ОҚО-да 73 жастағы қария Сексенбайын күтіп отыр (видео)
Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында жетпіс үш жасқа толған Еламан ақсақал денің сау болса, балаларды дүниеге әкеле беру керектігін айтты деп хабарлайды 31.kz.
Бұл күндері 73-ке келген қария бойында күш-қуатының барын, Алла қаласа, енді Сексенбайын күтіп отырғанын айтады.
“Мамырбек, Қабылбек, Жетпісбай. Бұл да Құдайдың бергені ғой енді. Ерлі-зайыпты болғаннан кейін, денің сау болса, балаларды дүниеге әкеле беру керек. Алла бұйыртса, мұның да бір жалғасы болып қалар”, – дейді 73-тегі ақсақал Еламан Алтаев.
Ақсақалдың қайтыс болған бәйбішесінен бес, кейінгі жұбайы Элмирадан үш баласы бар. Бұл күндері 29 немере, бес шөбере сүйіп отыр. Жетпісбаймен тоқтап қалмай, Сексенбайды да өмірге алып келсек деген ойлары бар екендерін айтады.
“Бұл кісінің көбінесі жүргені, көпшілікпен араласқаны мүмкін осындай денсаулығына да пайдалы шығар. Мүмкін сол жағынан да жақсы шығар енді. Бізге қайныларымыз әзілдеп күледі, жеңеше қашан Сексенбай болады деп, мүмкін денсаулығы осылай жақсы болса, Сексенбай да болып қалар”, – дейді жұбайы Элмира Исақова.
Еламан Алтаев мал шаруашылығын да өркендетіп отыр. Үнемі ағарған ішіп, денсаулығын күтеді. Қазір, бір шаңырақ астында барлығы да тату-тәтті өмір сүріп келеді.
Еске сала кетсек, ОҚО-да 73 жастағы қария тағы да ұрпақ сүйгелі отырғанын осы уақытқа дейін хабарлаған едік.