Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі шағын бизнес субъектілері үшін оларда жалдамалы қызметшілердің болуы қарастырылғандықтан, мемлекетпен есеп айырысудың басты түрі болып табылады.
Егер мынандай шарттарға сай келсе:
– жеке кәсіпкерлер үшін – жұмыс берушінің өзін қоса алғанда, қызметкерлердің саны 25 адам болса, ал тоқсандық табысы 10 млн теңгеден аспаса;
– заңды тұлғалар үшін – тоқсан ішіндегі қызметкерлердің саны 50 адамнан аспай, тоқсандық табысы 25 млн теңгеден аспаған жағдайда, ШБС-нің осы режимді қолдануға құқы бар.
Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимінің қолайлылығы – салықтық міндеттер тоқсан аяқталғаннан кейін нақты алынған табысы бойынша есептеледі. Оның үстіне, салық бірыңғай ставка бойынша есептеледі, шығынға есеп жүргізудің қажеті жоқ. Табыс мөлшеріне қарамастан, жеке кәсіпкерлер де, заңды тұлғалар да салықты 3 пайыздық ставка бойынша төлейді.
Салық сомасын азайту мүмкіндіктері нақты сақталады. Егер жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаның жалдамалы қызметкерлерінің жалақысы ең төмен жалақының 2 еселенген және 2,5 еселенген мөлшерінен асып кеткен жағдайда, түзетулер қолданылады. Ондай жағдайда салық сомасы әр қызметкердің салық сомасынан 1,5 пайыз мөлшерінде азайтылады. Сондықтан қызметкерлер саны және жалақысы қанша көп болса, салық төлеуші аз салық төлейді.
Оңайлатылған декларацияға ауысу үшін салық төлеуші қызметін жүзеге асыру орны бойынша салық органына тоқсан басталғанға дейін белгіленген нысандағы өтінішті тапсырады. Бұл ретте салықтық өтініш табыс етілген күннен кейінгі салықтық кезеңінің бірінші күні арнаулы салық режимін қолдануды бастау күні болып табылады.
Жаңадан құрылған жеке кәсіпкерлер оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануға арналған салықтық өтінішті салық органына жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей табыс етеді. Заңды тұлғалар – әділет органында заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін 20 жұмыс күнінен кешіктірмей табыс етеді.
Жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелген күні арнаулы салық режимін қолдануды бастау күні болып табылады.
Салық төлеуші салықтық өтініш берген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде арнаулы салық режимін қолдану немесе қолдануды қабылдамау туралы шешім шығарылады. Салық төлеушінің Салық кодексінің 428 және 433-баптарында көрсетілген талаптарға сай келмеуі арнаулы салық режимін қолданудан бас тарту үшін негіз болып табылады. Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануды тоқтату камералды бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар айқындалған жағдайларда салық органының шешімі бойынша не салықтық өтініш негізінде жүргізіледі.
Егер салық төлеуші оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдануды өз еркімен тоқтатуға шешім қабылдаса, аталған режимді тоқтату тиісті өтінішті тапсырған айдан кейінгі айдан бастап жүргізіледі.
Оңайлатылған декларация бойынша жұмыстың артықшылығы салықтық есеп айырысудың, салық есептілігін тапсырудың қарапайымдылығы болып табылады. Сондай-ақ тағы да бір ұтымды жағы – «оңайлатуды» қолданушы барлық субъектілер үшін салық кезеңінде жалпы табысқа бірыңғай салық ставкасы қолданылады.
Оңайлатылған декларация бойынша жұмыс жасаудың оңды жағына салықты төлеу мерзімінің ыңғайлылығы мен кәсіпкерлер үшін мерзімнің ұзартылуын жатқызуға болады. Оңайлатылған декларация салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей табыс етіледі, ал салықтарды бюджетке төлеу есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі, яғни мамыр, тамыз, қараша, ақпан айлары.
Оңайлатылған декларацияда төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есептелген сомалары көрсетіледі. Олар да тоқсан сайын, есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-іне дейін төленеді.
Д.ЕСПЕРГЕН, Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша Салық басқармасының бас салық инспекторы