Өкінішке қарай, генерал Серімжан Досымов бастаған оңтүстіктің тәртіп сақшылары тәртіптің тізгінін берік ұстай алмай отыр. Сол себепті де жергілікті тұрғындар үрей құшағына қамалуға мәжбүр. Бұлай деуімізге себеп жоқ емес.
Жыл басынан бергі он айда облыс аумағында 8913 қылмыстың тіркелуі осы сөзімізге әбден дәлел бола алады. Өткен жылдың дәл осы мерзімінде тіркелген 7520 қылмыстың орын алғандығы сол кезде жаға ұстатқан жайт еді. Бір жылдың өзінде қылмыстың 18,5 пайызға артқаны тәртіп сақшыларының қаншалықты «қырағы» екендігінің көрсеткіші бола алса керек. Ол аз десеңіз, облыс бойынша есептен жасырылған тағы 364 қылмысты қосып қойыңыз. Демек, осынша азаматтың, осынша отбасы мүшесінің конституциялық құқығы аяққа аяусыз тапталды деген сөз. Былтыр бұл көрсеткіш 216-ға жеткен екен. «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, қылмыстың саны артып жатқанда, ашылу пайызы, керісінше, былтырғы 67,6-дан 66 пайызға төмендеді, яғни нашарлады.
Жұмажан ҚҰЛМАХАНБЕТ, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ОҚО бойынша басқарма бастығы:
– Облыс бойынша Түркістан қаласы мен Түлкібас, Сайрам аудандарында ғана қылмыс саны төмендеген. Қалған аудан, қалалардың барлығында қылмыстық ахуал күрделене түсіпті. Көш басындағы Арыс қаласында тіркелген қылмыс саны 44 пайызға дейін көтерілген. Одан кейінгі орындарда – Шымкент қаласындағы Әл-Фараби ауданы (43 %), Бәйдібек (40,9%), Төлеби (36,7%), Шардара (34,1%), Қазығұрт (22,8%), Отырар (20,0%) аудандары келеді. Өткен жылға қарағанда аса ауыр қылмыстар, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, қастандықпен зорлау, бұзақылық, ұрлық секілді қылмыс түрлері артып кеткен.
Міне, бұл көрсеткіштер кім-кімді болса да, тағы да қайталап айтамыз, үрей құшағында қалдырары сөзсіз. Ал жасалған қылмыстың санына үңілер болсақ, әдеттегідей, Шымкент қаласы алдына жан салар емес. Орын алған 8913 қылмыстың 4723-і, яғни тең жартысынан астамы облыс орталығында тіркелген. Әлгі есептен жасырылған 364 қылмыстың 189-ы – Шымкенттің «үлесінде». Әсіресе, қала аумағындағы Әл-Фараби ауданындағы ахуал күрделі: тіркелген қылмыс саны – 2126 (өткен жылы 1487 болған), жасырылған қылмыс саны – 105, (былтыр – 29). Есептен жасырылған қылмыстың мұншалықты күрт көтерілуіне не себеп болды екен? Осындай көрсеткіштен кейін Әл-Фараби ауданы ішкі істер басқармасының бастығы Бекежан Қыдырбаев қызметін қалайша жалғастыра бермек? Қылмыс санының өсуі (43%), қастандықпен зорлау (120%), бөтеннің мүлкін ұрлау (118,4%), бұзақылық (61,1%), қарақшылық (24,1%), тонау (18,5%) секілді қылмыс түрлері артып кеткен ауданда қылмыстың ашылу деңгейі де көңіл көншітпейді.
Сандарды сөйлете отырып байқағанымыз, облыс тұрғындарын сан соқтырып жүрген қылмыстың бірі ұрлық болып отыр екен. Малымен жан бағып отырған азаматтары көп Отырар, Ордабасы, Төлеби аудандары мен Түркістан қаласының тұрғындары қора-қопсыларын мықтап жауып алмаса, мал ұрлығы күннен-күнге артып барады. Отырар мен Ордабасы аудандарында бұл қылмыстың өсуі үш еседен де жоғарыласа, шымкенттіктерді пәтер мен көлік ұрлығы титықтатып бітіпті. Мәселен, өткен жылдың алғашқы он айында қалада 322 пәтерге ұры түссе, биыл осы мерзімде суыққолдылар 588 пәтерді үптеп кетіп, көрсеткіш 82,6 пайызға дейін артқан. Өкінішке қарай, биылғы пәтер ұрлығының 45,5 пайызы ғана ашылып, 312 пәтердің шақырылмаған қонағы атанғандар әлі де бостандықта сайрандап жүр. Демек, алдағы жылы пәтер ұрылары кәнігі ұрыға айналып, «кәсібін» биылғыдан да күшейтіп жатса, таңғалмаңыз. Өйткені жолы кесілмеген, жазаны сезінбеген олар бүгінгі жасаған қылмысын ертең екі есеге дейін асыруы әбден мүмкін. Көлік ұрлығы да Шымқалада шарықтау жегіне жетіп қалды. Өткен жылғымен салыстырғанда, биыл бұл көрсеткіш 102,7 пайызға артып кетіпті. Бір жыл бұрын қолды болған 37 көліктің 16-сы ғана егесіне қайтарылса, ұрылардың биылғы олжасына айналған 75 темір тұлпардың 52-сінен жылт еткен хабар болмай тұр. Осындай көріністен, көрсеткіштен кейін полицияға деген халықтың сенімі арта түседі ме, әлде, керісінше, кеми ме? Мұның жауабын айтуды мәртебелі оқырманның өздеріне қалдырғанды жөн көрдік.
Оңтүстік үрей құшағында отыр
Последние статьи автора