Неге «мәмілегер» демеске?!
Тамыздың 5-інен қазақстандық сот жүйесінде дауларды шешудің қосымша әдісі саналатын жаңа институт – медиация күшіне енді. Әлбетте, жаңа дегеннің өзі қазаққа жат емес екендігі, керісінше, бүгінгі сот жүйесі ықылымдағы Ұлы дала билерінің дау шешу тетігіне айналған мәмілегерлікпен толығатыны бұған дейін де айтылған. Әйтсе де осы қазаққа қайта түлеп жеткен медиация туралы не білеміз? Оның жұртқа жасайтын жақсылығы қаншалықты? Осы жайында – аз-маз әңгіме.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Бүгінгі күні еліміздегі заңға қайшы әрекеттердің басым бөлігі, қылмыс деп танылып, іс сотта қаралып, соңы айыптыны абақтыға жабумен тынып жатқаны жасырын емес. Соның салдарынан аяғын шалыс басқаны, абайсызда кінә арқалағандар қылмыскермен қатар сотты болып жатыр. Ондай шалыс басу да, қызуқандылықпен қылмыс жасау да, албырттықпен абайсыздыққа бару да ең алдымен жастарға тән құбылыс болатыны тағы белгілі. Ендеше, аса ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстардың көпшілігін сотқа жеткізбей-ақ айыпталушы мен жәбірленуші жақтың ортақ мәмілесімен шешудің маңызы зор болмақ. Екіншіден, өзара дауласқан тарапты үшінші жақтың келісімге шақыруымен сотқа жетпей татуластыру – қазіргі қылмыстық үдерістер барысында да бұрыннан қолданылатыны белгілі. Әйтсе де бұл қылмыстық заңнамаға сәйкес, тек жекелеген тараптардың өз еріктерімен осы істі мәмілемен жүзеге асыруға ниет білдірген жағдайында ғана қолданылатыны бар. Яғни қазіргі заң бойынша да белгілі бір жағдайда жанжалшыл тараптардың медиатр жүйесін қолдануына болады. Ал ондай жағдайда сот әлгі мәмілегерлік үдерісінің қаншалықты заңды іске асырылғандығын бақылайды. Үшіншіден, өркениетті жұрт тараптар құқын қорғауды жоғарыға қойып, дау бітімін алдымен олардың өз арасына ұсынады. Мұндай тәжірибеден тек жағымды сипаттағы көрсеткіштер өрнектеледі. Мәселен, Малайзияда бітімгершілік арқылы сотқа жетпей тынатын істер саны 90 пайызды құрайды екен. Тек 10 пайыз іс қана сот төрелігіне жығылады. Ал Англияның сот жүйесінде медиация арқылы 50 пайыз іс шешімін тауып жатыр. Осынау әділ жүйенің отаны саналатын Қазақстанда әзірше бәрі керісінше, 90 пайыз іс бір ғана сот үкімін күтеді. Бітімгершіліктің үлесі — 10-ақ пайыз. Сондықтан мамандар заң күшіне енгеннен бастап жеңілдіктерге жол ашылатынын, оның ішінде жеңілдік сотқа ғана емес, ең алдымен, оған жүгінетіндер үшін болатынын алға тартады.
Сөйтіп, дауласқанды сөзге тоқтатып, татуластыратын, бітімге келтіру арқылы шығынның орнын толтыратын қазақтың дала демократиясындағы билердің мәмілегерлік институты өркениеттік үлгі ретінде қайта оралып жатыр. Расында, қазақ халқының өзіне тән бітімгерлігі, мәміле жасасу үлгісі – әлем жүйесінде қазылық жасаудың ең озық өнегесі саналады. Ендігі күні жер дауы мен жесір дауы, құн өндіру секілді бітіспестің бітімін кесіп айтатын, толғақты дүниені тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып тарқататын бабамыздың билік жасау өнері, дау шешудің озық жүйесі «медиация» деген бөтен атаумен енгелі тұр. Латыннан аударғанда делдалдық ету, ымыраласу, келісу, тараптарды өзара келістіру немесе мәмілегерлік пен бітімгерлік жасау деген ұғымды беретін атаудың қазақша баламасыз қалғаны әрине, өкінішті жайттың бірі болып отыр. Заңды Парламент қабырғасында талқылау барысында «медиацияны» «мәмілегерлікке» алмастыру туралы орынды ұсыныстар болғанымен, оның бәрі құжат бетінен көрініс таппай бүктемеде қалды. «Мәмілегерліктің» бұлайша бүктемеде қалуы да дәйексіз көрінеді, бізге. Бұл ретте заң жобасын әзірлеушілер ең алдымен халықаралық заңнамада латын сөзінің сол қалпы берілетінін, сондықтан бөтен сөзді бұзуға болмайтынын айтып, мәмілеге келмей қойғаны есте. Расында да, көптеген терминдер халықаралық құжаттарда аудармасыз қолданылады. Әйтсе де ұлттық заңнамадағы мұндай дүние халықаралық терминдерді еш аударуға болмайды дегенді білдірмесе керек еді. Сондықтан да қалыптасқан қандай да терминді төл тілдің қолайына қарай қотарудан еш ұтылмасымыз да анық. Қайта, бұл жұртшылық арасында кең түсінілікті қалыптастырып, оны тіпті насихаттауға да оңай жол ашатыны белгілі еді. Оның үстіне медиация мен мәмілегерлікті қатар қолданғанда қайсысы қолайға жақ екенін қазақ бірден ажырататынына күмән жоқ. Осы мәселелер жіті ескерілмегендіктен болар, заң солай бекіді, күшіне шетелдік атаумен енді. Дегенмен заңда солай жазылса да былайғы қалың жұрттың «медиацияны» емес, «мәмілені» көп қолданатынына сенім бар.