"Невада-Семей" антиядролық қозғалысының негізін қалаушы, қоғам қайраткері және ақын Олжас Сүлейменов Жамбыл облысында бүкіл әлемнен жиналған аса қауіпті вирус штаммдары сақталатын биозертхана салу жоспарына қарсы шықты.
Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында Олжас Сүлейменов биозертхананың құрылысы жайлы кездейсоқ білгенін айтты және мұндай шешім жұртшылық талқылауынсыз қабылданатынына қатты таңғалды.
"Мұндай зертхана бізге не үшін керек? Адамзат үшін өте қауіпті заттар қоймасы. Егер қаласа, бұл істі Америкада жүзеге асырсын. Ал біз бақылайық. Не үшін? Біз мұны сұрадық па? Әлде дәл осы сынақты Қазақстанда жүргізуге қажеттілік бар ма? Бұрын ядролық қаруды қырық жыл қатарынан сынады, ал енді осыны сынап көрмекші", - деді ол Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Олжас Сүлейменов аса қауіпті вирус штаммдарын сақтау және зерттеу жоспарына алаңдайтынын атап өтті.
"Мен біздің үкімет пен ел басшылығын халқымыздың өмірі мен ар-намысына тиетін мұндай дүниелерге мұқият қарауға шақырамын", - деп атап өтті қоғам қайраткері.
Сүлейменов бұдан кейін де биологиялық зертхана құрылысына қарсылығын білдіретінін мәлімдеді. Оның пікірінше, зертхана қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді.
"Біздің "Невада-Семей" қозғалысының халықтың өміріне қауіпті құбылыстарға күрес тәжірибесі бар. Үш онжылдық бұрын қазақстандықтар алғаш рет өз өмірін қорғады. Қорғап та қалды. Қазақстан халқы – осы жерде өмір сүріп жатқан адамдар ғой, болашаққа үмітпен қарайды...Біз жарлық шығара алмаймыз, тыйым сала алмаймыз. Бірақ біз осы акцияға қарсы шыға аламыз", - деп түйіндеді сөзін Олжас Сүлейменов.
Еске салсақ, "Ашық НҚА" порталында Жамбыл облысы аумағында қауіпті және аса қауіпті штаммдар сақталатын шетелдік биозертхана салынатыны туралы ақпарат жарияланды. BSL-4 зертханасының деңгейі – қауіптіліктің ең жоғары деңгейі.
Үкімет қаулысы жобасын қоғамдық талқылау 19 қарашада аяқталды. Сағат 18:00-дегі жағдай бойынша жобаны екі адам қолдаған, 426 адам қарсы шықты. Сонымен қатар қазақстандықтар жоба астына 762 пікір қалдырды. Олар биологиялық зертхананың құрылысына қарсы.