Өлімге әкеледі: Қазақстандық мамандар дәрілік спиртті тұтынушылардың көбейгенін айтып, дабыл қақты
Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығында алкоголизм және нашақорлық дертіне шалдыққан науқастар ем қабылдайды. Емнің ұзақтығы бір айдан алты айға дейін созылуы мүмкін. Сот үкіміне сәйкес "Мәжбүрлі емдеу" бөлімі де жұмыс жасайды. Соңғы уақытта емдеу мекемесінің қызметіне жүгінушілер қатары артқан. Шағымданушылардың басым көпшілігі техникалық спиртті тұтынып, денсаулығына зиян келтіргендер болып отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығының қабылдау бөлімі 24 сағат үзіліссіз жұмыс жасайды. Мұндағы мамандар медициналық көмекті кезекті рет қажет етіп келген науқастарды жақсы таниды. Ұзақ емнен кейін зиянды әдетіне қайта оралған азаматтарды оңалтудан өткізу де оңай емес. Бұл ретте ем алушының ниеті мен жігері негізгі рөл атқарады дейді дәрігерлер.
"Маскүнемділікке салынып кеткен адамды қоғамға қайта бейімдеу өте қиын. Медикаментозды емнен кейін, психолог және психотерапевт мамандары жұмыс істейді. Әрине, орталықта жатып, дертінен жазылып кететіндер көп. Сондай-ақ, мамандар еңбегін еш кетіретін науқастар да жоқ емес", - дейді Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Аман Тұрсынов.
Салқын түскен бойда орталықтың жұмысы қызып, ем алушылар саны да артады екен. Жаз мезгілінде қабылдау бөліміне күнделікті 5-7 адам жүгінсе, қазір олардың саны тәулігіне 15-20 науқасқа жеткен. Оның үстіне соңғы уақытта өңірде дәріханалық спирттің де саудасы қызған. Қымбат шөлмекті қалтасы көтермейтіндер арзан өнімді алып, суға араластырып ішуді әдетке айналдырған. Бұл әрекеттің соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін.
"Техникалық спирт ішуге арналмаған, денсаулыққа өте зиян. Асқазан жұмысын бұзып, миға кері әсерін тигізеді. Маскүнемдердің көбісі - тұрақты үй-жайлары жоқ адамдар екені белгілі. Олардың дүкендегі ішімдікті сатып алуға шамалары келмейді. Сондықтан құны 200-300 теңгеден аспайтын дәріханалық спиртке жүгінеді. Соның салдарынан уланып, өте ауыр жағдайда орталыққа келеді", - дейді Аман Бөкенбайұлы.
Облыстағы дәріхана қызметкерлері де техникалық спиртке сұраныстың жоғары екенін жасырмайды. Ел қатарлы тұрғындарға қарағанда тұрақты мекен-жайы жоқ азаматтар жиі сатып алады екен. Фармацевтер "клиенттің" сұраған тауарын бермей жіберуге құқықтары жоқ екенін айтады.
"Енді сырт келбетіне қарап, жағдайын аңғаруға болады ғой. Қаңғыбастардың спиртті емдік мақсатта пайдаланбайтыны белгілі. Бірақ біз сұраған затын бермей жібере алмаймыз. Кей кезде бір адамға шөлмектің санын азайтып сататынымыз рас. Техникалық спирттің қауіпті екенін де жиі ескертеміз", - дейді Айжан есімді Қызылорда қаласындағы дәріхана маманының бірі.
Әзірге техникалық спиртке қатты уланып, көз жұмған науқас тіркелмеген. Мамандар қайғылы жағдайдың алдын-алу үшін үгіт - насихат жұмыстарын жүргізуге кірісіп кеткен.