Назар аударыңыз – балалар!
Жол полициясы өкілдерінің жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өткізген іс-шаралары өзінің оң нәтижесін көрсетіп келеді. Мәселен, Алматы облысы аумағында балалармен болған жол-көлік оқиғаларының алдын алу іс-шараларының нәтижесінде жол-көлік оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 11,7 пайызға азайған.
Сондай-ақ қайтыс болғандар саны – 39,3, жарақат алғандар 15,7 пайызға азайған. Жалпы, 2010 жылдың сегіз айы ішінде Алматы облысының аумағында 144 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 17 бала қайтыс болған. Және 145 бала жарақат алған. Ал өткен жылы жалпы 163 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 28 бала қайтыс болып, 172 бала жарақат алған еді. Деректерге сүйенсек, облыс жолдарындағы әрбір алтыншы апат балалардың қатысуымен орын алса, тіркелген әрбір екінші жол-көлік оқиғасы ең жас жаяу жүргіншілердің кінәсінен болады екен. Мұндай жол-көлік оқиғаларының салдарынан төрт бала қайтыс болып, 36 бала жарақат алған.
Осы орайда жаңа оқу жылының қарсаңында балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Алматы облысы Жол полициясы басқармасы 31 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында «Назар аударыңыз – балалар!» жедел алдын алу іс-шараларын өткізуде. Аталмыш іс-шараның шеңберінде ЖПБ-ның қызметкерлері балаларға жолда жүру ережелерін еске салу мақсатында балабақшалар мен мектептерге барып, лекция оқып, балалардың тас жолдан өтуін, тас жол бойында ойнамауын, ал жүргізушілердің мектептердің жанынан өткенде жылдамдықты асырмауын қадағалау үшін аталмыш мекемелер жанында өз қызметтерін атқаруда.
Жол полициясы қызметкерлері жүргізушілерден мектеп пен балабақша маңындағы жолдарда жол жүру ережелерін қатаң сақтауды, жылдамдықты асырмауды және ата-аналардан жас балаларды қараусыз қалдырмауды өтінеді.