Шерияздан Әбдіғалымов, Астана қаласының бас урологі:
– Шерияздан мырза, сіз Астана қаласының бас урологісіз, соған орай әңгімемізді сіздерге қаралатын науқастар қандай шағыммен жиі келетінінен бастасаңыз.
– Негізінен, басым көпшілігі бүйрек ауруларымен келіп жатады. Яғни бүйрегіне тас толған адамдар урологтердің көмегіне жүгінеді. Бұдан басқа қатерлі ісікке шалдыққан науқастар да көп. Сондай-ақ пиелонефрит, аденома секілді аурулармен де ауруханаға түсіп жататындар бар. Былайша айтқанда, инфекциялық қабыну ауруларымен келеді. Сонымен қатар ер адамдардың арасында жиі кездесетін аурулардың бірі – простата безінің асқынуы. Бұл аурумен де ауруханамызға келіп түсетіндер баршылық. Простата безінің асқынуына негізінен зәрдің қуықтан дұрыс шықпай қалып қоюы себеп болады. Ол зәр инфекцияға айналады, сөйтіп, қуықта тас пайда болады. Бұл аурумен негізінен 40-ты еңсерген, 50-ге келген адамдар ауырады.
– Науқастардың көпшілігі бүйрегіне тас жиналудан ауыратынын айттыңыз, ол ненің әсерінен болады?
– Оның бір себебі адамның қуық, несеп жолдарында туа біткен ақау болуымен байланысты. Яғни адамның несеп жолдары қысылған не тарылған болса, бүйрекке тас жинала береді. Бұл туабітті келетін ауру болса, көп адам бұл дертті кейіннен, жүре табады. Оның енді түрлі себептері болуы мүмкін. Мысалы, қандай да бір операциялардың әсерінен, көбіне гинекологиялық операциялардан кейін несеп жолдарының қысылып қалуы кездеседі. Соның асқынуынан бүйректе тас жинала бастайды.
Бүйректе тас жиналуына ішетін ауызсу сапасының да біршама үлесі бар. Бұдан басқа қант диабетімен ауыратын адамдардың да бүйрегіне тас тез жиналады. Жалпы, бүйрекке тас жиналу қант диабетімен қатар жүретін аурулардың бірі деп саналады. Себебі қант диабеті бүйректегі тас ауруын асқындырып жібереді.
– Сонда мұның алдын алу үшін не істеуге болады?
– Бүгінде елімізде бұл аурулар бойынша көптеген шара атқарылып жатыр. Ең бастысы, үлкен-үлкен жақсы емханалар салынуда. Мысалы, 570 орынға есептеліп салынған жаңа ауруханада урология бөлімі ашылып, оған 40 орын бөлінді. Урологиямен қатар, андрология деген де бөлім ашылды. Бұған 20 орын берілді.
Қазіргі таңда республикамыз тәжірибелі уролог мамандардан кенде емес. Олар да аурудың алдын алу үшін түрлі шаралар жасауда. Мәселен, бізде жоғарыда аталған ауру белгілері бар азаматтарды диспансерлік есепке тұрғызып, аурудың асқынып кетпеуін қадағалап отырады. Қажет жағдайда ауруханаларға жіберіп, түрлі аппараттардың көмегімен бүйректегі тастарды үгіп түсіреді. Мұндай құрылғылардың заманауи түрлері баршылық. Солардың бірі – қашықтан әсер ететін аппарат. Бұл аппарат бүйректің сыртына ғана қойылады. Осылайша, бүйректегі тасты үгітіп шығарады. Лазерлік аппараттар да бар. Бұл аппарат несеп жолымен кіріп, лазер арқылы тастарды үгітеді. Ауруды асқындырмау үшін, міне, осындай аппараттарды пайдаланамыз.
– Жақында Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев онкологиялық ауруларға қатысты проблемаларға тоқталып, алдын ала анықтау мәселесінің ақсап тұрғанын, онкоаурулар асқынып кеткеннен кейін ғана анықталып жататынын айтты. Бұл мәселе урология бөлімінде қалай?
– Оныңыз рас, онкологиялық аурулар мәселесінің өзекті болып тұрғаны жасырын емес. Сондықтан да бүгінде осыған қатысты ауқымды шаруалар атқарылып жатыр, әсіресе простата қатерлі ісігі бойынша. Қазіргі күні урологтер мен онкоурологтер бірігіп жұмыс істеуде. Ауруханаға науқас адам келетін болса, оны бірден УЗИ-ге жіберіп алады. Сондай-ақ бізде республикалық диагностикалық орталық та бар. Ол диагностикалық орталық қазіргі заманғы барлық құралмен жабдықталған. Сол орталықта амбулаторлы урология бар. Қаладағы және аудандағы ауруханалар мен емханалар өз науқастарын сол жерге квота арқылы жібере алады. Ол жерде қатерлі ісіктің белгілері бар адамды бастан-аяқ диагностикадан өткізеді. Егер қатерлі ісікке шалдыққаны расталса, диагностиканың нәтижесін келген ауруханасына жолдайды. Осыдан соң науқас қай ауруханада емделетінін, қай жерде операция жасататынын өзі шешеді. Сөйтіп, ол науқасқа еліміздің өзі таңдаған кез келген ауруханасында операция жасалады.
– Бізде онкологиялық аурулар көбіне хирургиялық ота істеу әдісімен емделіп жатады. Ал шетелде бұлар біршама жеңілдетілген жолмен, әртүрлі терапиялармен емделеді. Урология бөлімінде бұл жағы қалай жүзеге асады?
– Бізде адамдар көбіне ауруы асқынып кеткен кезде ғана дәрігерге келеді. Оның үстіне қатерлі ісіктің өзі де негізінен ауру асқынған кезде анықталады. Егер қатерлі ісік ертерек анықталғанда, оны жеңіл жолдармен емдеп алуға болады. Яғни ісік асқынбай тұрғанда Хай-Фу, брахиатерапия, сәулелік және химиялық терапиялармен емдей аламыз. Сондықтан да ғой қазіргі уақытта қатерлі ісікті ертерек анықтауға бар күш-жігерімізді салып жатқанымыз. Тіпті емхана деңгейінде қатерлі ісіктерді алдын ала анықтауды қолға алуымыз қажет. Ол үшін емханалардағы урологтердің білімі мен біліктілігі өте жоғары болуы керек. Әрқайсысының қолында УЗИ және биопсия жасайтын аппараты болуы қажет. Биопсия дегеніміз – қатерлі ісікке шалдыққан жерден ет алып, микроскоптың көмегімен қатерлі ісіктің қандай түрі екенін анықтау, ол ісік расымен қатерлі ме, жоқ, әлде қатерлі емес пе, соны ажырату. Егер қатерлі ісік болса, оны онкологияға жібереді, ал олай болмаса, оны басқа жолдармен емдейді.
Енді операциялардың түріне келетін болсақ. Лакроскопиялық деген операцияның түрі бар. Бұл – бұрынғыдай кесіп емес, тесіп жасалатын отаның түрі. Лакроскоп деген аппаратпен бүйректің тұсынан тесіп кіргізу арқылы операция жасалады. Тіпті мұнымен бүйректі де алып тастауға болады.
Сондай-ақ эндоскопиялық операция деген де бар. Бұл операцияда аппарат несеп, зәр жолдарымен кіргізіліп, қатерлі ісіктерді лазер арқылы жояды.
Сосын – өзіміздің дәстүрлі хирургиялық операция, яғни кесіп, тіліп, ашып жасалатын операция. Отаның бұл түрі ешқашан қатардан қалмақ емес. Өйткені өзге операциялардың шамасы келмеген тұста операцияның осы түріне жүгінуге тура келеді.
– Урология бойынша шетелмен тәжірибе алмасып отырасыздар ма? Мамандардың біліктілігін арттыру үшін қай елдерге барып тұрасыздар?
– Иә, тәжірибе алмасу болып тұрады. Қараша айында Израиль мемлекетіне екі урологімізді арнайы мастер-класқа шақырды. Израильге барып, бір айдай оқып, олардың тәжірибелерін үйреніп келді. Израильдіктер де елімізге келіп, лакроскопиялық операциямен бүйректі алу тәсілдерін үйретіп, тәжірибе алмасып кетті. Олар келерде біз науқастарды дайындап қойдық, бірнеше операция жасадық. Қазір ондай операцияларды өзіміз де жасап жатырмыз.
Бізде конференция, конгрестер де көп болып тұрады. Елімізде ғана емес, шетелдерде де осы секілді жиындар жиі өтеді. Сондай шаралардан да көп нәрсеге үйреніп жатамыз. Денсаулық басқармасы да біліктілігімізді арттыру үшін бізді Ресейге, Германияға, Израильге жіберіп тұрады. Одан келген маман басқармаға есеп береді. Үйренгенін тәжірибе жүзінде көрсетеді. Яғни босқа барып қайтпайды.
Биыл сондай-ақ, Алла жазса, Астанада урологтердің еуропалық конгресін өткізу жоспарланған. Оған Еуропадан, өзге де шетелдерден ғалымдар, дәрігерлер келмек.
– Урологиялық ауруларға әйелдер көп шалдыға ма, жоқ, әлде ер адамдар көп ауыра ма? Осыған байланысты қандай да бір статистика бар ма?
– Ондай статистика жасаған жоқпыз, бірақ бүйрек, қуық ауруларымен көбіне әйел адамдар жиі ауырады. Себебі олар бала көтереді, соның себебінен бүйректері жиі ауырады.
– Біздегі урология ТМД-мен салыстырғанда қандай деңгейде?
– Мырзақасым Алшымбаев деген бас уролог – Алматыдағы Жарбосынов атындағы институттың директоры. Сол адам еліміздегі урологияның деңгейін көтеру үшін жыл сайын жас ғалымдардың конференциясын өткізеді. Онда өзіміздің баяндамаларымызды, ғылыми жұмыстарымызды жіберіп тұрамыз. Қысқасы, өзге елден кем қалмау үшін қолдан келген жұмыстарды атқарып, шетелде жасалатын операциялардың бәрін өзімізде де жасаудамыз. Сондықтан да операция жасату үшін жұрт шетелге сабыла бермей, өзімізде де жасатуы керек. Әйтпесе қаншама қаржы өзге елдің бюджетіне түсіп жатыр.
– Оныңыз рас. Таяуда Елбасы да бір жиында шенеуніктерімізге басқа елге барып, ақша төлеп, операция жасатқанша, ақшаны өз дәрігерлерімізге төлеп, өзімізде емделіңдер деген еді. Жалпы, өз салаңыз бойынша қандай да бір шенеунікке, вице-министр немесе министрге операция жасап көрдіңіз бе?
– Өз басым әлі бірде-бір министрге операция жасап көрген жоқпын.
– Қазір телеарналар «Простомол, кәдімгі еркек бол» деген секілді неше түрлі дәрі-дәрмектерді жарнамалап жатады. Кей азаматтар осы дәрілерді алып, өз бетінше ішіп, емделеді. Бұл дұрыс па? Бұған дәрігер ретінде қандай кеңес бересіз?
– Расында да, солай, кейбір азаматтарымыз осындай дәрілерді жарнамадан көріп, үйде жатып-ақ, өздері емделе береді. Ол біреуге ем болса, енді біреу одан түк сезбейді. Кейбіреуіне тіпті кері әсерін тигізіп жатады. Сондықтан да ондай дәрілерді пайдаланбас бұрын дәрігерге келіп, көрініп, тексеріліп алуы керек. Сосын барып дәрігер тағайындаған дәрілермен емделуі қажет. Мәселен, аденоманың әртүрлі деңгейі (дерттің даму сатысы) болады. Оған да түрлі дәрілер тағайындалады. Сол үшін міндетті түрде дәрігердің алдынан өту керек. Ертеңгі күні оның ауруы қатерлі ісікке алып келсе, қайтеді? Сол себепті әр адам өз ауруының диагнозын нақты анықтап алғаны дұрыс.
– Әңгімеңізге рақмет.
ЕРКЕКТЕРДІҢ ЕСІНДЕ БОЛСЫН...
Ер адамдарға айтарым, 40 жастан кейін міндетті түрде урологке келіп көрініп, тексеріліңіздер. Сонда ғана бізге де, сізге де қуық безі қатерлі ісігінің алдын алу мүмкін болады.