ОҚО-да шегіртке шабуылдап жатыр
Оңтүстік Қазақстан облысында жергілікті жұрт «дала саяқ» деп атап кеткен шегіртке түрі белең алуда. Арыс ауданына қарасты Қабылсай ауылының тұрғындары жәндіктер үй іргесіндегі бау-бақшасын баудай қырып жатқанын айтып дабыл қағып отыр. Тұрғындар шегірткемен өз беттерінше күресіп көрген. Алайда одан нәтиже болмаған. Ал жергілікті билік: «Зиянкеске қарсы қаржы дер кезінде бөлінбеген», – деп отыр. Қанаты қатайып ұша бастаған зиянкестер жолында кездескен өсімдіктерді баудай қырып жатыр. Жайылымдық алқапты жалмап болған қарақұрым шегіртке енді біртіндеп жұрттың ауласындағы бау-бақша мен көкөніске ауыз сала бастаған. Бақытжан Арысбаев бұрын-соңды бұндай жағдайды көрмегенін айтады. Шаруа ала жаздайғы еңбегінің еш кеткеніне ренжулі. «Бала-шағам жесін деп еккен көкөністі зиянкес кеміріп тастады. 1 айдан бері ауыл болып шегірткемен күресіп титықтадық. Енді кімге барып шағымданарымызды білмей дал болып отырмыз», – дейді тұрғындар. Бақытжан Арысбаев, Қабылсай ауылының тұрғыны -Тыныштық жоқ. Қызанақ, сәбіз, болгар бұрышы бәрін жеп жатыр. Оны қайта-қайта әкеліп егеміз. Бала-шағаға бірнәрсе бола ма деп едік. Сол үмітіміз ақталмайтын түрі бар. Биыл көкөніс жей алмайын деп отырмыз. Қаптаған шегірткелер көкөніспен қоса жайқалып тұрған гүлдерді де көктей солытып жатыр. Ұшып өткен жерлерінде шөптердің таяқшалары ғана қалған. Арыс қалалық аумақтық инспекциясындағылар: «Зиянкестермен күреске қаржы бөлінбеген, тек республикалық қордан аса қауіпті деген Марокко шегірткесіне ғана химикаттар қаралған», – деп қарап отыр. Бақытжан Есболғанов, Арыс қалалық аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау инспекторы -Қабылсай Қожатоғай ауылдарында жергілікті саяқ шегірткесінің шығуына байланысты химиялық өңдеу жүргізуге ұсыныс хат жаздық. Жергілікті жерде зиянкестер шыққанда жергілікті атқарушы орган ақша бөліп соны істеуге Заң бар. Аумақтық инспекторлар шегіртке қанат жайып ұшып кеткен соң дәрілегеннен еш пайда жоқ екенін айтады. Ал жергілікті әкімдіктегілер болса ұсыныс хаттың тиісті орындардан тым кеш келгенін айтып бастарын алып қашып отыр. Сапар Дәрібаев, Арыс қаласы әкімінің орынбасары -Бұл уақыты өтіп, «Болары болып бояуы сіңіп кеткен шаруа». Шөп қатайып кетті. Оның қазір зияны жоқ. Бірақ кеше ұшқан кезде зияны болды. Сессия болам дегенше оның бәрі болып қояды. Ол қалтадан ашқа шығарып істей салатын нәрсе емес, 500 сом беріп магазинге барып кел дейтін. Арыс қалалық әкімдігіндегілер зиянды шегірткелермен келесі жылы мықтап күресеміз деп құлшынып отыр. Дегенмен әзірге ауыл тұрғындарына қолдарына қорығышын алып өздері қорғана тұрудан басқа амал жоқ.
khabar.kz