен Өзбекстан азаматтығынан шықты» деген тілдей анықтама қағазы болуы керек. Оның үстіне, туыстас елдің шенеуніктері отандастарымыздың Өзбекстан азаматтығынан шығу тәртібін бұрынғыдан да қатаңдатып жіберген. Ал ҚР ІІМ Миграциялық полиция комитетіндегілердің айтуынша, өзіміздің халық қалаулыларымыз қабылдаған оралмандарға қатысты заңның да шикі тұстары көп болып, «жығылған үстіне жұдырық» болуда.
Біз туындаған осы бір мәселенің анық-қанығын білу үшін ең бірінші Алматыдағы Өзбекстан елшілігінің есігін қақтық. Оның алдында ұзын-сонар кезекте 30-дан аса оралман ағайын тұр. Ішке кіру мүмкін емес. Журналист екенімізді айтып, мәселенің мән-жайын түсіну үшін іштегі мамандармен тілдесуді өтінсек те, погон таққан ағаларымыз кіргізбеді. «Сіз алдын ала елшілікке хабарласып, қабылдауына жазылуыңыз керек», – дейді.
Онда жиналып тұрған оралмандардың айтысы мынау:
— Бұрын азаматтыққа қатысты мәселенің барлығын әр облыстағы Көші-қон басқармасы рәсімдеп отыратын. Қазір елшілікке сабылтып қойды. Атырау, Маңғыстау, ОҚО — жалпы, әр аймақтағы оралманның барлығы осында тілдей анықтама үшін жүр. Ал оны алу мүмкін емес. Себебі Өзбекстанның азаматтығынан шығуды тіптен қатаңдатып қойды. Ол үшін 15 пункттен тұратын құжат жинауың керек. Жарайды дейік, осы құжаттардың барлығын өткізіп, тиісті қаржысын берсеңіз де, ол жақтан «Өзбекстан азаматтығынан шықты» деген анықтама қағаз келе қоймайды.
Нұржігіт, оралман (өз өтініші бойынша аты өзгертіліп берілді):
— Мен сонау Шымкенттен сейсенбі күні келдім. «Сізді дүйсенбінің тізіміне енгіздік, сол уақытта келіңіз» дейді. Ал менің мұнда танысым жоқ. Қонақүйде күндігіне 5 мың теңге төлеп жатырмын. Оның үстіне, жеп-ішерің бар, ары-бері жол жүруің бар, қаншама шығын шығып отыр. Өткенде бір оралман келіншек келіп жылады. Отбасында сегіз жан екен. Күйеуі жоқ. Ұл-қыздарының барлығы мектеп жасындағы балалар. «Мен әрқайсымызға 110 доллардан 880 доллар қайдан табамын? Балаларымды киіндіремін бе, әлде сендерге беремін бе?» – деп көзіне жас алды. Бұрын мұндай ақы төлеу жоқ еді, барлығын әр облыстағы Көші-қон басқармасы өздері рәсімдейтін. Ал қазір, шынында да, қиындатып жіберді. Адамдар ұзын-сонар кезекте тұрғаннан кейін бұл жерде делдалдар да пайда болды. 500-1000 доллар берсеңіз, сіздің құжатыңызды тез өткізіп береді.
Ал делдал айтады:
— Мен оралмандардың тірлігінің тез бітуіне көмектесемін. Енді оларға да сонау жерден қайта-қайта осында келген оңай емес. Ол үшін мен «мынадай ақша бересің» деп нақты баға айтпаймын. Халықтың бергенін аламын.
Қалай десек те, Өзбекстаннан келген оралмандардың мәселесі оңбай тұр. Әр аймақтан келген қандастарымыз кезек күтіп әлек. Шынында да, бұрын ҚР азаматтығын алу және азаматтығынан шығуға қатысты құжаттарды әр аймақтағы Көші-қон басқармасы рәсімдейтін. Жарайды дейік, Өзбекстан жағы азаматтықтан шығуды қатаңдатсын-ақ. Ол өздерінің ішкі мәселесі шығар. Дегенмен біз неге қандастарымызға «жығылған үстіне жұдырық» көрсетіп, оларды консулдықтың алдына сабылтып қойдық? Барлығын елшілікке жібермей-ақ, оралмандарды бір жерге үйіріп қоймай-ақ, әр облыстың Көші-қон полициясы басқармасындағылар қандастарымыздың тиісті құжаттарын өздері жинап, консулдыққа өткізсе болмас па? Сонда оралмандар сонау Алматыға сабылмай, ұзын-сонар кезек те болмас еді. Енді мұның жолын тиімді шешу үшін не істеу керек?
Уәлихан ҚАЛИЖАН, Мәжіліс депутаты:
— Мен жақында ғана Өзбекстан азаматтығынан шығу тәртібін жеңілдету мәселесі бойынша ҚР сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановқа депутаттық сауал жолдадым. Қазір әлемге шашырап кеткен 5 миллиондай отандасымыздың 1 млн-ға жуығы тарихи Отанына келіп үлгерді. Дегенмен соңғы уақытта Өзбекстан Республикасында тұратын қандастарымыздың Қазақстанға оралуына кедергі жасалуда. Бұдан жеті жыл бұрын да Өзбекстан жағы осындай қатаң талаптар қойған болатын. Мұны Қ.Тоқаев мырзаның араласуымен шешіп, Қазақстан азаматтығын алудың жеңілдетілген тәртібі енгізілген еді. Сондықтан мұны дипломатиялық жолмен реттеп, шешуіміз керек. Шынында да, еліміздегі әр аймақтың көші-қон полициялары қандастарымызды Алматыға Өзбекстанның елшілігіне сабылтпай, өздері құжаттарды жинақтап, консулдыққа өткізуі керек еді.
Нұрғали НЫҒМЕТҰЛЫ, ҚР ІІМ Миграциялық полиция комитеті азаматтық басқару бөлімінің аға инспекторы:
— Өткенде жаңа заң қабылданды. Сол заң бойынша оралмандар Қазақстан азаматтығын алуы үшін алдымен «Өзбекстанның азаматтығынан шықты» деген анықтама құжаты болуы тиіс. Яғни Парламент заң қабылдаған кезде өзге елдің азаматтығынан шығуды көрсетіп, қалдырған еді. Біз қазір Парламентке осыған қайтадан өзгеріс енгізу туралы ұсыныс жасадық. Демек, ол жақтың азаматтығынан шыққандығы жөнінде анықтама керек емес. Бәрі бұрынғысынша болады. Егер депутаттар қолдаса, онда мұның барлығы ретке келетін еді. Ал оралмандардың құжаттарын әр аймақтағы Көші-қон полициясы өздері алып келіп, консулдыққа өткізу жөніндегі мәселеге келетін болсақ, бұл өте қиын. Өйткені елшілік оралмандардың өздері құжат өткізгенін қалайды. Ал Көші-қон полициясы қызметкері оралмандардың құжатын сенімхатпен бірге тапсыруға келсе де, олар қабылдамауы мүмкін. Ол өзге елдің мекемесі болғаннан кейін біз оларға талап қоя алмаймыз.
Қанша дегенмен де, екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас оң шешімін тауып, тиісті заң жобасы оралмандар мәселесінің шешілуіне алып келіп, қандастарымыздың елге келуі, азаматтық алуы жеңілдетілсе жарар еді...
Алаш-анықтама
Алматыдағы Өзбекстан елшілігіне өткізілетін құжаттар тізімі:
– Ол жақтың азаматтығынан бас тарту туралы Өзбекстан Президентінің атына өтініш жазу.
– Өзіңіздің және балаларыңыздың туу туралы куәлігінің көшірмесі, неке туралы, егер ажырасса, некені бұзу туралы куәліктің көшірмесі, егер күйеуі (жұбайы) қайтыс болса, оның да қайтыс болғандығы туралы куәлігінің көшірмесі, сондай-ақ күйеуі (жұбайы) Өзбекстан азаматы болса, онда оның сіздің Өзбекстан азаматтығынан шыққаныңызға қарсы еместігі жөнінде нотариуспен бекітілген анықтама қағазы керек.
– Ажырасып кетсе де, күйеуінің (жұбайының) «Оның Өзбекстан азаматтығынан шыққанына қарсы емеспін» деген анықтамасы қажет.
– Егер баламен шықса, сондағы туыс, күйеуінің (жұбайының) «қарсы емеспін» деген рұқсаты болуы тиіс. Мұның барлығы нотариуспен бекітілуі қажет.
– Егер 14 жастағы баламен шықса, оның да әкесімен (анасымен) бірге Өзбекстан азаматтығынан шығуға қарсы еместігі жөнінде арызды жаздырып, консулдыққа өткізу.
– Егер ата-анасы Өзбекстан азаматы болса, онда олардың да баласының Өзбекстан азаматтығынан шығуына қарсы еместігі жөнінде нотариуспен бекітілген анықтамасы болуы қажет.
– Анкета толтыру.
– Жеке куәлігіңіздің барлық бетінің көшірмесі, әскери билетіңіздің де дәл солай көшірмесін өткізу.
– Оған қоса 110 АҚШ доллары көлемінде консулдық шығын төлеу керек.
– Елшіліктегілер құжатты тек дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, жұма күндері сағат 9:30-дан 13:00-ге дейін ғана қабылдайды.