Естеріңізге салсақ, 2003 жылы 17 желтоқсанда ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий жариялау туралы» Жарлығы шыққан болатын. Осыған дейін елімізде 536 адамға өлім жазасы қолданылған. Жарлыққа орай, 2004 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда өлім жазасы тоқтатылды. Алайда, соңғы жылдарда адамилық қағидаларға жат педофилдік, адамды өлтіріп, мүшелеу, лаңкестік сияқты аса ауыр қылмыстардың артуы, өлім жазасын қайта енгізу туралы ұсыныстың жиі көтерілуіне мұрындық болып отыр.
«Алаш айнасы» аталған тақырыпты тарқатып көрген еді.
Алдымен өлім жазасының өткеніне көз жіберсек, Кеңес Үкіметі тұсында Қазақстанда 59 қылмысқа қатысты өлім жазасы қолданылса, Егеменді ел болған соң бұл көрсеткіш 50-ге қысқарған. Елімізде жасалған реформалардан кейін бұл сан 18-ге дейін азайды. 2004 жылдан бастап өлім жазасы өмірлік бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылды.
Өлім жазасынан бас тарту ХІХ ғасырдың соңынан бастау алған деседі. Ресей патшайымдары Елизавета мен ІІ Екатерина бастамашы болған көрінеді. ХХ ғасырдың басында орыс елінде өлім жазасы бірде қоданылып, енді бірде алып тасталынып отырған.
Өткен жүзжылдықтың екінші жартысында әлемде өркениет қарыштап өсті. Өлім жазасынан бас тартуға бағытталған халықаралық іс-шаралар қолға алынды. Адам құқықтары мен бостандығын қорғау туралы конвенцияға қосымша Еуропа Кеңесі 1983 жылғы 28 сәуірде өлім жазасын жою туралы №6 хаттама қабылдады. БҰҰ 1989 жылы 15 желтоқсанда өлім жазасын жою туралы екінші қосымша хаттама қабылдап, әлем елдерін сол хаттамаға қосылуға шақырды. Осы шаралардан кейін әлемнің 80-нен астам мемлекеті өлім жазасынан бас тартты.
Алайда, Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Пәкістан, АҚШ (17 штатында мораторий жарияланған) сынды бірқатар елдер мен Еуропада жалғыз Белоруссия өлім жазасын қалдырды.
Қосымша дерек
Би-би-си телерадиокорпорациясының мәліметіне қарағанда, 17-ші болып өлім жазасына мораторий жариялаған АҚШ-тың Коннектикут штатының 62 пайыз халқы бұл шешімге наразы болған көрінеді. Аталмыш штатта соңғы 51 жылда бір адамға ғана өлім жазасы қолданылған екен.
Біздің елде де қылмыстың кей түріне қатысты өлім жазасын қайта енгізу туралы бастама көтеріліп отыр. Мәжілістің алқа отырысында ҚР қылмыстық кодексінің жаңа редакциясының жобасын талқылау барысында халық қалаулысы лаңкестік қылмыс жасағандарға өлім жазасын қолдануды ұсынды.
Владислав КОСАРЕВ, Мәжліс депутаты;
– Лаңкестік әрекетке қатысты жаза қолдану 253 бапта қарастырылған. Онда, лаңкестік әрекетке барған адамға 4 жылдан 10 жылға дейін жаза мерзімі көрсетілген. Ал, егер лаңкестік әрекет қару қолдану арқылы, топтасып жасалса, онда 12 жылға дейін, ал қылмысы ауыр деп танылса, 15 жылға бас бостандығынан айыру қарастырылған. Лаңкестік әрекет үшін төрт жыл деген не ол?! Лаңкестің мақсаты – адам өлтіру, мемлекеттің ішінде ірткі тудыру. Егер ол лаңкес болса, басқаларды өлтірмек болса, онда ол өмір сүруге лайық емес. Сондықтан лаңкестерге қатысты бір ғана жаза – ату жазасы қолданылуы тиіс.
Қазақстанда лаңкестік әрекеттер жасап, сол арқылы мемлекеттің даму бағытын өзгерткісі келетіндер бар. Сондықтан лаңкестік қылмысқа қатысты өлім жазасын енгізу қажет.
Алайда, өлім жазасы қылмыстың жолын кесе алмайды деушілер де бар. Олардың айтуынша, өзім жазасын қолданатын елдерде қылмыс көрсеткіші азайған емес.
Сәуле МЕКТЕПБАЕВА, «Халықаралық түрме реформасының» Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры:
– Адам қандай қылмыс жасамасын, оған қатысты өлім жазасын қолдануға қарсымын. Адам құқығын қорғаумен айналысатын барлық ұйымдар осындай ұстанымда. Өлім жазасы жиі қолданылатын елдерде адамгершілік ұстанымдары жойыла бастайды. Сондықтан өлім жазасын біржолата алып тастауды қолдаймын. Бұл өркениетті елдер қатарына қосылуға жасалған қадам болып табылады. Өйткені, өлім жазасын алып тастау – Еуропалық кеңеске енудің басты критерийі. Бүгінгі таңда, әлем бойынша мемлекеттердің адам құқығының қорғалуы жөніндегі рейтингі жасалып отырады. Онда да ең алдымен өлім жазасының бар-жоқтығы ескеріледі. Әлемдік зерттеу орталықтары өлім жазасының қылмыстың азаюына ықпал ете алмайтынын ғылыми-статистикалық тұрғадан дәлелдеп отыр.
Қоданылатын өлім жазасының түрлері:
– Ату
– Дарға асу
– Электр орындығында жазаға тарту
– Газбен уландыру
– Басын шабу (Араб елдерінде)
– Инекция жасау (соңғы кезде Қытайда жиі қолданады)
– Таспен ұрып өлтіру (Иранда)
Дерек пен дәйек
Мораторий жарияланған дейін Қазақстанда өлім жазасы (ату) тек айрықша ауыр қылмыстар (лаңкестік, геноцид, айуандықпен кісі өлтіру, т.б.) үшін тағайындалды. 18-ге толмаған жасөспірімге, әйел адамға, сот үкімі шыққанға дейін 65 жасқа толған ер адамға қолданылмады. Рақымшылық жасалған жағдайда өлім жазасы өмір бойына немесе 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру қарастырылды.