ОҚО-да студенттерге баға сатқан мұғалім түсінік берді

Түлкібас агробизнес колледжінің студенттері «пара беруден шаршағандарын» айтады. Жақында «жақсы баға үшін пара сұраған» осы колледж оқытушысы туралы видео интернетте тарап кеткен еді.
Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының орталығы Тұрар Рысқұлов ауылында орналасқан Түлкібас агробизнес және саяхат колледжінің 2-курсында тігінші мамандығы бойынша оқитын студенттер «баға алу үшін пара беруден шаршадық» дейді. Колледж әкімшілігі мен білім басқармасы 2015-2016 оқу жылында пара талап ету дерегі бірінші рет тіркелгенін растады.
«18 ПӘННІҢ ЖЕТЕУІНЕН ҒАНА ПАРАСЫЗ ӨТТІК»

Коллеждегі математика пәнінен дәріс оқыған Нұржамал Жанбосынованың студенттерден ашық түрде пара талап етіп отырғаны туралы видео YouTube желісінде 11-ақпан күні жарияланып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. 40 секундтық видеода «математика пәнінің мұғалімі Нұржамал апай» деп таныстырылған әйел адам аудиториядағы студенттерден «емтиханнан өту үшін екі мың теңге, сынақ тапсыру үшін қолма-қол мың жарым теңге сұрайтынын» айтып саудаласады.

Видеоны түсірген студенттермен жолығу үшін Азаттық тілшісі ақпанның 12-сі күні Түлкібас ауданындағы коллежге барды. Тігінші мамандығы бойынша 2-курста оқитынын айтқан 20 шақты студент тілшіге жағдайды ауызба-ауыз айтып бергенімен аты-жөндерін атамауды, сурет, видеоға түсірмеуді сұрады.

Студенттер YouTube-ке пара талап ету туралы видеоны кім жариялағанын білмейтіндерін айтады. Бірақ өздерінің тобындағы барлық студент көрінетін видео қаңтар айының ортасында түсірілгенін растайды.

«Мұғалімдердің пара сұрайтынын айтудан қорқамыз. Өйткені тексеру келсе, оқушыларды [пара туралы айтпауға] дайындап қояды. Олар (тексерушілер – ред.) кетеді, біз – қаламыз. Сосын қорқамыз» дейді олар.

Студенттер пара талап ету туралы видео түсірілгенін математика пәнінің оқытушысы болған Нұржамал Жанбосыноваға ескерткендерін айтады. Олардың сөзінше, оқытушы «видеоны түсірген студенттің алдына келіп кешірім сұрауын талап етіп, әйтпесе топқа тиісе беретінін» айтқан.

- Алатын стипендиямыз 13-ақ мың теңге. Мысалы, 2-курста 18 сабақ бар. 18 сабақтың әрқайсысына 1500-2000 теңгеден [пара] бере берсек, жетпейді. Қарызға жазыңыз десек, айғайлайды, - дейді бір студент қыз.

Оның сөзін жалғаған группаласы:

- Біздің киіміміз, тамағымыз бар. Қысқы сессияда 18 пәннен сынақ болса, соның жетеуіне ғана баға алу үшін ақша бермедік. Қалғанының бәріне оқысақ та бердік. Мысалы, 1-курста баға қойдыру 500-1000 теңгенің көлемінде еді. Қазір «4» деген баға алу үшін 1000 теңге, оны қарызға қойдыратын болсақ, 1500 теңге сұрайды. «5» деген баға 2000 теңге тұрады, - деді.

«ШОК БОЛДЫҚ»

Пара талап ету видеосы әлеуметтік желілерде жарияланғаннан соң 12- ақпан күні таңертең «зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргізу үшін» Түлкібас агробизнес және саяхат колледжіне Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының екі қызметкері келді. Студенттермен болған әңгіме кезінде басқарманың бас маманы Әлібек Кенжебаев «бірге жұмыс істеп, пара беруді тоқтатуға болатынын» айтты.

- Ешбір сессияда ақша жиналмау керек. Ешқайсыңа тиіспейді. Ешкімнің тиісуге құқығы жоқ. Жағдайға байланысты тексеру біткен соң шара қолданамыз. Колледж директоры, оның орынбасарларының жұмыста қалуы екіталай. Бөлім меңгерушілері мен мұғалімге де шара көреміз, - деді Әлібек Кенжебаев.
Ал облыстық білім басқармасының қызметкері Баянғали Жұмабаевтың Азаттыққа айтуынша, мұндай жағдайда сыбайлас жемқорлық туралы заң мен еңбек кодексіндегі тәртіптерді, өзіне міндеттелген жүктемелерді дұрыс атқармағаны үшін шара қолданылады. Ақпанның 12-сі күні кешкісін білім басқармасы жауапты адамдарға қолданылған тәртіптік шаралар туралы мәлімет таратты. Оқытушы Нұржамал Жанбосынова «Еңбек кодексінің» 52-бабы 1-тармағы, 14-тармақшасына (Тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскер осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасау) сәйкес жұмыстан босатылған. Колледждің кәсіптік оқыту бөлімінің меңгерушісі Жанар Қилыбаева «Еңбек Кодексінің» 52-бабы 1-тармағы, 16-тармақшасына (Тәртіптік жазасы бар жұмыскер еңбек міндеттерін дәлелді себепсіз қайталап орындамау) сәйкес қызметінен алынған. Басқарма мәлімдемесінде «Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі директорының міндетін атқарушы Б.Даулетовке және колледж директоры С.Мыңбайға 2016 жылдың 15 ақпанында тәртіптік шара көру мәселесі қаралып жатқаны» жазылған.

Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі оқу ісінің меңгерушісі Әлихан Амановтың Азаттыққа айтуынша, орта буын мамандарын дайындайтын коллежде 800-ден аса студентке жүзден аса мұғалім сабақ береді.

- Нұржамал Жанбосынова сабағына ұқыпты, уақытылы келеді. Білікті маман. Ал видеоны көріп шок болдық. Ел-жұрттың алдында масқара болып тұрмыз. Түс көргендей күйдеміз, - деді меңгеруші.

«ЖҮКТІ СТУДЕНТ 500 ТЕҢГЕ ТӨЛЕЙДІ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен 51 жастағы Түлкібас агробизнес және саяхат колледжіндегі математика пәнінің бұрынғы оқытушысы Нұржамал Жанбосынова ақпанның 11-і күні өзінің студенттерден пара талап ету туралы YouTube желісінде видео жарияланғанын көрген соң «денсаулығы нашарлағанын» айтты. 27 жылдық жұмыс өтілі бар оқытушы Азаттыққа ақпанның 11-і күні жұмыстан шығарылғанын растады.
- 27 жыл жұмыс істеген болсам, бірде бір сөгіс алмағам, ескертуім де жоқ. Студенттерге «сынақ тапсырыңдар» дедім. Сынақтан өткен қыздар бағасын алып кетті. Ішінде жақсы оқып, автомат алатындар бар. Бұл төрт қыз (видео түсірген студенттерді айтады – ред.) жыл бойы сабаққа кешігіп келді. Сабақта ұйықтап отырды. Дәптерлері де жоқ болды. Мен өз сөзіме жауап бере аламын, - деді Нұржамал Жанбосынова.

Азаттық тілшісі шулы видеоны түсірген студенттермен сөйлескен кезде пара беру олар үшін кәнігі жүйеленген, әдеттегі іске айналғандай көрінді. Олар пара талап ету мен берудің заң бұзу екенін бір де бір мәрте еске алған жоқ. Тек бағасына келісе алмағандарына, «колледж мұғалімдерінің баға үшін пара алу кезінде тұрмысы нашар отбасыдан шыққан студенттерге жеңілдік жасмайтындарына» шағынды. Олардың сөзінше, пара беру кезінде тек тұрмысқа шыққан, жүкті студент қыздарға ғана жеңілдік береді.

- Тобымызда тұрмысқа шыққан қыз бар. Қазір аяғы ауыр. Бір пәннен жеңілдік деп бағасын 500 теңгеге қойып берді. Сонда тұрмысқа шықпасақ, бізге жеңілдік жасалмай ма? Мұндай мұғалімнен үлгі алғымыз келмейді, - деді тігінші мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттің бірі.

Арнайы және жоғары оқу орындарындағы парақорлық Қазақстанның басқа да аймақтарында кездеседі. 2015 жылы Астана қаласының жастар саясатын қолдау қоры студенттер үшін парақорлық фактілері туралы шағымдарын тапсыратын бірыңғай WhatsApp нөмірін ашқаны туралы хабарлаған. Ресми мәлімет бойынша астаналық студенттердің 11 пайызы нақты жемқорлық фактілерімен бетпе-бет келгендерін, ал 29 пайызы пара беруге оқытушылардың мәжбүрлейтіндерін айтқан.
 azattyq.org

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста