Олжас Сүлейменов: Қолдан келіп тұрса-дағы қалай да, Адамдарды алдағам жоқ, алайда...

Олжас Сүлейменов: Қолдан келіп тұрса-дағы қалай да, Адамдарды алдағам жоқ, алайда...

Әлемнің азаматы деңгейіне көтеріліп, арғымақ шабысты жырларымен миллиондаған оқырмандардың жүрегін жаулап, қайраткерлігімен ерекшеленген заманымыздың заңғар тұлғасы Олжас Омарұлы Сүлейменов бүгін 75 жасқа толып отыр. Сөзі де, өзі де салмақты Олжекең мерейлі туған күнін жоғарыдағыларға салмақ салмай-ақ, қарапайым жұрт ішінде, студент жастармен бірге, әдеттегідей қаламдастары мен оқырмандар арасында атап өтуді ұйғарыпты.

Аграрлық университетте
Мерейтойы қарсаңында еліміздің ру­ха­ни ордасы – Алматыға арнайы келген ақын алдымен Қазақ ұлттық аграрлық уни­­верситетінде студент жастармен кез­де­сіп, жас оқырмандардың өздері да­йын­да­ған «Айналайын, жерім менің!» атты әде­би-сазды кештің құрметті қонағы бол­ды. Біз де жастардың сахналық қойы­лы­мы­мен тұз­­дықталған әсерлі поэтикалық кешті ақын Олжастың көзіне жас ала оты­рып та­ма­­ша­лағанының куәсі болдық.
Олжас Омарұлының жыл сайын туған күні қарсаңында бірінші кезекте міндетті түрде осы оқу орнына бас сұғатын жақсы дағдысы бар. Олай болатын себебі, аталған білім ордасында бірнеше жылдан бері ақынның атымен аталатын Әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие институты жұмыс істейді. Мұнымен қатар, осы жерде студент жастар арасында «Олжас оқула­рын» өткізу дәстүрге айналып, институт жа­нындағы ғылыми орталықта Олжас шы­ғар­машылығына жан-жақты талдау жасау үр­діске еніп келеді. Сондай-ақ Аграрлық уни­верситеттің үлкен спорт кешенінде жыл са­йын волейбол спорты ардагерлері ара­сында дәстүрлі «Олжас Сүлейменов жүл­десі» са­рапқа салынады. Бұл жарыстарға Ол­же­кеңнің өзі де қатысады. Қайраткер ақын­­ның ме­рейтойының студент жас­тар­дың ара­сын­да атап өтілуіне Қазақ ұлттық аг­­рарлық уни­верситетінің ректоры, ака­де­мик Ті­лек­тес Есполов айтарлықтай жігер­лі­лік та­ны­тып, осындағы барлық мәдени-көп­шілік ша­раның ойдағыдай өтуіне ті­ке­лей мұ­рын­дық болды. Бір атап айтарлық игі шаруа – биыл университет жанындағы О. Сү­лей­ме­нов атындағы Әлеуметтік-гу­ма­нитарлық білім және тәрбие институты ғимаратына күр­делі жөндеу жасалып, ондағы бөлмелер мен мәжіліс залы за­ма­науи үлгіде жарақ­тан­дырылып, жаңаша түр­ге енген. Универ­ситеттегі әдеби кештен соң, Олжекең өз атын иемденген осы бір жа­ңарған инсти­тут­ты аралап шығып, уни­вер­ситет бас­шы­лығына ризашылығын біл­дірді. Еліміздің болашақ ауыл ша­руашы­лы­ғы ма­ман­дары оқитын уни­вер­ситет сту­дент­­те­рі­мен болған әдеби ке­ш­ке бел­гілі қа­лам­гер­лер мен «Невада-Се­мей» қоз­ғалысының бел­­ді мүшелері де қа­тысты. Мұ­нан соң ақын университеттің спорт ке­ше­нінде алыс-жақын шетелдерден келген 12 ко­ман­­­да қатысқан волейбол ар­да­гер­ле­рінің тур­­­нирінде ҚазҰАУ са­пын­да ойын көр­сетіп, өз командасын жеңіске жа­қын­датып бер­ді.
Университет ректоры Тілектес Есполов ақын құрметіне орайластырған шараларды қорытындылай келе: «Бұл университетте негізінен қарапайым ауылдан келген ұл-қыз­дар оқиды. Сырт көзге қарағанда, мұн­дағы жастар өнер мен әдебиеттен алыста жүргендей көрінуі мүмкін. Бірақ бізде де талантты жастар баршылық. Осындай ірі қайраткер тұлғаның жастардың арасына келіп, пікірлесуі оларды қанаттандырады. Олжас Омарұлы – мақтауға тұратын, әрі біз мақтана алатын қайраткер тұлға», – деп ағынан жарылды.
Ұлттық кітапханада
Университеттегі шаралардан соң, түс­тен ке­йін ақын Ұлттық кітапханаға келді. Онда ақын әрі замана ойшылы, көр­нек­ті пу­бли­цист, зерттеуші ғалым, қоғам қай­рат­кері Олжас Сүлейменовтің 75 жыл­ды­ғы­на ар­налған шығармашылық кеші мен «Олжас кітапханасы» баспа үйінің шы­ғар­ған жаңа кітаптарының тұсаукесер рә­сімі өтті. Оған дипломатиялық корпустың өкіл­­дері, белгілі жазушылар, ақындар, шы­ғарма­шылық бірлестіктердің және ұжым­дардың, ғылыми білім беру мекеме­ле­­­рінің, кітап­ха­налардың, баспалардың өкіл­­дері, мә­де­ниет және өнер қай­рат­кер­лері, ақпа­рат құ­ралдары қызметкерлері мен жалпы оқыр­мандар қатысты. «Әр сөзі­не тәңірім иіп тұрған...» атты академиялық бе­зен­дірілген осы кітап көрмесіне 200-ден астам қазақ, орыс және шетел тіліндегі кі­тап­тар қойылған. «Туған қалам – Алма­тым», «Ар­­ғымаққа мінген ақын», «Тау­лар­ды ала­сарт­­пай, даланы биіктетейік», «Елін әлемге та­­нытқан азамат», «Жер ананы ая­латқан», «Қа­ламгер – халық перзенті» атты бір­неше бөлімдерден тұрады. Көрмеде Ұлттық кітапхананың қорындағы кітаптар, соның ішінде Олжас Сүлей­меновтің 1975 жылы басылып шыққан «Аз и Я» кітабы, «Ата­мекен», «Қыш кітабы», «Арғымақтар», жеті томдық шығармалар жи­нағы, таң­да­ма­лы туындылары және басқа да көптеген кі­тап­тары ұсынылған. Сонымен бірге, жа­қында ғана ашылған «Олжас кітапханасы» бас­па үйінің ақынның ме­рей­тойына орай ба­сып шығарған жеті кі­тап­тың: «Аз и Я», «Гли­­няная книга», «Литература – это жизнь», «Беседы с Олжасом», «И в каждом слове улыбался бог...», «Но людям я не л­гал...», «Феномен Ол­жаса» кітаптарының тұ­саукесер рәсімі болды. Бір ғана Олже­кең­­нің шығар­машылығына арналған кі­тап­тар кітапхана фойесіндегі он шақты стеллажға жүк болған. Қонақтар көрмені тамашалап болған соң, кітапханадағы үл­кен залда мерейтой иесімен кездесуге жи­налды. Ол­же­кеңнің шығармашылық кеші си­па­тында өріс алған бұл кешті белгілі мә­де­­ниет­та­нушы ғалым Мұрат Әуезов жүр­гізіп отыр­ды. Кеш барысында оқырман­дар­ға ақын өмірі мен шығармашылығына бай­­ланысты арнайы дайындалған бей­не­кө­­рініс ұсы­ны­лып, ақынның қазақ тіліне жа­­ңадан ау­да­рылған жырлары оқылды. Та­ғы бір жа­ңа­лық: күні кеше ғана Әзір­бай­жан Президенті Ильхам Әлиев Олжас Сү­лей­меновке «Достық орденін» беруге ше­шім шыға­рып­ты. Осы кездесулерден соң ақын Әзір­бай­жан астанасы – Бакуге бет ал­мақ.
Олжас феномені
Олжас феномені өте күрделі. «Жақсы адамның соңынан сөз ереді» демекші, осы бір қайраткер тұлға төңірегінде пікір қайшылығын тудырған әртүрлі әңгімелер де жетерлік. Әйтсе де, Олжас Сүлейменовтің даралығына ешкімнің дау айта алмасы – анық. Қалай десек те, ол – Алаш жұртын әлемге танытқан, әлі де болса осы тарапта еңбек етіп, қажет тұста қайсарлық танытып жүрген адуынды қаламгер. Ақын шығар­ма­шы­лығына ден қойған ғалымдар оның күр­делі болмысы мен стихиялы поэтикалық талантына тәнті болып жататыны жасырын емес. «Тауды аласартпай, даланың даңқын асқақтату» кредосын ұстанған қалам ие­сінің туындыларында халқымыздың сан ғасырлық қатпарлы тарихы бедерленген. Демек, Олжекең — тамырлы мәдениетін, салт-дәстүрін жоғалтпаған ұлт ретінде қазақ халқын дүниеге паш еткен шебер суреткер. Сол себепті де ақын еңбектері елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде өзі­нің лайықты бағасын алып отыр. Бұл әри­не, алдымен ұлтымызға ұпай берері анық.
Қолдан келіп тұрса-дағы қалай да,
Адамдарды алдағам жоқ, алайда...–

деп жалған сөзді жаны сүймейтін ақын қашан да ақиқатты айтудан бас тарт­қан емес. Ғалымдар Олжас туралы тө­мен­­де­гідей тұжырымдар да жасап көр­ген: – Ол — орыс тілінде жазатын қа­­зақ ақы­ны, екі бірдей эстет-фи­лософ дүние­та­ным­дық жүйеден су­сын­даған: туған хал­қының фоль­клор­лық дәстүрінде, ру­хани-адамгершілік ұстанымдар үрді­сін­де тәрбиеленген, сондай-ақ орыс мә­де­ниетінің рухани мұрасынан тәлім ал­ған. Кейбір зерт­теу­шілер оны би­линг (қостілді) са­нап, орыс тіліндегі мәнерлі тіл айшық­тары негізінде кең-байтақ да­ла­сының та­рихын таныды деп ба­ға­лайды. Оның тілі екі бірдей жал­пы­ұлт­тық дүние­таным мен екі түр­лі кұ­ры­лым­дық тілдік жүйенің әре­кет­тесуі не­гізінде көрініс тапқан дейді. Екінші бір зерт­теушілер оны мо­но­линг санап, орыс жа­зушысы деп те атауға тырысады. Әйте­уір, ақынды танып-білу талғам тара­зы­сына түсіп отырғаны – анық. Бірақ кім қа­лай десе де, әдебиетке құбылыс бо­лып келген Олжас Олжас болып қа­ла бермек.

Олжас Сүлейменов, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері:
– Мен бүгін жастардың ортасында, қалың оқырмандарымның, қаламдас әріптестерімнің ортасына келіп, бір жасап қалдым. Маған бәрі жүрекжарды сөздерін арнап, мерейтойыммен құттықтап жатыр. Мен мұндай мадақ сөздерді ең көп еститін адаммын. Бірақ бұл жолғы сөздердің орны мен көңілге деген әсері – ерек­ше. Мен әлемнің көптеген елдерінде болдым. Қазір де көбіне сыртта жүремін. Бірақ мен үшін туған жерім – қазақ елінің орны ерекше ыстық. Биыл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өткелі отырмыз. Біз осы кезеңде бабалардан мұраға қалған қасиетті Тәуелсіздіктің туын жығып алмауды ел болып ойласуымыз керек. Сондықтан да азамат ретінде, ақын ретінде мен өз халқымның болашағы үшін, өз жерімнің ертеңі үшін қашан да ақиқатты айтудан тартынған емеспін. Иншалла, қазіргі уақытта әлем әдебиетке қайта бет бұра бастады. Қоғамдағы дағдарысқа қарамастан, ел кітаптың құндылық екенін қайта есіне түсірді. Бұл – ел рухының ояна бастағандығының белгісі.

Өмірдерек
Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері, көрнекті ақын Сүлейменов Олжас Омарұлы 1936 жылы 18 мамырда туған. ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ), Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтын бітірген. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап бірқатар басылымдарда, «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлік-редакциялық алқаның бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, ҚР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы қызметтерін атқарған. 1972 жылдан Азия мен Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі комитеттің, 1989-95 ж.ж. халықаралық «Невада – Семей» қозғалысының төрағасы болды. 1995 жылдан Қазақстанның – Венгриядағы, кейін Италиядағы төтенше және өкілетті елшісі. Қазіргі уақытта Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Арғымақтар» деген атпен 1961 жылы жарық көрген.Олжекеңнің үлкен ақын ретінде резонанс тудырған көлемді шығармасы – «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы. Осы туындысы үшін оған 1961 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілген. Ақынның шығармалары мен ғылыми еңбектері бірнеше әлем тілдеріне аударылған. Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім және тәрбие институты жұмыс істейді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста