Оқушыларға кездейсоқ жыныстық қатынастан сақтанатын құралдарды наихаттау дұрыс па?
Әлеуметтік желіде 9-11-сынып оқушыларына сексті үйрететін пән туралы жазба кеңінен талқыланып, көптің ашуын туғызып жатыр. Сонда бұл не: Мектеп пе әлде жезөкшелер ордасы ма?..
Осылайынан басталатын Facebook-тегі жеке парақшасындағы мына жазбасында Гүлбану Әбенова: „Мектеп балаларымызды әбден бұзып бітті„ деп ашынады.
Масқара, мектепте оқушыларды зина жасауға үйретіп жүр. Ашықтан ашық. Сенбейсіздер ме? Міне, дәлел.
Бұл 9-11-сынып оқушыларына таратылып жатқан парақша. Мағынасы, мақсаты — сексуальдық сауатты ашу. Иә, мағынасы тура осындай. Басқалай енді қалай айтуға болады оны?..
Бірақ іс осымен бітсе жақсы ғой. Алдарына қағазбен ақпарат ұсынғандары аздай, мектепке дәрігердің өзі келіп сексті уағыздайды екен. Тіпті мүшеқапты ұл балаға қалай кигізу керектігін қыздарға сабақ үстінде үйретеді.
Құдай-ау, сонда бұл мектеп пе әлде жезөкшелер ордасы ма? Не боп кетті өзі?..
Оқушылар қолына берілген мына парақшадағы диалогқа үңіліп көрелік:
— Егер мен мүшеқапты пайдалансам, онда мен көп нәрсені сезбей қалам.
— Егер мүшеқап пайдаланбасақ, онда түкті де сезбейсің.
— Құмарым қанбайды.
— Жігіттің мүшеқап қолданғаны сондай жақсы. Кел, өзім киігізіп көрейін бе? Сонда күшті болады.
— Мүшеқабым жоқ.
— Менде саған шақ мүшеқап бар, саған ұнайды ол.
— Маған былайынан ұнамайды.
— Мен өзім кигізіп көрейінші.
Міне, осындай сөздері бар парақшаларды 9-11 сынып оқушыларының қолына ұстатқан. Ұлдарды қайтарып жіберіп, қыздарды сабақтан кейін алып қалған. Мүшеқаптың қандай түрлері болады, ерекшелігі қандай, оны қай жерде сатып алуға болады, оны қалай кигізген дұрыс. Осының барлығын қыздарға жіпке тізгендей етіп, бүге-шігесін қалдырмай түсіндіріп, уағыз жүргізген.
Әрине, бұл арада заңды сауал туады. Неге оны ұлдарға үйретпейді? Қыздардың оған не қатысы бар? Одан соң мүшеқаптың орнына жыныстық қатынасқа ерте түсудің зиянын неге түсіндірмейді. Неге насихат осы жағынан аз?
«Шынымды айтайын, күйеуге шыққаныма жиырма жыл болыпты. Тіпті, менің өзім жолдасыма: „Кел, саған мүшеқап кигізіп берейін, саған ұнайды„ деп айта алмайды екенмін.
Ұят емес пе? Сұмдық қой, мынау. Әрине, насихат керек, оны жақсы түсінемін. Бірақ бұлайынан болмайды ғой. Қолымызға бұл қағаз тигенде күйеуім екеуміздің төбе шашымыз тік тұрды.
Біз баламызды мектепке білім алсын деп жіберіп жүрміз. Ал олар не істеп жүр? Қыздарымызды сонда немеге дайындап жатыр мектеп? Мен өз қызыма мұндай білім бергенін қаламаймын.
Мұндай насихаттың бізге түкке қажеті жоқ. Жыныстық сауат ашуды шешелердің өзіне қалдырсын.
Әр ана баласына не керек екенін жақсы біледі. Бәрі өз кезегімен, өзі ретімен. Оның жөнін ата-ана жақсы біледі. Мектепте оларға мүшеқап кигізуді неге үйретеді? Бұл менің жүрегімді ауыртты» деп жазады осы парақшаларды маған жолдаған бір танысым.
Расында, бар мәселені былай ысырып қойғанның өзінде ұлттық менталитет деген неге сақталмайды? Ымнан бәрін түсінетін қазаққа осы ақпараттың не қажеті бар? Керісінше, қазақ жігіті қандай болуы керек? Қазақ қызы қандай болуы тиіс? Осындай ұлттық тәрбиені неге жаңғыртпайды?
Егер осы бетімен кете берсе, жоғары сыныптарда Камасутраны оқытатын күнге де келіп жететін сияқтымыз ғой. Онда балаларымыз секстің мың қимылы бойынша тест тапсыратын шығар .