Назарбаевқа қатысты қандай кепілдіктер сақталады: Әділет министрі жауап берді
Еліміздің Әділет министрі Азамат Есқараев парламент кулуарында тұңғыш президент туралы заң күшін жойғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты қандай артықшылықтар сақталатынын айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Азамат Есқараев журналистердің сауалына жауап беру кезінде бұрынғы президентке қатысты, оның ішінде жеке басына, ар-ожданына қол сұғылмаушылық және тұңғыш президент мәртебесі сақталатынын айтты.
"Экс-президент үшін барлық кепілдік сақталады. Бұл оның өзіне ғана қатысты, отбасы мүшелеріне қатысты емес. Кепілдіктерге қол сұғылмайды. Бұл (ред. – қол сұғу) заңмен қудаланады", - дейді ол.
Есқараевтың айтуынша, тұңғыш президент туралы күшін жойғалы отырған заңда Назарбаевтың отбасы мүшелерінің мүлкі мен банк шоттарына да тиісті кепілдіктер көзделген.
"Бұл кепілдіктер заң қабылданса күшін жояды", - деп мәлімдеді ол.
Ал журналистердің "заң күшіне енсе, Нұрсұлтан Назарбаев туыстарының шоттарын бұғаттай беруге бола ма?" деген сұрағына Әділет министрі қысқаша:
"Өздеріңіз тиісті ой түйе беріңіздер", - деп жауап берді.
Сонымен бірге министр қолданыстағы "ҚР президенті туралы" Конституциялық заңда бұрынғы президенттің отбасы мүшелеріне қатысты қылмыстық іс қозғамауға қатысты, одан бөлек олардың мүлкіне қатысты да кепілдіктер қарастырылмағанын айтып өтті.
Айта кету керек, ол, сондай-ақ, билік Назарбаев байлығының тізімін жасамағанын жеткізді.
"Заңсыз рәсімделген мүлікті мемлекеттің меншігіне қайтару мүмкін бе?" деген сауалға министр:
"Егер құқық қорғау органдары бұл мәселені қарастырып, солай деп шешім қабылдаса, онда заңды шаралар қабылдануы тиіс", - деп жауап берді.