Отандық ғалымдар еңбегі шетелдік ғылыми журналдарда еркін жарияланатын болды
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ-ы өткізген дөңгелек үстел барысында айтылды. Қазақстан ғалымдарының халықаралық ғылыми журналдарға ғылыми мақала жариялауын арттыру және отандық ғылыми журналдарды халықаралық ғылыми мәліметтер базасына енгізу мәселесі бойынша «Қазақстандық ғылыми журналдардың халықаралық ақпарат ресурстарына шығу мәселелері және оны шешудің жолдары» деген тақырыпта өткен жиынға отандық және шетелдік ғалымдар қатысып, ғылым саласын одан әрі дамыту төңірегінде ойларын ортаға салды. Осы ретте «ҰҒТАО» АҚ-ы дүниежүзіндегі ең ірі Scopus бірыңғай рефераттық мәліметтер базасын пайдалану мүмкіндін арттыру үшін Elsevier B.V. компаниясымен арнайы келісімге қол қойды.
«ҰҒТАО» АҚ мен Elsevier B.V. компаниясы арасындағы келісім Қазақстан ғалымдардың, білім беру ұйымдарының және ғылыми қауымдастықтардың Elsevier компаниясының бірегей электронды ақпараттық ресурстарын пайдалануға кеңінен жол ашады. Сондай-ақ, еліміздегі ғылыми-техникалық салаға қызмет көрсету жүйесін дамытып, экономиканың өркендеуіне барынша ықпал ететін болады. Дөңгелек үстелде қазақстандық ғалымдар мен шетелдік мамандар отандық ғылыми журналдардың халықаралық мәліметтер базасына ену мәселесін бірлесіп талқылады.
Әділ ЫБЫРАЕВ, «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ президенті:
– Қазақстан ғалымдарының жалпыәлемдік ғылыми ақпараттық кеңістікке кірігуі еліміз үшін маңызды бағыт болып саналады. Халықаралық қауымдастық қандай да бір бағыттар бойынша ақпарат іздеген кезде олардың алдынан қазақ ғалымдарының еңбегінің шығатыны белгілі. Мұндай жағдайда Қазақстанда өмірге келген ғылыми жаңалық пен жаңа технологияларды кең көлемде трансферттеуге жол ашылады. Жалпы мұндай шаралар не үшін қажет? Web of Science (Thomson Reuters) және Scopus (Elsevier) сынды шетелдің базалық сілтемелер қорына ғалымдардың қолжетімділігін арттыру арқылы біздер еліміздегі ғылымның даму деңгейін, әлемдік ғылымның қай бағытқа бет алғанын күні бұрын біліп отырамыз. Ең бастысы мәліметтер базасына қазақ ғалымдарының ғылыми жұмыстарын жариялап, әлемдік ғылымның даму көшіне ілесетін боламыз. Осы арқылы ғылымның қай салаларын дамыту керектігін бағамдаймыз. Осылайша елімізде ғылым басым бағыттардың біріне айналып, ел экономикасын өркендетуге үлес қосатын болады.
Айта кетейік, 2012 жылы «ҰҒТАО» АҚ-ы ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Elsevier B.V. компаниясымен келісімге келіп, еліміздегі ғылыми мекемелердің Science Direct ғылыми мәлімет қорындағы толық мәтінде ғылыми жұмыстарды пайдалану мүмкіндігіне ие болғаны белгілі. Бүгінгі шара сол жұмыстардың жүйелі жалғасы болып саналады.
Дерек пен дәйек:
Elsevier – дүниежүзі бойынша ғылым, білім және медицина саласы бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарды жинақтап, инновациялық шешімдер мен дайын өнімді ұсынып келе жатқан баспа. Сондықтан аталған компанияның ғылыми баспа индустриясында алатын орны ерекше. Ғылыми-техникалық және медицина саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген ғалымдар Elsevier компаниясының ғылыми мәліметтер қорынан қажетті материалын толықтай табады. Бүгінде Elsevier баспасының портфолиосында 500 журнал, 11 000 онлайн-кітап, SciVerse ScienceDirect, SciVerse Scopus, Reaxys, Emabse, Engineering Village сынды мәліметтер базасы топтастырылған. Ал Elsevier компаниясының құрамындағы SciVal ғылыми-зерттеу қызметі ғылыми жұмыстарды талдаудың, бағалаудың және инновациялық шешімдер қабылдаудың жүйесін қалыптастырып келеді. Бір ғана SciVerse Scopus мәлімет қоры әлемдегі 5000 баспа орталықтары шығаратын 21 000 ғылыми-техникалық және медициналық журналдардың атауларын индекстейді.
«Алаш айнасы»